Вернуться к списку статей

"Екібастұз" бірінші лигада көш бастады

Футбол
13K
Деңгейі жағынан еліміздегі премьер-лигадан кейінгі екінші турнир саналатын бірінші лиганың 4-тур ойындарының нәтижесін ұсынамыз.
Бұл турда 7 матчта 21 гол соғылды. Төрешілер 40 сары қағаз көрсетіп, бір футболшыны алаңнан қуылды. Павлодар облысының «Екібастұз» командасы әзірге 4 матчта қақпасына бірде-бір гол жіберген жоқ. Ақтаудың «Каспий» клубы премьер-лигаға оралуға ниетті. Алғашқы төрт ойынның төртеуін де жеңді. Айтпақшы,  «Алтай» чемпионаттағы алғашқы голын соқты.
 
«Түркістан» (Түркістан) – «Қайсар Жас (Қызылорда) – 0:0

Топ басында келе жатқан «Түркістан» айқын фаворит болса да, Қызылорда командасы матчтың басым бөлігінде көсіліп ойнады. 5 мәрте қақпашымен бірге-бір шықса да, «Қайсар Жас» өз мүмкіндіктерін қолдана алмады. Қонақтар соңғы минутта қақпашыдан айласын асырғанымен, доп қақпа бағанынан қайтты. Кездесудің сөзсіз қаһарманы – «Түркістан» клубының қақпашысы Дәурен Тоқмағамбетов. Ойында есеп ашылған жоқ.
 
 «Екібастұз» (Павлодар облысы) – «Ақтөбе Ж» (Ақтөбе) –  3:0
Голдар: Красотин, 40 (1:0). Тұрлыбек, 48-пенальтиден (2:0). Агиманов, 55 (3:0).

Бірінші лиганың фавориттерінің бірі – «Екібастұз» осы маусымда алғаш рет өз стадионында доп тепті. Нәтижесінде жанкүйерлердің көңілін қалдырмай, сенімді тұрде қарсыластарын жеңді. Тек соңғы минутта Асланбек Кәкімовтің пенальтиден мүлт кетіп, әлі де болсын мергендігімен көзге түсе алмай келе жатқаны болмаса, басқасы сәтті өтті.
 
«Каспий»  (Ақтау) –  «Ұлытау» (Жезқазған) –  3:2
Голдар: Қадырбаев, 12 (1:0). Молдақараев, 33 (1:1). Қадырбаев, 56 (2:1). Қабылан (3:1). Жанхаев, 90+4 (3:2).
Алаңнан қуылды: Рафкат Аслан, 74 («Ұлытау»).

Ұзақ уақыттан кейін Жаңаөзен қаласына оралған футбол мерекесінде жанкүйерлер 2 ойын қатарынан 5 голға куә болды.
Бұл жолы былтыр қайта құрылып, екінші лигада чемпион атанған «Ұлытауды» қабылдады. Тартысты өткен ойын 3:2 есебімен аяқталды. Кездесудегі ойын тағдырын шешкен 77-минуттағы Бекзат Қабыланның айып соққысын сәтті орындауы болды.

«Хан-Тәңірі» (Алматы) – «Қайрат-Жастар» (Алматы) –  0:3
Голдар: Широбоков, 19 (0:1). Валгушев, 38 (0:2). Нұралы, 49-автогол (0:3).

Алматыда бірінші лиганың дербиі өтті. Үш тур бойы қақпаларына гол жібермей келген «Хан-Тәңірі» талантты «Қайрат-Жастар» ұжымына төтеп бере алмады. Ысқырық шалынған сәттен шабуылын қарша боратқан «Қайрат» жастарының қарқыны өз жемісін берді. Жалпы матч бойы «Қайрат-Жастар» керемет ойын үлгісін көрсетіп, өз жанкүйерлерін қуанта білді.

«Оқжетпес» (Көкшетау) – SD Family (Астана) –  4:1
Голдар: Димитров,  18-пенальтиден (1:0). Порох, 49 (2:0). Сағынаев, 74-пенальтиден (2:1). Камариден, 86 (3:1). Камариден, 92 (4:1).

Екі тур бойы қарсыластарына гол соға алмай келген «Оқжетпес» осы жолы Көкшетаудағы ойындарын сәтті өткізді. Дидар Сыдықбек құрған SD Family командасына олар 4 гол салды. Тек шабуылшы Дәурен Жұматтың тағы да жолы болмағаны болмаса, көкшетаулық команданың көңілі толық. Қорытынды есеп – 4:1.

«Тараз» (Тараз) –  «Алтай» (Өскемен) – 3:1
Голдар: Лапшин, 20 (0:1). Рахмет, 25 (1:1). Серікұлы, 60 (2:1). Өмірзақов, 73 (3:1).

«Тараз» өз алаңында Өскеменнің «Алтай» клубымен жолықты. Есепті қонақтар ашқан. 17 жастағы Илья Лапшин екі жылдан кейін кәсіби футболға оралған Сергей Хижниченконың пасын тиімді пайдаланды. Айтпақшы, бұл «Алтайдың» осы маусымдағы бірінші голы.
Үзіліске дейін алаң иелері таразы басын теңестірген. Бірақ одан кейін «Тараздың» қарқынын баса алмады. Әсіресе, екінші таймда Димаш Серікұлы допты шиыра теуіп, «Таразды» алға шығарса, Жандос Өмірзақовтың алыстан тепкен добын қақпашы ұстай алмады. Қорытынды есеп – 3:1.

«Қыран» (Шымкент) «Жетісай» (Түркістан облысы) – 0:1
Гол: Абылайхан, 73 (0:1).

Екінші лигадан келген «Жетісай» кезекті турда бірінші лигада 5-орын алған «Қыранды» ұтып кетті. Бұл да оңтүстіктегі өзіндік дерби. Матчта нақты біреуінің аса қатты басымдығы байқалмады. Тек екінші таймда тағы да Рамазан Абылайхан керемет пасты пайдаланып, жеңіс голын соқты. Нәтижесінде «Жетісай» 3 ойын қатарынан өз қақпаларына гол жібермей, турнир кестесінде 3-орынға көтерілді.
 
Айта кетейік, «Ақжайық» - «Арыс» арасындағы кездесу Батыс Қазақстан облысында су тасқынына байланысты кейінге шегерілді. Бірінші лиганың келесі туры 2-3 мамыр күндері өтеді..

Турнир кестесі
 
Команда О Ж Т Ж Д-а Ұпай
1 «Екібастұз» 4 3 1 0 7-0 10
2 «Каспий» 3 3 0 0 9-3 9
3 «Жетісай» 4 3 0 1 4-1 9
4 «Түркістан» 4 2 2 0 5-2 8
5 «Қайрат-Жас» 4 2 1 1 7-4 7
6 «Оқжетпес» 4 2 1 1 6-4 7
7 «Тараз» 4 2 0 2 5-5 6
8 «Қайсар-Жас» 4 1 2 1 3-4 5
9 «Хан-Тәңірі» 4 1 2 1 1-3 5
10 SD Family 4 1 1 2 8-9 4
11 «Арыс» 3 1 1 1 1-2 4
12 «Ақжайық» 2 1 0 1 2-2 3
13 «Ұлытау» 4 1 0 3 5-7 3
14 «Қыран» 4 1 0 3 3-6 3
15 «Ақтөбе-Жас» 4 0 1 3 2-9 1
16 «Алтай» 4 0 0 4 2-9 0
 
 
Яндекс.Метрика