Вернуться к списку статей

«Астанадан» басқа фавориттер ұпай жоғалтқан тур

Футбол
13K
Футболдан Қазақстан премьер-лигасының 6-турында «Астанадан» басқа мықтылардың бәрі ұпай жоғалтты.
 
«Тобыл»  (Қостанай) – «Жеңіс» (Астана) – 1:1
Голдар: Иванович, 17 (1:0). Манай, 77 (1:1).

Мысалы, өз алаңында Астананың «Жеңісін» қабылдаған қостанайлық «Тобылдың» көш басына көтерілетіндей мүмкіндігі бар еді. Бірінші таймда 17-минутта Игорь Иванович есепті ашқанымен, «Тобыл» сол басымдылықты сақтай алмады. 77-минутта Арби Манай таразы басын теңестіріп кетті – 1:1.
Осылайша, күтпеген жерден ұпай жоғалтқан «Тобыл» (9 ұпай) әзірше үздік үштікті түйіндеп тұр.
Матчтан кейін Қостанай командасының бас бапкері Милич Чурчич өз шәкірттеріне ренішін айтты.
 
«Комментарий қысқаша болады. Нәтижеге көңілім толмайды. Есеп 1:0 кезде тағы салу керек еді. Бізге концентрация жетіспейді. Кейбіреулер ұйқысынан оянбай жүр. Матч 14:00-де басталды. Қорғаныста реакция жетіспеді. Осы жағымен жұмыс істеу керек. Қарсыласты жақсы ойынымен құттықтаймын. Өз мүмкіндігін күтіп, гол соқты. Тағы да қайталап айтамын, 1:0 кезінде мәселені шешу қажет болған. Сондай ойын күттім. Төрт күнннен бері айтып жатырмын, түсінбейді. Қарсыласты бағаламау деген болмау керек. Сосын кездесу кезінде жазаңды аласың. Бүгін солай болды. Енді қателіктен сабақ шығаруды үйренеміз», - дейді Милич Чурчич.
 
«Қайсар» (Қызылорда) –  «Қайрат» (Алматы)  –1:0
Гол: Жақсылықов, 90+4 (1:0).

Алматының «Қайрат» клубы әдеттегідей Қызылордада ұпай жоғалтты. Жергілікті «Қайсар» бұған дейінгі 4 матчта бір ғана ұпай жинаған. Үш рет ұтылған. Бірақ осы жолы «Қайратқа» қарсы жақсы дайындалыпты. 90-минут бойы бірін-бірі алмаған қос қарсылас арасындағы ойын тағдыры 95-минутта шешілді. Қақпашы Устименконың қателігін Айбар Жақсылықов тиімді пайдаланып, алаң иелеріне жеңіс сыйлады.
Клуб басшысысы жеңіске жеткен жігіттерге жақсы сыйақы болатынын да айтыпты.
Жалпы, «Қайсар» бапкері Виктор Кумыков Алматы командасына қарсы ойлау керегін жақсы біледі. Бұған дейін былтыр «Қайратпен» өткен екі матчта 4 ұпай алған еді. Алматыда 3:0 есебімен жеңіп кеткенін естен шығармайық.
«Қайрат» 8 ұпаймен турнир кестесінде 6-орында қалса, «Қайсар» (4 ұпай) 12-сатыда тұр.

«Жетісу» (Талдықорған) – «Актобе» (Ақтөбе) – 2:1
Голдар: Шрамченко, 20 (1:0). Барач, 50 (1:1). Балтабеков, 70 (2:1).

Өткен аптада Алматыда «Қайратты» қапы қалдырып кеткен «Ақтөбенің» бұл жолы «Жетісуға» шамасы жетпеді. Қайрат Нұрдәулетов шәкірттері фавориттерге қарсы жақсы дайындалыпты. Әрбір таймда бір-бір голдан салып, 2:1 есебімен жеңіске жетті.
Айтпақшы, бұл «Ақтөбенің» осы маусымдағы алғашқы жеңілісі.
Енді «Жетісу» келесі аптада Қостанайға қонаққа барса, «Ақтөбе» өз алаңында «Астананы» қабылдайды.

