Вернуться к списку статей

Жетінші турдан кейін «Тобыл» көш бастады

Футбол
12K
Қазақстан премьер-лигасының 7-турынан кейін турнир кестесі тағы өзгерді. Бұл жолы көшбасына Қостанайдың «Тобыл» клубы шықты.
 
«Тобыл» (Қостанай) – «Жетісу» (Талдықорған) – 1:0
Гол: Купер, 7 (1:0).
Алаңнан қуылды: Абдулла, 87.

Қайрат Нұрдәулетов биыл «Жетісу» тізгінін ұстай салып, тәп-тәуір команда жасақтай алды. Өткен турда Талдықорғанда «Ақтөбенің» арынын басты. Бірақ бұл жолы Қостанайда «Тобылдан» ұпайсыз қайтты. Ойынның тағдырын жылдам гол шешті.
Италиядан келген шабуылшы Годберг Купер есепті 7-минутта ашты. Осы гол матч соңына дейін сақталып қалды. Милич Чурчич шәкірттері араға 2 ай салып, жеңіске жетті. Бұған дейін олар «Жетісу» мен «Астанамен» тең тарқасқан.
 
«Жеңіс» (Қарағанды) – «Елімай» (Семей) –  1:2
Голдар: Корнетт, 61 (0:1). Перцух, 77 (0:2). Зульфиу, 90+2 (1:2).
Алаңнан қуылды: Жүнісов, 40.

2000-жылдардың басында жанкүйерлер «Жеңіс» пен «Елімайдың» ойынын көріп тұратын. Міне, араға қанша жыл салып, екі команданың жолы қайтадан премьер-лигада түйісті. Қазір екі клубтың басшылары тығыз байланыста. Сондықтан кейбір сарапшылар «матчтың әділ өтетіне» күмән білдірген еді. Қалай десек те, ойынның нәтижесі «Жеңіс» футболшысы Абай Жүнісовтің 40-минутта алаңнан қуылуы әсер етті. Оған дейін елордалық командалық жақсы қорғанып жатқан.

Сөйтіп, «Жеңіс» осы маусымда өз алаңында бірінші рет есе жіберді. «Елімайдың» бетке ұстар ойыншысы, Франция чемпионатында талай жыл доп тепкен Квентин Корнет айып алаңы сыртынан премьер-лигадағы тұсаукесер голын салды. Арада 16 минутта Юрий Перцух есепті 2:0-ге жеткізді.
Ал қосымша уақыттаға Ильяс Зулфиудің шиыра тепкен голы тараз басын қысқартқанымен, кездесу тағдыры әлдеқашан шешіліп қойған болатын.
Осы жеңістен кейін «Елімай» да көшбасшы командалардың қатарына қосылды.

«Қызылжар» (Петропавл) – «Тұран» (Түркістан) – 0:1
Гол: Соколенко, 56 (0:1).
Пенальти соқпады: Цуцкич, 72 (қақпашы).
«Қызылжар» командасына маусым басында тағы да өте көп мақтау сөз айтылған еді. Бас бапкері Әли Әлиевке «Ордабасыдан» да ұсыныс түсті деген қауесет болған.
Бірақ соңғы екі матчтағы нәтижелері мүлдем түсініксіз. Бірде-бір гол соқпай, қарсыластарына 6 ұпай ұстатып қойды. Өткен турда «Атыраудан» жеңілген олар осы жолы өз алаңында Түркістанның «Тұранына» есе жіберді.

Керісінше 1 айдан бері жеңістің дәмін татпаған «Тұран» күтпеген жерден сенсациялық жеңіске жетті. Сенсациялық деген аты болғанымен, алаң иелері жеңіс үшін лайықты өнер көрсетпеді. Керісінше «Тұран» есепті еселейтін сәтін қолданбады. Бір қызығы, ойын тағдырын «Қызылжардың» түлегі Александр Соколенко шешті. Бұл футболшы бұған дейін 2018 жылы «Қайрат» сапында «Атыраумен» кездесуде бірінші голын соғып жеңіс әкелген еді. Дәл сол жылы Қазақстан кубогының финалындағы «Қайрат» - «Атырау» матчында да жалғыз голымен «Қайратқа» чемпиондық атақ сыйлаған.
 
