Вернуться к списку статей

Қазақстан 1,5 жылдан кейін жеңіске жетті

Футбол
3K
Футболдан 2026 жылғы әлем чемпионатына іріктеу турнирі басталды. Қазақстан J тобында ойнап жатыр. Ұлттық құрама алғашқы екі матчын сырт алаңда өткізді.
 
Ұлттық құраманы жаңа циклге Әли Әлиев бастап барды. Ол қаңтар айының соңында Станислав Черчесовтің орнына бас бапкердің міндетін атқарушы болып тағайындалған.
 
Ұлттық құрама наурыз айында екі матч өткізді. Алдымен Уэльске қонаққа барып, жеңілді. Одан кейін Швейцарияның қасында орналасқан Лихтенштейнмен кездесті. Ойынды Вадуц қаласындағы «Райнпарк» стадион қабылдады.

Бірінші кезеңде Әли Әлиев шәкірттері гол соға алмай біраз қиналды. Дегенмен үзіліске жақындаған тұста ұлттық құрама көшбасшылары тізгінді қолға алып, 3 минуттың ішінде екі гол кіргізді.
 
Алдымен 42-минутта Марат Быстровтың берген пасын шабуылшы Максим Самородов голға айналдыра білдірді. Арада үш минут өткенде Самородовтың өзі нәтижелі пас берді. Оны  қорғаушы Александр Марочкин мүлт жіберген жоқ.  Ардагер футболшы Златан Ибагимовичтің стилінде салды.
 
Үзілістен кейін бас бапкер бес ойыншыны ауыстырды. Бірақ одан ештеңе өзгерген жоқ. Қорытынды есеп - 0:2 Қазақстанның пайдасына шешілді.
 
Айтпақшы, Қазақстан әлем чемпионатына іріктеу турнирінде сәтсіздік сериясын аяқтады. Өйткені жерлестеріміз 12 жыл бойы жеңіске жете алмай келген еді. Соңғы рет ел құрамасы 2013 жылдың қыркүйек айында Фарер аралдарын (2:1) жеңген болатын. Содан бері ұлттық команда 22 матч өткізіп, 7 ойында тең түсіп, 15 кездесуде жеңіліс тапты.
 
 Бас бапкердің міндетін атқарушы Әли Әлиев бұл жеңістің маңыздылығын атап өтіп, команданың қысымды еңсеріп, дайындалған тактикалық жоспарларды сәтті жүзеге асырғанын айтты.
 
Бастапқыда аздаған қобалжу болғанына қарамастан, қазақстандық футболшылар қарсыластың жабық ойынына тез бейімделіп, стандартты жағдайларды тиімді пайдаланды. Максим Самородов пен Александр Марочкин соққан голдар командаға үш ұпай әкелді. Әлиев алдағы қарсыластардың деңгейі жоғары болатынын және күрделі матчтарға дайындалу қажеттігін баса айтты.
 

 «Баршаңызға қолдауларыңыз үшін алғыс айтамын. Бізді жан-жақтан демеді. Оның арасында жанкүйерлер, БАҚ, федерация бар. Әсіресе, ойыншыларға қысым жасамай, байсалды ұстаным танытқан журналистерге ерекше ризашылығымды білдіремін. Бұл – ортақ жеңіс. Қарсыластың кім екені маңызды емес, ең бастысы – біз Еуропа аренасында жеңіске жеттік. Ойын алдында Лихтенштейнді жақсы зерттедік, олардың қорғанысқа көңіл бөліп, алаңда бізге басымдық беретінін түсіндік. Сондықтан бұл мүмкіндікті пайдалануымыз керек болды. Қарсыласты бағаламау қаупі болған, сондықтан ойынның басы сәл қобалжулы өтті. Біздің ойыншылар мұндай жағдайларға жиі тап бола бермейді – қарсылас толық қорғанысқа шегінген соң, абдырап қалдық. Абырой болғанда, бірінші таймда екі гол соғып, стандарттардан мүмкіндіктерімізді жүзеге асырдық. Алда ауыр жол күтіп тұр. Жігіттер мұндай матчтардың сирек болатынын түсінуі керек. Енді мүлде басқа деңгейдегі қарсыластарға дайындалу қажет», – деді Әли Әлиев.

 Ал Лихтенштейн құрамасының бас бапкері Конрад Фюнфштюктен командасында бар-жоғы 4 ғана кәсіпқой футболшы бар деп айтты.
 

«Біздің құрамда Швейцарияда ойнайтын төрт кәсіби футболшы бар. Қалғандарының бәрі – футболды жан тәнімен сүйетін әуесқой ойыншылар. Олардың басқа негізгі жұмыстары бар. Бүгін біз 114 шақырым жүгірдік, ал Қазақстан құрамасы  – 107 шақырым. Демек, әуесқойлар Қазақстанның кәсіби ойыншыларынан көбірек жүгірді. Осы кәсіби футболшылар – біздің құраманың негізгі тірек ойыншылары. Бізде кәсіби ойыншылардың болғанына өте қуаныштымыз»– деді Фюнфштюк матчтан кейін.

Яндекс.Метрика