«Елімай» (Семей) – «Ордабасы» (Шымкент) – 1:1
Голдар: Тиуб, 3 (1:0). Дарбо, 13 (1:1).

Ұзақ уақыт үзілістен кейін Семейге футбол той оралды. Қазақ футболының отаны саналатын қалада премьер-лиганың ойыны өтті. «Елімай» жаңа маусымда алғаш рет өз алаңында ел чемпионы «Ордабасыны» қабылдады. 8 мың көрермен келген матч тең аяқталды. Екі голда өте жылдам соғылды. Алдымен, 3-минутта Сада Тиуб есеп ашса, арада 10 минут өткенде қақпашының қателігін Дембо Дарбо тиімді пайдаланды. Қорытынды есеп – 1:1.

«Тұран» (Түркістан) – «Астана» (Астана) – 0:2
Голдар: Аманович, 56-пенальтиден (0:1). Камара, 65 (0:2).
Алаңнан қуылды: Бен Чоуг, 6.

Есесіне, елорданың «Астана» клубы турнир кестесінде екінші орынға көтерілді. Олар Шымкентте Түркістанның «Тұран» клубымен жолыққан болатын. Негізі «Астана» үшін «Тұран» ыңғайсыз қарсылас. Бұған дейін үш матчта да жеңе алмаған.

Осы жолы елордалықтар үшін бәрі сәтімен жүзеге асты. Ойынның 6-минутында Феди Бен Чоуга алаңнан қуылып, алаң иелерін қиын жағдайға қалдырды. Екінші таймда төреші «Астананың» пайдасына пенальти белгіледі. Әупірімдеп жүріп елорда командасы жеңіске жетті. Екінші голды Усман Камара салды.
Осы ойыннан кейін 10 ұпай жинаған Григорий Бабаянның шәкірттері турнир кестесінде «Ақтөбені» қуып жетіп, екінші орынға көтерілді. 
Қазіргі кезде «Ақтөбе», «Астана», «Жетісу» клубтарында 10 ұпайдан бар.
 
«Атырау» (Атырау) – «Қызылжар» (Петропавл) –  2:0
Голдар: Сигневич, 51 (1:0). Новак, 53 (2:0).

«Атырау» мен «Қызылжар» арасындағы ойын алаң иелерінің жеңісімен аяқталды. Бұған дейін Атыраудағы үш матч тең аяқталған еді. Бұған дейін 2018 жылы ғана «Атырау» 3:2 есебімен басым түсті.
 
Жалпы, осы маусымда премьер-лига басталғалы «Атырау» жеңіске жете алмай жүр еді. Команда бес турда 4 рет тең түсіп, бір рет жеңілген. Бұл жолы мұнайшылар алғашқы үш ұпайын еншіледі. Олар өз алаңында Әли Әлиев жаттықтыратын «Қызылжардан» басым түсті. Матчтағы екі гол екінші таймның басында соғылды. Айналдырған екі минуттың ішінде Николай Сигневич пен Якоб Новак мергендік танытты.
Турнир кестесі
Команда О Ж Т Ж Д-а Ұпай
1 «Ақтөбе» 5 3 1 1 11-5 10
2 «Астана» 6 3 1 2 8-4 10
3 «Жетісу» 5 3 1 1 4-3 10
4 «Ордабасы» 6 2 3 1 10-5 9
5 «Тобыл» 5 2 3 0 9-5 9
6 «Қызылжар» 6 2 2 2 9-5 8
7 «Елімай» 5 2 2 1 5-5 8
8 «Қайрат» 6 2 2 2 5-6 8
9 «Атырау» 6 1 4 1 5-4 7
10 «Жеңіс» 6 2 1 3 3-10 7
11 «Тұран» 6 1 1 4 2-6 4
12 «Қайсар» 5 1 1 3 3-8 4
13 «Шахтер» 5 1 0 4 1-9 3
Яндекс.Метрика