Вернуться к списку статей

Қазақстан Станислав Черчесовтен құтылды

Футбол
4K
Футболдан Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Станислав Черчесов қызметінен кетті. Бірақ оның отставкасының өзі жырға айналды. Ресейлік медиа Станислав Саламұлын қолдауға арналған пікірлерді топырлатып жатыр.
Қазақстан футбол федерациясының мәліметінше, еңбек шарты екі жақтың өзара келісімі бойынша тоқтатылған.
Станислав Черчесов Қазақстан құрамасының тізгінін 2024 жылдың маусымында ұстады. Оның жетекшілігімен ұлттық құрама УЕФА Ұлттар лигасында 6 матч өткізіп, Норвегия құрамасымен тең ойнап, 1 ұпай жинады.
«Сондай-ақ Қазақстан құрамасынан жаттықтырушылар штабы толық құраммен кетті. Қазақстан футбол федерациясы Станислав Саламұлы мен оның штабына атқарған жұмысы үшін алғыс айтып, мансабына табыс тілейді», - делінген Федерация таратқан хабарламада.

Футболдан ұлттық құраманың бас бапкері қызметіне үміткерлер тізімі қазір қарастырылып жатыр.

Ал Черчесовтің өзі әлі де ұлттық құраманың бапкерімін құжат жүзінде келісімшарт үзілген жоқ деп отыр.
 


«Қаңтардың басында Астанада Қазақстан футбол федерациясының жаңа президенті Марат Омаровпен танысып, сөйлестім. Сол кезде жұмысқа қатысты жайттарды талқылап, наурызда 2026 жылғы әлем чемпионатына басталатын іріктеу бойынша нақты жоспарымды көрсеттім. Ал бүгін таңертең (27 қаңтар – ред) Мәскеуде өзім бұрыннан танитын ҚФФ бас хатшысы Саян Хамитжановпен кездесіп, оған да жоспарды толық айтып бердім. Федерация басшысымен телефон арқылы сөйлестік, ол маған келісімшарттың үзілетінін айтты. Мұндай жайттар футболда болып тұрады. Қандай жағдай болмасын, біз Марат Омаровпен сыйластықта қаламыз. Қазір менің заңгерлерім келісімшартты үзу процесімен айналысып жатыр. Келісімшарт әлі үзілген жоқ. Демек мен әлі ресми қызметтен кеткен жоқпын, мен ресми түрде Қазақстан құрамасының бас бапкерімін», - дейді ресейлік маман.

Станислав Черчесовтің құжат жүзінде мәселе шешілмей жатуына, оның өтемақысы себеп болып отыр. Өйткені заңгерлер қазіргі кезде осы мәселені реттеп жатқан көрінеді. Өйткені Дядя Ваня телеграмм-арнасы ресейлік маманның қомақты қаражатқа кенелгенін алға тартып отыр.

«Станислав Черчесов 2024 жылдың маусым айында тағайындалып, Қазақстан құрамасын 7 ай 24 күн жаттықтырды. Оның қарамағында құрама 6 матч өткізіп, бір де бір гол соққан жоқ, бес рет жеңіліп, бір ойында тең түсті. Қорытынды есеп - 0:15. Өкінішке қарай, біздің пайдамызға емес.
Егер бейресми ақпаратқа сенсек, Черчесов Қазақстанда осы уақыт аралығында 779 992 еуро тапқан (әр гол үшін 51 999 еуро). Сонымен қатар оның келісімшарты «2+2» жүйесі бойынша жасалған. Бұқаралық ақпарат құралдарының хабарлауынша, еңбек шартын мерзімінен бұрын бұзғаны үшін ҚФФ (Қазақстан футбол федерациясы) бапкерге 1 миллион еуро көлемінде өтемақы төлеуі тиіс. Себебі келісімді Черчесов бұзбаған болуы керек», – делінген ақпаратта.

Яғни бұл дегеніміз, Черчесов 8 айда 423 613 655,20 теңге тапты деген сөз.
Айтпақшы, ресейлік бапкердің қызметтен кетуі өзінен бұрын әріптестеріне ауырып тиіп жатқан тәрізді. Көрші елдегі футбол бапкерлері, комментаторлар және басқа да сарапшылар Черчесовті қолдап пікір білдірген. Тіпті, кейбірі Қазақстанды сөздерімен түйреп өтіп, кемсітуге тырысқан.

Мысалы, 85 жастағы КСРО құрамасының бұрынғы футболшысы Владимир Пономарев «Қазақтар футболға арналмаған ұлт» деп айтқан.



Қазақстан футбол федерациясы да, Сыртқы істер министрлігі де, Туризм және спорт министрлігі де әзірге Пономаревтің бұл айыптауларына қатысты пікір білдірген жоқ.

«Черчесов — өте сапалы, білікті бапкер. Сол ақымақ Қазақстанға не үшін барып жүр? Ол жақта ешқашан жақсы футболшылар болмаған. Неге барғанын түсінбеймін. Черчесов Венгрия мен Польшада табысты жұмыс істеді. Ол Қазақстандағы мынадай ойыншылармен ешқандай да табысқа жете алмас еді. Оларға футбол ойнауды үйрете алмайды ғой. Қазақтар бұл ойынға арналмаған. Одан да сол аттарымен шауып, допты таяқпен ұрып жүре берсін. Өздерінің сондай ойындары бар. Одан қалды, қойды бір-біріне лақтып жүрсін. Футбол қазақтарға арналмаған. Черчесов қазір РПЛ-ге оралса болады. Жақын арада оны біреу міндетті түрде шақырады деп ойлаймын. Екі қолымды көтеріп қолдаймын. Ресейде жұмыс бар, оның үстіне жақсы футболшылар да аз емес. Черчесов өзін дәлелдеген, құрамада да өнімді жұмыс істеді, мінезі де бар. Черчесов – өте қатал бапкер, біздің бауырымызбен басқаша сөйлесу мүмкін емес. Бапкер болсам, мен де ақымақтарды жерден алып, жерге салушы едім. Ойнап жүргенде біз де ақымақ болдық», - деді Пономарев.

Одан бөлек, Владимир Быстров, Александр Мостовой, Владимир Газзаев сияқты Ресейдегі танымал футболшылар да Қазақстанды кінәлап пікір білдірген.

Яндекс.Метрика