Вернуться к списку статей

Премьер-лига: Үш команда алға суырылып шықты

Футбол
2K
Ұлттық құрамалардың ойындарынан кейін премьер-лига қайта жалғасты. Үшінші турының қорытындысы бойынша үш команда – «Қайрат», «Ақтөбе» және «Астана» 7 ұпайдан жинап, көш бастап келеді.

«Қайсар» (Қызылорда) –  «Оқжетпес» (Көкшетау) – 2:2 
Голдар: Жақсылықов, 20 (1:0). Жақсылықов, 38-пенальтиден (2:0). Марат, 59 (2:1). Йованович, 89 (2:2).
Алаңнан қуылды: Мырзағалиев, 55.

Қызылордада жергілікті «Қайсар» мен Көкшетаудың «Оқжетпес» клубы кездесті. Бұл матчта бастапқы құрамда шыққан 22 футболшының 21-і қазақстандық болды. 

Бірінші тайм алаң иелерінің пайдасына шешілді. «Қайсардың» шабуылшысы Айбар Жақсылықов дубль жасады. Ол алдымен 20-минутта есеп ашса, одан кейін пенальтиден қақпашы Қажымұқан Төлепбергеннен айласын асырды.

Үзіліске «Қайсар» жеңімпаз болып шыққан. Бірақ екінші таймда қорғаушы Темірлан Мырзағалиев алаңнан қуылып, Қызылорда командасының жағдайы қиындады. Мұны қонақтар тиімді пайдаланды. Дамир Марат пен Страхиния Йованович «Оқжетпесті» жеңілістен құтқарып қалды. Қорытынды есеп – 2:2.

Айта кетейік, «Қайсар» мен «Оқжетпес» матчын бокстан 2004 жылғы Афины Олимпиадасының чемпионы, қазіргі Қызылорда облыстық спорт басқармасының басшысы Бақтияр Артаев тамашалады.

«Тұран» (Түркістан) – «Қайрат» (Алматы) – 1:2
Голдар: Зария, 30-пенальтиден  (0:1). Стасевич, 54 (1:1). Жоржиньо, 75 (1:2).
Алаңнан қуылды: Широбоков, 48. 

Ал Түркістандағы «Тұран» мен «Қайрат» арасындағы кездесу қонақтардың пайдасына шешілді. Былтыр Алматы клубы сырт алаңда 0:0 есебімен тең тарқасқан. Биыл ондай қателік жібермеді. Тіпті, Александр Широбоковтың алаңнан қуылуы да қонақтарға кедергі келтірмеді.


Есепті бірінші таймда Гиорги Зария пенальтиден ашқан. Оған екінші таймның басында Игорь Стасевич лайықты жауап берді. Матчтың 75-минутында оң қапталдан Еркін Тапаловтың берген пасын португалиялық Жоржиньо ұтымды пайдаланып, «Қайратқа» үш ұпай сыйлады.
 
«Атырау» (Атырау) – «Ақтөбе» (Ақтөбе) – 0:4
Голдар: Агбо, 8 (0:1). Гильерме де Мораис (автогол), 38 (0:2). Ивкович, 68 (0:3). Бердібек, 89 (0:4).

 Былтыр Қазақстан кубогінің финалында кездескен батыс өңірінің қос ұжым – «Атырау» мен «Ақтөбе» клубтарының жолы биылғы біріншіліктің үшінші турында қайта тоғысты. Атыраудағы «Мұнайшы» стадионында өткен матчта қонақтар алаң иелеріне бет қаратпай, 0:4 есебімен жеңіске жетті. Былтырғы Кубоктың финалында да ақтөбелік футболшылар басым түскен еді.
 
Бірінші таймның небәрі 8-минутында Уче Агбо есепті ашып, қонақтарды алға шығарса, тайм аяқталар тұста «Атыраудың» португалиялық жартылай қорғаушысы Гильерме де Мораис байқаусызда өз қақпасына гол соғып алды – 0:2.
 
Екінші таймда да «Ақтөбе» футболшылары қарқынын бәсеңдетпей, матч соңына дейін «Атырау» қақпасына тағы екі гол соқты. Алдымен 68-минутта Джордже Ивкович есепті 0:3-ке жеткізсе, 89-минутта Дархан Бердібек ойының нүктесін қойды – 4:0.
 
«Астана» (Астана) – «Жетісу» (Талдықорған) – 3:0
Голдар: Томасов, 14 (1:0). Томасов, 45+1 (2:0). Томасов, 63 (3:0).
 
Елордадағы «Астана Арена» стадионында өткен «Астана» мен «Жетісу» арасындағы матчта да ірі есеп тіркелді. «Астананың» хорватиялық легионері Марин Томасов бүгінгі ойынның басты қаһарманына айналды. Бір өзі «Жетісу» қақпасына үш гол соғып, матч тағдырын шешіп кетті.
 
