Вернуться к списку статей

SD Family камбэк жасап, «Екібастұз» көш бастады

Футбол
12K
Футболдан бірінші лига командалары арасындағы Қазақстан біріншілігінде алтыншы турында «Екібастұз» командасы көш басына шықты.
 
«Түркістан» (Түркістан) – «Екібастұз» (Екібастұз) – 0:3
Голдар: Красотин, 45 (0:1). Тұрлыбек, 72 (0:2). Өмірзақ, 87 (0:3).
 
Қонақтар өздерінің бір бас жоғары екендігін көрсетті. 90 минутта «Екібастұз» 10 дәл соққы бағыттаса, «Түркістан» тек бір ғана дәл соққымен көзге түсе алды. Бірінші таймда алаң иелері сапынан Ниет Мүтелінің керемет мүмкіндігі болғанымен, қолдана алмады. Осы орайда сен соқпасаң, саған соғады дегендей, Анатолий Красотин пенальтимен есеп ашты. Екінші таймда қонақтардың көп шабуылдағанымен, алаң иелерінің қарымта шабуылдары біршама қауіп төндірді. Десе де, «Түркістан» ойыншысының алаң ортасынан қақпашыға берген пасына Анатолий Красотин бірінші жетіп, Мирас Тұрлыбекке нәтижелі пас шығарып берді. Үшінші гол ойын тағдырын шешті. Нәтижесінде «Екібастұз» бірден турнир кестесінің жоғарғы орындарына жайғасты.
 
«Қайсар Жас» (Қызылорда) – «Арыс» (Арыс) – 1:1
Голдар: Мыңбай, 58 (0:1). Әмірбек, 75 (1:1).
Алаңнан қуылғандар: Досанов,79 («Арыс»). Серікбаев,84 («Қайсар Жас»).
 
«Қайсар Жас» төрт матч қатарынан қарсыласымен ұпай бөлісті. Жеңіске жетуге қанша тырысып, 11 дәл соққы бағыттағанымен, 3 ұпай алуға жеткіліксіз болды. «Арыс» 2 матч қатарынан есеп ашқанымен, жеңіске жету бұйырмады.

SD Family (Астана) – «Ақжайық» (Орал) – 3:2
Голдар: Әлмұхамедов, 6 (0:1). Омаров, 37 (0:2). Гайсиев, 47-автогол (1:2). Нарқұлов, 76 (2:2). Грабко, 80 (3:2).

Қонақтар жылдам гол соғып, алға шықты. 37-ші минутта алаң ортасынан Бауыржан Омаровтың тепкен добын қақпашы ұстай алмай, қателікке жол берді. Осы сәттен кейін «Ақжайық» сөзсіз 3 ұпай еншілейді деп ойлап едік. Жоқ, екінші тайм бастала салысымен жылдам салынған автогол алаң иелерінің көңілін көтерді. Ойын барысы да теңесіп, SD Family клубының ойлаған жоспары жүзеге асты. Нәтижесінде 75 және 80-ші минуттарда стандарттан соғылған 2 гол күтпеген жерден алаң иесіне жеңіс сыйлады.

«Жетісай» (Жетісай) – «Каспий» (Ақтау) – 0:0
 
Бұл кездесуде қонақтар фаворит ретінде санады. Біріншіден, барлық матчтарында жеңіске жетіп жатыр. Екіншіден, осы ойында негізгі құрамда шыққан 6 футболшы 2023 жылы премьер-лигада доп тепкен. Үшіншіден, «Жетісай» 2023 жылы ғана құрылған болса, «Каспий» премьер-лигадан енді ғана түскен еді. Бірақ бірнеше фактор жағынан қонақтар басым болса да, алғашқы секундта-ақ өрескел қателікке жол берді. Алайда бұл сәтті «Жетісай» футболшылары пайдалана алмады. Алаң иелері айналдырған 3 минутта 2 мәрте қауіп төндірді. Кейін матч тізгінін қонақтар алып, 90 минутта 14 соққы бағыттады. Дегенмен, кездесудің жоғары сапада өтуіне жаңбырдан кейінгі алаң сапасы да әсер етті. Басты қаһарман – «Жетісай» қақпашысы Мирас Мұхамбетжанұлы.
«Екінші лигада ойнаған сәтімізде жанкүйерлердің қарасы аз еді. Міне, биыл бірінші лигаға шыққалы әр матч сайын көбейіп жатыр. «Жетісайдың» танымалдылығы артып жатыр. «Оқжетпеске» қарсы кездесуде 1 000 адам жиналса, «Түркістанға» қарсы матчты стадионнан 1 200 көрермен тамашалады. Жасыл алаңнан бөлек, қалада жүргенде де кездейсоқ тұрғын команданың жағдайын сұрап, сәттілік тілеп жатады. Бізде жанкүйерлердің сенімін ақтау үшін, қолдан келгенімізше үмітттерін ақтауға тырысып жатырмыз», -деді матчтан кейін «Жетісай» бапкері Ерлан Шойтымов.
 
«Хан-Тәңірі» (Алматы) – «Тараз» (Тараз) – 0:0

Жақсы футболшылар жиналғанымен, «Хан-Тәңірі» үшін гол соғу мұң болып тұр. Бұл команда 76 соққы бағыттағанымен, оның 16-сы ғана қақпаға дәл барды. Нәтижесі – небәрі 2 гол. Бүгін де алаң иелері толассыз шабуылдағанымен, көп жағдайда мүлт кетті. Айта кететіні, «Хан-Тәңірі» 6 матчтың 5-уінде гол жібермеді.
 
 «Қыран» (Шымкент) – «Ұлытау» (Жезқазған) –  0:1
Гол: Бауыржан Тұрысбек, 60 (0:1).
 
«Ұлытау» клубы екінші ойын қатарынан жеңіске жетті. Кездесу барысында да қонақтардың басымдылығы көзге көрініп, бірнеше шабуылдар ұйымдастырды. Екінші таймда Бауыржан Тұрысбектің айып соққысы қорғаушылардың біріне тиіп, бағытын өзгертті. Есеп: 0:1. «Қыран» дәл 4 соққы жасағанымен, «Ұлытау» қақпашысы Станислав Павлов қателекке жол бермеді. Осылайша, турнирдің көш соңы өзгеріссіз қала береді.
Яндекс.Метрика