Вернуться к списку статей

QPL: көшбасшылар ұпай жоғалтқан күн

Футбол
12K
Қазақстан премьер-лигасының 9-турында фавориттер тағы ұпай жоғалтты. Турнир кестесінде әзірге қара үзіп кеткен ешкім жоқ.
 
«Атырау» (Атырау) – «Астана» (Астана) – 1:0
Гол: Сигневич, 28 (1:0).

Григорий Бабаян отставка туралы әлі ойланған емес. Бірақ командасы бұл маусымда да ештеңе бітіріп жүрген жоқ. Клуб басшылары жеңілісті көп жағдайда төрешілерден көріп жатады. Алайда Бабаянның бапкер ретінде команданың ойын өрнегін қалыптастыра алмағаны өкінішті. Бұл жолы олар сырт алаңда «Атыраудан» жеңілді.
Бір қызығы, соңғы кездері «Атырауға» барған командалардың ешқайсысы гол соға алмай жүр. Бұған дейін Қазақстан кубогында SD Family, «Қайрат», чемпионатта «Қызылжар» мен «Астана» мұнайлы өлкеден бос кетті.
Бұл жолғы матчта бірінші таймда бұрыштамадан көтерілген допқа Николай Сигневич бірінші жетіп, баспен гол соқты. Қалған уақытта «Астана» 14 соққы бағыттағанымен, бірде-бірі қақпаға дәл бармады. Қорытынды есеп – 1:0.

«Ақтөбе» (Ақтөбе) – «Ордабасы» (Шымкент) – 0:0

Осы турдың орталық матчы болатын. Ойынға дейін билеттердің бәрі жылдам өтіп кетті. Жанкүйерлер қызықты ойын күтті. Бірақ көрерменнің сенімі ақталмады. матчта бірде-бір гол соғылмады.

Алаң иелері 90 минут ойын тізгінін өз қолдарында ұстағанымен, дәлдік пен шабуылды түйіндейтін футболшы жетіспеді. Осылайша, «Ақтөбе» өз алаңында «Ордабасы», «Астана», «Атырау» командаларымен ұпай бөлісуге мәжбүр болды.
 
«Қайсар» (Қызылорда) «Жеңіс» (Астана) – 1:0
 
Гол: Юденков, 22 (1:0).

«Қайсар» есін жинай бастады. Бұған дейін өз алаңында Алматының «Қайрат» клубын жеңді. Сосын сырт алаңда «Шахтер» және «Астанамен» тең түсті. Бұл жолы тағы бір елорда клубы «Жеңістен» үш ұпай алды.

Ал «Жеңіс» басшылығы осы матчтан кейін бас бапкер грузиялық маман Леван Коргалидзені қызметінен кетірді.
 
Алаң иелері қорғанысқа мән беріп, 22-минутта ұйымдастырған бірінші шабуылында-ақ есеп ашты. Бұл 37 жастағы Руслан Юденковтың премьер-лигадағы екінші голы. Қонақтар қалған уақытта жеңілмеудің амалын жасағанымен, еш нәтиже өнбеді. «Қайсар» үшін 90 минутта жасаған бір дәл соққы жеңіске жеткілікті болды.


«Шахтер» (Қарағанды) – «Тобыл» (Қостанай) – 1:0
 
Гол: Каньяс, 37 (1:0).
 
Қарағандының «Шахтер» клубы осы маусымдағы екінші жеңісіне қол жеткізді. Андрей Финонченко шәкірттері тек мықтылардан үш ұпай алатын болған. Бұған дейін «Астананың» осал тұсын тапқан. Бұл жолы «Тобылды» тобықтан шалды. Жеңіс голын колумбиялық Рохер Каньяс соқты.
 
Ал қостанайлықтар ұтымды сәттерін қолдана алмай, екінші мәрте қатарынан жеңіліске ұшырады. Турнирдің төменгі бөлігінде жан сақтау үшін талас қыза түсті.
 
«Жетісу» (Талдықорған) – «Қызылжар» (Петропавл) –  0:0
 
Пенальти сала алмады: Березкин. 84.
 
Алаңнан қуылды: Брага 75. Мосиашвили, 82.
 
Қайрат Нұрдәулетов қазіргі қазақ футболындағы «Хаби Алонсо» болып тұр. Алаңға қазақ футболшыларын шығарып, ойнатып жүрген бірде-бір маман да осы Нұрдәулетов. Командасы да тәп-тәуір нәтиже көрсетіп жүр. Осындай бюджет, құраммен «Жетісудың» алғашқы аяқ алыстары жаман емес.
 
Ал «Қызылжар» керсінше білгендерінен жаңыла бастады. Команданың жеңістің не екенін ұмытқандарына біраз болды. Команда 3 ұпай алу үшін қолдан келгеннің барлығын істеді деуге болады. Алаң иелері сапынан 2 футболшы қуылды, 14 соққы жұмсалды, тіпті пенальти белгіленді. Бірақ  бесінші ойын қатарынан қарсыласқа гол соға алмады. Матчтың үздік футболшысы ретінде осы маусымда 4 мәрте қақпасын аман сақтаған Арсен Сиукаев танылды.
 
«Елімай» (Семей) –  «Қайрат» (Алматы) – 1:1
 
Голдар: Жоао Пауло, 55 (0:1). Перцух, 90+6 (1:1).
 
Көзіқарақты жанкүйер жақсы біледі, 90-жылдардың ортасында «Елімай» мен «Қайраттың» матчтары тартысты өтетін. Бұл жолы да Семейдегі кездесуге жанкүйерлер көп жиналды. Стадионда бос орын болмады.
 
Қонақтар бірінші таймда қорғанысқа көбірек бөлсе, екінші кезеңде шабуылға жиі бастады. Онысы көп күттірген жоқ. Бразилиялық Жоао Пауло 55-минутта есеп ашты.
 
Қалған уақытта алаң иелері соңғы минутқа дейін үміттерін үзбей қарсылас қақпасын аңдумен болды. Сол сенім өз нәтижесін берді. Төреші қосқан қосымша 96-минутта Юрий Перцухтың айып алаңы сыртынан тепкен добына «Қайраттың» жас қақпашысы үлгермеді. Есеп – 1:1.
 
Енді премьер-лиганың келесі 10-туры 1-2 маусым күндері өтеді.
 
Турнир кестесі
Команда О Ж Т Ж Д-а Ұпай
1 «Ақтөбе» 8 4 3 1 14-6 15
2 «Елімай» 8 4 3 1 10-8 15
3 «Қайрат» 8 4 2 2 9-7 15
4 «Жетісу» 8 4 1 2 7-6 14
5 «Ордабасы» 8 3 3 1 11-5 13
6 «Тобыл» 8 3 3 1 10-7 12
7 «Астана» 9 3 3 2 10-7 12
8 «Атырау» 8 2 2 4 6-5 10
9 «Қызылжар» 9 1 4 2 9-8 9
10 «Қайсар» 8 2 1 5 5-9 9
11 «Тұран» 8 2 1 5 5-9 7
12 «Шахтер» 8 1 3 3 3-11 7
13 «Жеңіс» 9 1 1 5 4-15 7
Яндекс.Метрика