Вернуться к списку статей

Уэльс пен Қазақстан арасындағы матч несімен есте қалды?

Футбол
4K
Футболдан 2026 жылғы әлем чемпионатына іріктеу турнирі аясында Қазақстан құрамасы Уэльспен кездесіп, 1:3 есебімен жеңіліп қалды.
 
Бұл – Қазақстанның топтық кезеңдегі алғашқы ойыны. Матч Уэльс астанасы Кардифф қаласында өтті.
Бірінші таймның 9-минутында Серікжан Мұжықов пен Асхат Тағыбергеннің қорғаныстағы қателігін қарсылас тиімді пайдаланды. Алаң иелері сапынан Дэниэл Джеймс есеп ашты.
Дегенмен Қазақстан құрамасы үзіліске дейін таразы басын теңестіріп үлгерді. Ислам Чесноковтың тепкен добы Уэльс қорғаушысының қолына тиіп, төреші бірден 11 метрлік нүктені нұсқады. Пенальтиді Асхат Тағыберген орындады. Қақпашы доптың ұшу бағытын дәл тапқанымен, жойқын соққыны қайтара алған жоқ. Жалпы алғандаҚазақстан құрамасы өз тарихында 20-пенальти тепті. Оның 17-сін қақпаға дарытқан. Асхат Тағыберген ұлттық құрамадағы екінші пенальтиін сәтті орындап отыр. Біреуін 2023 жылы Сан-Марино қақпасына салған.
 
Айтпақшы, бірінші таймда Максим Самородов ұқыпсыздығы алаңнан қуылуға себепкер бола жаздады. Абырой болғанда, литвалық төреші сары қағазбен шектелді.
Екінші кезең басталысымен өкінішке қарай, қарсылас тағы алға шықты. Бұрыштама добы кезіндегі Қазақстан қақпашысы Александр Заруцкий мен қорғаушылардың сәтсіздігін Уэльс капитаны, ағылшындық «Тоттенхэм» ойыншысы Бен Дэвис пайдаланып кетті – 2:1.

Бәсекенің 62-минутында Серікжан Мұжықовты Георгий Жуков алмастырғанымен, одан өзгеріс бола қоймады. Керісінше алаң иелерінің шабуылы күшейіп, А.Заруцкий екі мәрте өз қақпасын аман алып қалды.

Есесіне 90-минутта ойын соңына таман алаңға шыққан Рабби Матондо есепті 3:1-ге жеткізді. Бұл жерде тағы Асхат Тағыберген қателік жіберді.
Осылайша, Қазақстан ұлттық құрамасы қатарынан ресми тоғыз матчта қарсыластарын жеңе алмай келеді.

Позитив ретінде айтайық, Қазақстан құрамасы 7 ойыннан кейін ресми ойында гол соқты.

Бұл ойында қақпашы Александр Заруцкий, 16 жастағы Дастан Сәтпаев ресми матчтағы дебютін жасады. еоргий Жуков араға 4 жыл салып, қайта Қазақстан құрамасына оралды. Ол бұған дейін 2021 жылы 12 қазанда Финляндияға қарсы 58 минут доп теуіп еді.

Серікжан Мұжықов та 4 жылдық үзілістен кейін, негізгі құрамға оралды. Ол бұған дейін 2021 жылы 31 наурызда Украинаға қарсы алаңға шыққан еді.
Журналист Есей Жеңісұлының жазуынша, Қазақстан УЕФА-ның құрамындағы елдерден әзірге Италия, Испания, Израиль, Лихтенштейн, Гибралтар, Швейцария және Косовомен ғана кездеспеген. Енді 25 наурызда бұл көрсеткіш тағы біреуге азаяды. Ал Уэльс - УЕФА мүшелері арасында Қазақстанмен кездескен 47-құрама
 
Матчтан кейін Қазақстан құрамасының бас бапкерінің міндетін атқарушы Әли Әлиев ойын туралы пікір білдірді.
 
 «Уэльс бапкері Крейг Беллами допты ойынға жылдам қосуды үйретіп тастаған. Олар Черногориямен ойнағанда да қарқындарын жақсы арттырған. Сол кезде байқағанбыз. Мұның бәрін есте сақтап, барынша ұқыпты болу керек. Әр эпизодтан кейін өз позицияңа жылдам оралу маңызды. Сондықтан ойыншы әрдайым сақ болуы қажет. Тағы бір айта кетерлігі, бүгін жеңілгеніңмен, ертең қайта ойнағанда басым түсуге болады. Өйткені футбол бұл Бұл жоғалтқан ақшаңды қайтара алмайтын бизнес емес. Келесі ойында жеңіске жету қажет, сонда моральдық және эмоционалдық жағдайды қалпына келтіруге болады», – дейді Әли Әлиев.
 
Журналистердің бірі команда капитаны Асхат Тағыбергеннің жағдайын сұрады. Өйткені, Заруцкий қақпасына кірген үш голдың екеуіне капитанның тікелей қатысы бар. Оның үстіне, соңғы бірер апта бойы ақпараттық кеңістікте жұрт Тағыбергеннің «Ордабасыда» алатын жалақысын (20 млн теңге) талқылап жатыр.
«Асхатты психологиялық тұрғыда мұқият қадағаладым. Ол жолдастық кездесулерде жақсы өнер көрсетті және «Кюрасамен» болған матчта гол соқты. Шабуылға өте жақсы қосылып отырды. Асхат – психологиялық тұрғыда тұрақты. Ол – капитан. Уэльс, Бельгия сияқты топтағы үздік құрамалармен ойындарда тәжірибесі қажет болады. Мысалы, шартты түрде Мәди Хасейнді қойсаң, бұл – тәуекел болар еді. Бірінші голдағы қателігі – бұл әрине техникалық жағдай. Сондықтан психологиялық тұрақсыздықпен байланыстырудың қажеті жоқ», - деді Әли Әлиев.
Оның айтуынша, 50 мың жанкүйер келіп, сүйікті командаңдасына қолдау көрсетіп жатқанда кез келген футболшыға ойнау оңай емес. Мұндай сәтте командаға тәжірибелі ойыншылар көбірек қажет. 
«Пенальти тепкен кезінде оны құдай қолдады. Капитан ретінде жауапкершілікті өз мойынына алды. Егер Асхат теппесе, тағы әңгіме болар еді. Ол психологиялық тұрғыдан дайын болмады дегенмен келіспеймін», – деді Қазақстан құрамасының бас бапкері.
 
Еске салайық, Қазақстан құрамасы 2026 жылғы әлем чемпионатының іріктеу турниріндегі екінші матчын наурыздың 25-інен 26  қараған түні Вадуцта Лихтенштейнмен өткізеді.
Яндекс.Метрика