Кездесудің 14-минутында «Жетісу» қақпашысының қателігінен кейін Томасов ойындағы алғашқы голын соқса, бірінші таймның соңында есепті еселеп, дубльдің авторы атанды. Ал екінші таймның 63-минутында хет-трик жасап, «Астанаға» маңызды үш ұпай сыйлады. Бұл – биылғы чемпионатта тіркелген алғашқы хет-трик.

«Ұлытау» (Жезқазған) – «Жеңіс» (Астана) – 1:1
Голдар: Даци, 17 (0:1). Солодовников, 49, пенальтиден (1:1)
 
Премьер-лига дебютанты «Ұлытау» бұл турда өз алаңында астананың «Жеңіс» клубын қабылдап, 1:1 есебімен тең түсті. «Ұлытау» командасы қатарынан екінші турда қарсыластарымен ұпай бөлісуге мәжбүр болды. Өткен турда Талдықорғанға қонаққа барған «Ұлытау» жергілікті «Жетісумен» 0:0 есебімен тең ойнаған еді.
 
Жергілікті «Металлург» стадионында өткен ойынның бірінші таймында қонақтар сапынан 17-минутта Ердон Даци көзге түсіп, «Жеңісті» алға шығарған болатын. Алайда екінші таймның басында алаң иелері жергілікті жанкүйерлердің қарқынды қолдауынан кейін таразы басын теңестіруге мүмкіндік алды. 49-минутта Николай Солодовников 11 метрлік айып добын сәтті орындап, таблодағы көрсеткішті 1:1-ге жеткізді. Матч соңына дейін есеп өзгеріссіз қалды.

«Ордабасы» (Шымкент) – «Қызылжар» (Петропавл) – 0:0
 
2023 жылғы ел чемпионы Шымкенттің «Ордабасы» клубы қатарынан үшінші ойында жеңіске жете алмады. Сондай-ақ үш турда да қарсыластар қақпасына гол соға алмады. Бірінші турда «Ақтөбемен» тең ойнап (0:0), екінші турда Алматыда «Қайраттан» ірі есеппен (4:0) жеңілді. Ал бұл турда «Қызылжар» клубын қабылдап, қарсыласының осал тұсын таба алмады.
 
Матч бойы басымдыққа ие болған шымкенттік футболшылар Вадим Петров қорғаған қақпаға гол соға алмай, сәтсіздікке ұшырады. Небәрі екі-ақ ұпайы бар «Ордабасы» үшінші турдан кейін турнир кестесінің соңғы сатысына түсіп қалды.

«Тобыл» (Қостанай) – «Елімай» (Семей) – 1:1
Голдар: Сигневич, 8 (1:0). Флореску, 90+2 пенальтиден (1:1)
Алаңнан қуылды: Миладинович, 89.
 
Тең нәтижемен басталған үшінші турдың соңғы ойыны да тең есеппен аяқталды. Өз алаңында Семейдің «Елімай» клубын қабылдаған Қостанайдың «Тобылы» жанкүйерлерін жеңіспен қуанта алмады. Анығында, 90 минут бойы есепте алда тұрған «Тобыл» үш ұпайды уысында сақтай алмады.
 
Бірінші таймның 8-минутында Николай Сигневичтің соққан голы матчтың соңына дейін «Тобылға» маңызды үш ұпай мен жеңіс сыйлап тұрған еді. Алайда 89-минутта Иван Миладинович қызыл қағаз алып, командасын қиын жағдайға қалдырып кетті. Ол аз болғандай, төреші бейне қайталаудан кейін «Тобыл» қақпасына пенальти белгіледі. Оны Эдуард Флореску сәтті орындап, «Елімайды» жеңілістен құтқарып қалды. Осылайша «Тобыл» мен «Елімай» арасындағы ойында қарсыластар тең түсті.
 
Турнир кестесі
Команда О Ж Т Ж Д-а Ұпай
1 «Қайрат» 3 2 1 0 7-2 7
2 «Астана» 3 2 1 0 6-1 7
3 «Ақтөбе» 3 2 1 2 6-1 7
4 «Тобыл» 3 1 2 0 3-1 5
5 «Елімай» 3 1 1 1 4-3 4
6 «Оқжетпес» 3 1 1 1 4-5 4
7 «Тұран» 3 1 0 2 4-4 3
8 «Жеңіс» 3 0 3 0 1-1 3
9 «Атырау» 3 1 0 2 3-7 3
10 «Қайсар» 3 0 2 1 2-4 2
11 «Қызылжар» 3 0 2 1 1-3 2
12 «Ұлытау» 3 0 2 1 1-3 2
13 «Жетісу» 3 0 2 1 1-4 2
14 «Ордабасы» 3 0 2 1 0-4 2
Яндекс.Метрика