Вернуться к списку статей

«Тобыл» мен «Ақтөбенің» сенімді жеңісі

Футбол
10K
Кеше футболдадан QFL Қазақстан кубогінің алғашқы жартылай финалдық матчтары өтті. Алғашқы ойында Қостанайдың «Тобылы» өз алаңында Атыраудың «Атырау» клубын қабылдаса, екінші матчта биылғы чемпионат дебютанты Семейдің «Елімай» командасы Ақтөбеге қонаққа барды.
 
Әдетте еліміздегі футбол матчтары өте тыныш жағдайда өтетін. Алайда кешегі кубоктің жартылай финалындағы «Тобыл» мен «Атырау» арасындағы кездесудің бір ғана эпизоды отандық футбол жанкүйерлері арасында кеңінен талқыланып жатыр. Екінші таймның аяқталуына бес минут қалғанда «Тобыл» ойыншысы Жасұлан Жұмашевтың соққан голын ойынның бас төреші Артем Кучин есепке алып, матч әдеттегідей алаң ортасынан басталды. Таблодағы көрсеткіш те 2:0 есебін көрсетіп тұрды. Алайда, қызықтың бәрі матч аяқталғаннан кейін бастады. QFL-дің ресми сайты ойын хаттамасына матч 1:0 есебімен аяқталды деп жазады.

Кейіннен бұл даулы мәселеге байланысты ҚФФ ресми мәлімдеме жасады. «Матчтың 85-минутында бас төрешісі Артем Кучин VAR төрешісі Данияр Сахимен ақылдаса отырып, «Тобыл» командасының ойыншысы Жасұлан Жұмашевтың салған голын ойын ережесінің бұзылуына (допты қолмен ойнау) байланысты санамау туралы шешім қабылдады. Техникалық ақауға байланысты осы эпизодтағы бас төрешінің шешімі тікелей эфирде көрсетілмеді», делінген хабарламада.
Қалай болса да, «Тобыл» өз алаңында өткен бірінші матчта жеңіске жетті. Мәлімет үшін айта кетейік, қостанайлық ұжым биылғы маусымда алғаш рет өз алаңындағы ойынын жабық кешендегі емес, орталық стадионда өткізді.

«Тобыл» мен «Атырау» командалары биыл қатарынан екінші жыл кубогтің жартылай финалда кездесіп отыр. 2023 жылғы екі матчтың қорытындысы бойынша қостанайлықтар 1:0 есебімен басым түскен болатын.

«Тобыл» - «Атырау» - 1:0
Гол: Ахмед Эль-Мессауди, 40-минутта пенальти (1:0).

 «Тобыл»: Стас Покатилов (Қ), Ислам Чесноков (Руслан Валиуллин, 82), Папе Алиун Ндиайе, Эдедем Эдем Эссьен, Ахмед Эль Мессауди (Годберг Барри Купер, 86), Игор Иванович (Радослав Цонев, 69), Еркін Тапалов, Евгений Шахов, Иван Миладинович, Давид Домжони (Роман Асранкулов, 86), Дэвид Борис Энен (Жаслан Жұмашев, 69);

 «Атырау»: Егор Хаткевич (Қ), Игорь Стасевич (Фатхулло Олимзода, 82), Якоб Новак (Ринат Джуматов, +91), Сослан Такулов, Педро Мигель Пина, Эуженио (Аслан Әділ, 69), Николай Сигневич, Нганду Каямба Джоэл, Никита Степанов, Геворг Наджарян (Наурызбек Жагоров, 46), Олжас Керимжанов, Александр Нойок (Ерсұлтан Қалдыбеков, 82);

Бас төреші: Артем Кучин
 
Жартылай финалдың екінші матчтында ел біріншілігінің көшбасшылары – «Ақтөбе» мен «Елімай» командалары кездесті. Қазіргі таңда екі ұжым да 8 турдан кейін 15 ұпаймен алғашқы екі орынды бөлісіп тұр. Мамандар топшылағандай, Ақтөбедегі матч өте тартысты өтті. 13 мыңнан астам жанкүйер тамашалаған матчтың тағдырын алаң қожайындары бірінші таймда-ақ шешіп тастады. Кездесудің 25-минутында Дорни Ромеро ойынның есебін ашса, арада 8 минут өткенде Максим Самородов таблодағы көрсеткішті 2:0-ге жеткізіп, ойынның нүктесін қойды.

Екінші таймда қонақтар барынша алға ұмтылып, есепті қысқартуға тырысқанымен, бір голға соғуға да шамалары жетпеді. 80-ші минутта қонақтардың қақпасына пенальти белгілене жаздады. Тек бас төреші VAR жүйесін қарағаннан кейін пенальтидің жоқ екеніне көз жеткізді. Қорытынды есеп – 2:0.

Айтпақшы, бұл матч Ақтөбе қаласының 155 жылдығына тұспа-тұс келіп, «Ақтөбе» клубы жанкүйерлеріне керемет сыйлық жасады.

«Ақтөбе» - «Елімай» - 2:0
Голдар: Дорни Ромеро, 25 минут (1:0), Максим Самородов, 33 минут (2:0).

«Ақтөбе»: Игорь Трофимец (Қ), Әлібек Қасым, Дмитрий Бессмертный, Уче Хэрри Агбо, Максим Самородов (Жайро Жан, 64), Идрис Умаев, (Матео Барач, 71), Габи Кики, Хосе Севальос (Рамазан Оразов, 81),  Дорни Чалас, Арман Кенесов (Бауыржан Байтана, 64), Богдан-Илие Вэтэжелу (Багдат Каиров, 81);

«Елімай»: Мирослав Лобанцев, Дмитрий Шомко (Сергей Кейлер, 86), Сада Тиуб (Юрий Перцух, 61), Иван Свиридов (Роман Муртазаев, 61), Михаил Габышев, Рожерио Алвес Дос Сантос, Жан Али Пайруз (Еркебұлан Нұрғалиев, 61), Майком Дэвид Реджис Родригес (Робер Ндип Тамб, 73),  Егор Сорокин, Никита Корзун, Дмитрий Яшин;

Бас төреші: Болат Сариев
 
 QFL Қазақстан кубогі жартылай финалының қарымта ойындары 19 маусым күні өтеді. Атырау мен Семейдегі матчтар сағат 20:00-де басталады.
Яндекс.Метрика