Вернуться к списку статей

«Астана» биыл тағы чемпиондықтан күдер үзе ме?

Футбол
17K
Қазақстан премьер-лигасының 8-турынан кейін турнир кестесі тағы өзгерді.  Өткенде көш бастаған Қостанайдың «Тобылы» осы маусымда алғаш рет жеңіліп, алтыншы орынға сырғыды.
 
«Тұран» (Түркістан) – «Жетісу» (Талдықорған) – 2:3
Голдар: Үсенов, 14 (0:1). Вака, 24 (1:1). Добай, 47 (1:2). Чиканчи, 74 (1:3). Хаджиев, 90+4 (2:3).
 
Қайрат Нұрдәулетов қазір қазақ футболындағы Хаби Алонсо болып тұр. Ол жаттықтыратын Талдықорғанның «Жетісу» клубы әр тур сайын таңқалдырумен келеді. Бұл жолы аса тартысты өткен ойында Түркістанның «Тұран» клубын жеңді. Қорытынды есеп – 3:2.

«Біздің ойын жанкүйердің көңілінен шығып жатқаны қуантады. Алдағы уақытта да көрермендерімізді жақсы нәтижемен көңілдерін көтеріп, команда ретінде дами беруді қалаймыз. Турнир кестесінде қай орында болатынымызды премьер-лига барысында көре жатармыз. Әрине, алғашқы ТОП-6 клубтың қатарына кіріп, жақсы футболымызбен жанкүйерлерімізді қуантсақ тіптен жақсы», - дейді «Жетісу» бапкері Қайрат Нұрдәулетов.

«Қызылжар»  (Петропавл) – «Ақтөбе» (Ақтөбе) – 0:2
Голдар: Байтана, 61 (0:1). Севальос, 67 (0:2).

«Қызылжар» клубында ішкі жағдай дұрыс емес секілді. Өз алаңында тұрмақ сыртта кез келген клубқа төтеп беретін бұрынғы «Қызылжар» көрінбейді. Айналдырған 2-3 аптаның ішінде команда шашылып қалды. Премьер-лигада қатарынан үш матчта жеңілді. Кубокты ширек финалдан аяқтады. Жеңіске тырысып та жатқан жоқ. Бұл жолы Әли Әлиев шәкірттері өз алаңында «Ақтөбені» қабылдаған. Бірінші тайм 0:0 есебімен аяқталды. Ал екінші кезеңде Бауыржан Байтана мен Хосе Севальос мергендік танытып, қонақтарға жеңіс сыйлады.
Осыдан кейін Дмитрий Парфенов шәкірттері қайтадан турнир кестесінде бірінші орынға көтерілді.

«Елімай» (Семей) –  «Шахтер» (Қарағанды) – 2:1
Голдар: Муртазаев, 38 (1:0). Назымханов, 88 (1:1). Корзун, 90+8 (2:1).

«Елімай» дәл қазір Қарағандының «Шахтерінен» әлдеқайда мықты екені айқын. Алаңдағы ойында соны айғақтайды. Бірақ бұл жолы тең түсіп қалуы әбден мүмкін еді. Дегенмен,  семейліктердің «сенімді серігі» саналатын қосымша минуттар бар. Бұл жолы алаң иелері 98-минутта жеңіс голын салды.
Әлбетте, «Елімайдың» жеңісі әділетті шығар. Бірақ бұл командаға төрешілердің жиі бүйрек бұруы күмән тудырады.
Жалпы, Андрей Карпович шәкірттерінің қарқыны жаман емес. Команда көшбасшылар қатарында келе жатыр.
 
«Астана» (Астана) – «Қайсар» (Қызылорда) – 1:1
Голдар: Томасов, 57 (1:0). Громыко, 90+3 (1:1).
 
«Қайсар» бапкер Виктор Кумыков өз туған күнінде бір ұпайға ие болды. Жалпы, қызылордалықтар соңғы үш матчта жеңілмей жүр. Алдымен өз алаңында «Қайратты» жеңді. Одан кейін «Шахтер» мен «Астанамен» тең түсті.

Алматыдағы матчта «Астана» біраз шабуылдап, 57-минутта есеп ашқан. Бірақ төреші қосқан қосымша минутта Валерия Громыко таразы басын теңестірді.
Елорда командасының құрамы чемпиондыққа таласуға сай. Бірақ бапкері үйлестіре алмай жүргендей. Сондықтан клуб басшылығы Григорий Бабаянның біліктілігіне қатысты ойлану керек секілді.

Бас бапкер әлі бабымызға келмедік деп отыр.
 
«Жеңіс» (Астана) «Қайрат» (Алматы) –  0:2
Голдар: Садыбеков, 66 (0:1). Швырев, 90+5 (0:2).
Алаңнан қуылды: Буранчиев, 55.
 
Осы турда голдардың көбі екінші таймда салынды. Бұл ойында да солай болды. Қарағандыдағы «Жеңіспен» кездесуде «Қайрат» біраз қиналды. Тек мәселені үзілістен кейін шешті. Қызығы, алматылықтар бір адамға аз қалғанда екі гол салды. Өйткені, 55-минутта Арсен Буранчиев алаңнан қуылған еді.

«Ордабасы» (Шымкент) «Тобыл» (Қостанай) – 1:0
Гол: Беседин, 21 (1:0).
Пенальти сала алмады: Федин 90+4
Алаңнан қуылды: Миладнович, 90+3.
 
Осы турдың орталық матчы Шымкентте өтті. «Тобыл» бұл маусымда әлі жеңілмеген. Алғаш рет ұпай жоғалтты. Алаң иелері украиналық Артем Бесединнің арқасында үш ұпайға ие болды. Матч соңында Максим Федин есепті еселеуге мүмкіндік алған. Бірақ мүлт кетті.
 
Турнир кестесі
Команда О Ж Т Ж Д-а Ұпай
1 «Ақтөбе» 7 4 2 1 14-6 14
2 «Елімай» 7 4 2 1 9-7 14
3 «Қайрат» 8 4 2 2 8-6 14
4 «Жетісу» 7 4 1 2 7-6 13
5 «Ордабасы» 7 3 3 1 11-5 12
6 «Тобыл» 7 3 3 1 10-6 12
7 «Астана» 8 3 3 2 10-6 12
8 «Қызылжар» 8 2 2 4 9-8 8
9 «Атырау» 7 1 4 2 5-5 7
10 «Тұран» 8 2 1 5 5-9 7
11 «Жеңіс» 8 2 1 5 4-14 7
12 «Қайсар» 7 1 3 3 4-9 6
13 «Шахтер» 7 1 1 5 2-11 4
 
 
Яндекс.Метрика