Вернуться к списку статей

Боксты Олимпиада бағдарламасынан шығарып тастауы мүмкін

Бокс
19K
Әуесқой бокс жанкүйерлері 2028 жылы АҚШ-тың Лос-Анджелес қаласында өтетін жазғы Олимпиадада былғары қолғап шеберлерінің өнерін тамашалай алмауы мүмкін. Себебі Халықаралық Олимпиада комитеті (ХОК) жуырда Халықаралық бокс қауымдастығына (IBA) мүше ұлттық спорт федерацияларының атынан шыққан боксшылар 2028 жылы Лос-Анджелесте өтетін Олимпиадаға жіберілмейтінін мәлімдеді.


«Олимпиадалық боксқа сенімді, жақсы ұйымдастырылған халықаралық федерация керек. Ұлттық федерациясы IBA құрамына кіретін кез келген боксшы Лос-Анджелестегі Олимпиада ойындарына қатыса алмайтыны қазірдің өзінде белгілі болды. Өзін-өзі құрметтейтін Ұлттық Олимпиада комитеті мұндай ұлттық бокс федерацияларын өз мүшелігінен шығаруға міндетті», - делінген ХОК таратқан хабарламада.


Халықаралық Олимпиада комитеті IBA-ға Токио және Париж Олимпиадасына іріктеу ойындарын өткізуге және Олимпиада кезіндегі жекпе-жектерді ұйымдастыруға рұқсат берген жоқ. 2019 жылы ХОК IBA-ны (ол кезде AIBA) танудан бас тартқан еді. Қазақстан қазіргі таңда Халықаралық бокс қауымдастығының мүшесі. Ал IBA-ны ресейлік Умар Кремлев басқарады.

Жалпы, боксты Олимпиададан алып тастау мәселесі тек биыл емес, бұған дейін де айтылып, бастама көтеріліп жүр. Соңғы рет 2018 жылы Токио Олимпиадасының қарсаңында бокс төңірегінде үлкен дау туындаған болатын. Сол жылғы Халықаралық Олимпиада комитетінің кезекті сессиясында ХОК президенті Томас Бах бокстың болашағы бұлыңғыр екенін айтқан еді.

Әйткенмен бокс Жапонияның бас шаһары – Токиода ұйымдастырылған жазғы Олимпия ойындары мен жастар арасындағы доданың бағдарламаларында қалды. Бірақ бокс бәсекелерін өткізу жағын Халықаралық гимнастика федерациясына жүктеп, төрешілерді ХОК-тың өзі таңдап алды. Сондай-ақ Олимпиададағы гендерлік теңдікті сақтау мақсатында ерлер боксындағы салмақ дәрежелері қысқартылып, әйелдер арасындағы салмақ дәреже­лері көбейтілген еді.

Тарихқа көз жүгіртсек, ең бірінші рет боксты Олимпиададан алып тастау бастамасы 1988 жылы Сеул Олимпиадасынан кейін көтерілген болатын. Сол кезде мамандар боксты қауіпті спорт ретінде танып, төрт жылдық бәсекесінен шеттетуді ұсынды. Бұған Сеул рингіндегі нокауттардың жиілеп кеткендігі себеп болды. Кейіннен боксшыларға арнайы бас киім тігіліп, қолғаптары да қалыңдатылды. Бірақ уақыт өте келе (2013 жылы) АИБА-ның шешімімен бас киімдер қайта алынып тасталды. Сонымен қатар Сеул Олимпиадасынан кейін әуесқой бокста бағалаудың жаңа жүйесі енгізілген болатын.

Жалпы, жүйе бойынша әр Олимпиаданың алдында ұйымдастырушылар спорт пен жарыс ережелерін сұрыптап, кейбір спорт түрлерін қағып-сілкіп жатады. Мысалы, 1904 жылғы Олимпиададан бастап бүгінге дейін бокс спортында салмақ дәрежесі тоғыз рет өзгерген. Ең алғашқы Олимпиадада бокста 7 салмақ болса, келесі төртжылдықта салмақ саны беске дейін қысқарды. Ал 1920 жылдан 1942 жылға дейін салмақ саны артып, сегізге дейін жетті. 1952-1964 жыл аралығында – 10, 1968-1980 жылдары – 11, 1984-2000 жылдары 12 салмақ дәрежесі болса, 2004-2008 жылғы Олимпиада да салмақ саны қайта 11-ге дейін төмендеді. 2012-2016 жылғы додада 10 болса, 2020 жылғы Токио Олимпиадасында боксшылар 8 салмақта бақ сынады. Ал биылғы Олимпиадада ерлер жеті салмақта өнер көрсетеді.

Мұндай артық салмақты «тазалау» тек бокста емес, кезінде Олимпиада дәстүрінен шығып қалуы мүмкін болған күрес түрлерінде де болған. Лондон Олимпиадасынан кейін күрес түрлері Олимпиада бағдарламасынан алынып тасталуы мүмкін деген ақпарат тараған. Алайда бұл дау салмақ санын қысқартумен аяқталған. 1996 жылы Олимпиадада 10 балуан күрессе, қазір олардың саны алтыға дейін қысқарған.

Қазіргі таңда ХОҚ-тың шешіміне бокс мамандары да, боксшылар да қарсылықтарын білдіруде. Өйткені, Жазғы Олимпия ойындарын бокссыз елестету өте қиын. Дегенмен, бокстың Олимпиадада қалуы немесе қалмауы, IBA-ға мүше мемлекеттердің Лос-Анджелес Олимпиадасына нақты қатыстырылмайтыны алдағы уақытта белгілі болмақ.
 
Яндекс.Метрика