Вернуться к списку статей

Плей-оффта Португалиямен кездесетін болдық

Футзал
1K
Бұл күндері футзалдан Өзбекстанда өтіп жатқан әлем чемпионаты нағыз қызған шағына келді. Топтық кезеңдер аяқталып, плей-офф бәсекесі басталды.
Қазақстан құрамасы топтағы соңғы ойынын Жаңа Зеландиямен өткізді. Ташкенттегі «Хумо Арена» спорт кешенінде Пауло Рикардо Кака шәкірттері қарсылас қақпасына жауапсыз 10 гол соқты.  Бұл ойын Қазақстанның футзал тарихындағы ең үлкен жеңістерінің бірі ретінде тіркелді. Бір өкініштісі, сол 10 голдың өзі топта бірінші орын алуға жеткіліксіз болды. Бір кем дүние деген осы шығар. Бұған кейінірек тоқталармыз.
Алдымен, матчқа аз-кем шолу жасап көрсек. Кездесуде ұлттық құраманың қорғаушысы Арнольд Кнауб пента-трик авторы атанып, ФИФА нұсқасы бойынша матчтың үздік ойыншысы деп танылды. Кнаубтың шеберлігі мен тәжірибесі команданың жеңісіне үлкен үлес қосты. Сонымен қатар, матч барысында қарсыластың қақпасына Лео Жарагуа екі гол соғып, Ринат Төреғазин мен Ақжол Дәрібай бір-бір мәртеден көзге түсті. Өкінішке қарай, матчтың 38-минутында Лео алаңнан қуылып, кездесу соңына дейін Қазақстан құрамасы бір ойыншыға кем ойнады. Бұл сәтсіздік команданың психологиясына кері әсер етуі мүмкін еді, алайда футзалшылар мықты дайындық пен командалық ынтымақтың қандай дәрежеде екенін көрсете білді.
Қорытынды есеп – 10:0. Осылайша, Қазақстан құрамасы «D» тобында екінші орын алып, 7 ұпаймен турнирдің 1/8 финалына шықты. Ал Қазақстанмен бірдей ұпай жинап, доп айырмасы бойынша ғана алға шыққан Испания құрамасы бірінші орынмен келесі кезеңге өтті. Плей-офф сатысында біздің жігіттер «E» тобының жеңімпазымен кездеседі. Португалия өз тобындағы соңғы ойында Марокконы жеңіп, Қазақстанға қарсылас атанды.
Қазақстан мен Португалия арасындағы 1/8 финал ойыны 26 қыркүйек күні Әндіжан қаласында өтеді. Матчтың басталу уақыты – 20:00. Бұл кездесу екі команда үшін де өте маңызды, себебі бұл жеңіс финалға шығу жолындағы алғашқы қадам болады.
Қазақстан мен Португалия құрамалары әлем чемпионатында осымен үшінші рет жолығады. Ең алғаш екі ел футзалшылары 2000 жылдары кездескен. Ол кезде Португалия 6:2 есебімен басым түсті. Сосын 2021 жылы Литвада өткен жаһандық доданың жартылай финалында ойнаған. Матчтың негізгі уақыты 2:2 есебімен аяқталса, қосымша уақытта екі құрама тағы бір-бір голдан салған. Бірақ пенальти сериясында Португалия 4:3 есебімен жеңіске жеткен еді. Қазақстан Португалияны бір мәрте жеңген, ол 2015 жылы Еуро-2016 іріктеу кезеңі аясында 3:1 есебімен басым түскен.
Бір өкініштісі, бұл ойынға Қазақстан құрамасының көшбасшысы Лео Жарагуа қатыса алмайды. Оның алаңнан тыс қалуы команданың тактикалық жүрісіне әсер етуі мүмкін, бірақ командада тәжірибелі ойыншылар, жас футзалшылар жеткілікті.
 
Қазақстан – Жаңа Зеландия – 10:0 (4:0)
Голдар: Төреғазин 8, Дәрібай 11, Кнауб 14, 15, 20, 22, 36, Вишневски 30 (автогол), Лео 20, 29.
Ескертулер: Есенаманов 12, Луизиньо 24, Ақбалықов 38
Алаңнан қуылған ойыншы: Лео, 38.
Қазақстан: Игита (к), Кнауб, Лео, Дуглас, Рашит – Серіков, Есенаманов, Оразов, Төреғазин, Дәрібай, Абдуманапұлы, Валиуллин, Ақбалықов.
Бас бапкер: Пауло Рикардо Кака.
Жаңа Зеландия: Антаманов – Вишневски, Али, Маникум (к), Дитфорт – Стиль, Маливук, Мартин, Эшби-Пекхам, Твиг, Поулсен, Грей, Хокинс, Шарплин.
Бас бапкер: Марвин Иканс.
 
Яндекс.Метрика