– Шиеленісті ойын. Біз Петропавл командасының күшін білдік. Бапкері де өте мықты. Біз Әлимен алғашқы жылы ғана таныс емеспіз. Сондықтан бір-біріміздің осал тұсымызды жақсы білеміз. Бәлкім, сол жағы да көмек болған болар. Дегенмен, жеңістің кілті – бүгін алаңда жаралы арыстан сияқты ойнадық. Өйткені осыған дейін бірнеше матчта жеңілдік. Жаралы арыстан – ол екі есе қауіпті. Мотивация ұрып тұрды. Соның арқасында үш ұпай еншіледік, – дейді «Тұран» бапкері Ринат Алюетов матчтан кейін.

«Қайрат» (Алматы) – «Атырау» (Атырау) – 1:0
Гол: Сейдахмет, 51 (1:0).
Пенальти соқпады: Педро Эуженио, 43 (қақпашы).
Алаңнан қуылды: Барбоса, 83.

«Қайрат» өткен аптада Қызылордада ұпай жоғалтқан соң, бас бапкерін қызметінен босатқан. Кирилл Кеккер кетті. «Атыраумен» ойынға команданы Рафаэль Уразбахтин дайындады. Бұл ойында да Алматы командасы ұпай жоғалтуы мүмкін еді.  Оның үстіне, алаң иелерінің қатарынан үш матч «Атырауды» жеңе алмай жүргені тағы бар.
Бірақ қақпашысы Вадим Ульянов шеберлік таңытты. Ол 44-минутта Педро Эуженионың пенальтиін қайтарды. Төреші екі рет тепкізсе де, Эуженио Ульяновтан айласын асыра алмады. Дәл осы сәт «Қайраттың» үміт отын жағып, екінші таймда Жоау Паулудың пасын Еркебұлан Сейдахмет голға айналдырды. Есеп: 1:0.

«Ақтөбе» (Ақтөбе) – «Астана» (Астана) –  1:1
Голдар: Қуат, 23 (0:1). Умаев, 77 (1:1).
Алаңнан қуылды: Қуат, 41.

Осы турдың орталық ойыны Ақтөбеде өтті. Жергілікті жанкүйерлер биылғы маусымда алғаш рет матчты Қобыланды батыр атындағы Орталық стадионнан тамашалады. Матчтың қаһармандарының бірі – Исламбек Қуат. Негізгі құрамда сирек шығатын футболшы алдымен алыстан қақпаның тоғыздығын дәл көздеп, есепті ашты. Сосын үзіліске жетпей, алаңнан қуылды. Бұл ойын тағдыран әсер етті.
Екінші таймда Идрис Умаев таразы басын теңестірді. Қалған уақытта да алаң иелері алыстан соққы жасағанымен, қонақтардың қақпашысы сыр бермеді. Есеп: 1:1.

«Шахтер» (Қарағанды) – «Қайсар» (Қызылорда) –  0:0
 
Премьер-лигада ең аз гол соққан әрі көш соңындағы клубтардың ойыны қонақтардың шабуылымен басталды. Алаң иелері тек 20-шы минутта ғана алғашқы қауіпті соққысын жасай алды. Ал гол соғатын таза мүмкіндікті «Қайсар» жіберіп алды. 35-ші минутта Валерий Громыко алға шығып, қателікке бой алдырған «Шахтер» қақпашысын кешірді. Оның бос қақпаға тепкен добы қақпа маңдайшасынан қайтты. Екінші таймда алаң иелері бірнеше соққы жасағанымен, есеп сол күйі ашылмады. Тең нәтиже қос клубты да қанағаттандырғандай көрінді.

Енді премьер-лиганың 8-тур ойындары 11-12 мамыр күндері өтеді.
 
Турнир кестесі
 
Команда О Ж Т Ж Д-а Ұпай
1 «Тобыл» 6 3 3 0 10-5 12
2 «Ақтөбе» 6 3 2 1 12-6 11
3 «Астана» 7 3 2 2 9-5 11
4 «Елімай» 6 3 2 1 7-6 11
5 «Қайрат» 7 3 2 2 6-6 11
6 «Жетісу» 6 3 1 2 4-4 10
7 «Ордабасы» 6 2 3 1 10-5 9
8 «Қызылжар» 7 2 2 3 9-6 8
9 «Атырау» 7 1 4 2 5-5 7
10 «Тұран» 7 2 1 4 3-6 7
11 «Жеңіс» 7 2 1 4 4-12 7
12 «Қайсар» 6 1 2 3 3-8 5
13 «Шахтер» 6 1 1 4 1-9 4
 
Яндекс.Метрика