Вернуться к списку статей

Елена Рыбакина Токиодағы есесін Парижде қайтарды

Теннис
6K
Теннистен еліміздің бірінші, әлемнің 4-ракеткасы Елена Рыбакина Франция астанасы – Парижде өтіп жатқан «Ролан Гаррос» турнирінің ширек финалына шықты.
 
Қазақстандық теннисші Франция ашық чемпионатының төртінші айналымында әлемнің экс-үшінші раткеткасы, дүниежүзілік рейтингте 19-сатыда тұрған украиналық Элина Свитолинамен шеберлік байқасты.

29 жастағы украиналық теннисші өз елінің даңқты спортшыларның бірі саналады. Элина бүгінге дейін WTA санатындағы жекелей турнирде 17 мәрте топ жарған. Екі рет жұптық сында үздік шыққан. Сонымен қатар 2018 жылғы WTA-ның қорытынды турнирінің жеңімпазы саналады.

Сондай-ақ ол жасөспірімдер арасындағы турнирлерде де мықтылығымен көзге түскен. Тіпті, өз қатарластары арасында әлемдік рейтингте көш бастағанын теннис жанкүйерлері жақсы біледі. Элина Свитолина 2012 жылы жасөспірімдер арасындағы «Ролан Гаррос» турнирінде чемпион атанып, бір мәрте «Уимблдон» турнирінің жекелей сынында, бір рет жұптық сынында финалға шыққан. Өкінішке қарай, екі ретінде де финалда жолы болмады. Свитолинаға әзірше ересектер арасындағы «Үлкен дулыға» турнирінің жүлдесі бұйырмай тұр. Өздеріңіз білетіндей, Елена Рыбакина 2022 жылы «Уимблдон» бәсекесінде дара шыққан болатын.

Элинаның карьерасындағы әзірге ең ірі жеңісі – 2020 жылғы Токио Олимпиадасының қола жүлдесі. Күншығыс еліндегі дүбірлі доданың қола жүлдесі үшін өткен бәсекеде Свитолина отандасымыз Елена Рыбакинаны жеңіп, жерлесімізді жүлдесіз қалдырып еді. Күні кеше Елена Украина теннисшісіне Токиода кеткен есесін Парижде қайтарып, жарыстың ширек финалына шықты. Сондай-ақ қарсыластар бұдан бөлек кортта екі рет кездесіп, екі теннисші де бір-бір мәртеден жеңіске жеткен.

Париждегі Филипп Шатрье кортында өткен турнирдің төртінші айналымындағы матчты спортшылар брейк алмасумен бастады. Есеп 2:2 болған мезетте Рыбакина тағы бір брейкпен алға шықты – 4:2. Содан кейін сетке доп бергенде сәтті ойнап, алғашқы партияны 6:4 есебімен өз пайдасына аяқтады.

Екінші сетті сәтті бастаған Елена брейкпен алға шығып алды – 2:0. Рыбакина таблодағы көрсеткішті ә дегенен 4:1-ге жеткізгенімен, Свитолина да намысқа тырысып, кейінгі екі геймді өз пайдасына жазды – 4:3. Дегенмен Рыбакина допты ойынға өзі қосқан геймде сәтті ойнап, матчты брейкпен түйіндеді – 6:3. Осылайша, 1 сағат 9 минутқа созылған бәсекеде Рыбакина 5 эйс жасап, 5 брейк-пойнтты сәтті пайдалана білді. Екі рет қос қателік жасады.

Тағы бір айта кетерлігі, Рыбакина биылғы «Ролан Гаррос» турнирінде әлі бірде-бір сетте жеңілген жоқ. Сонымен қатар Елена биылғы маусымда тоғызыншы мәрте ширек финалға шыққан жалғыз теннисші. Әлемнің бірінші ракеткасы Ига Швентек – сегіз, Коко Гауффта жеті рет ширек финалға шыққан.

Елена Рыбакина Франция ашық чемпионатының жартылай финалына шығу үшін әлемнің 15-ракеткасы италиялық Ясмине Паолинимен шеберлік байқасады. Төртінші айналымда Паолини рейтингте 70-орында тұрған ресейлік Элина Аванесямен кездесіп, үш сетке жалғасқан матчта 4:6, 6:0, 6:1 есебімен жеңіске жеткен болатын.
28 жастағы италиялық теннисші биылғы маусымды сәтті өткізіп келеді. Мәселен, ақпан айында ол Дубайдағы WTA 1000 санатындағы турнирдің бас жүлдесін олжалады. Сонымен қатар карьерасында WTA санатындағы бес турнирді жеңген (оның ішінде жекелей сайыста екі мәрте топ жарған).  

Рыбакина мен Паолини бүгінге дейін төрт мәрте кездесіп, екеуі де екі реттен жеңіске жеткен. Ең кейінгі рет теннисшілер сәуір айында Германияның Штутгарт қаласындағы турнирдің ширек финалында жолықты. Үш сетке жалғасқан матчта Елена 6:3, 5:7, 6:3 есебімен басым түскен болатын.

Матчтан кейін Елена Рыбакина ширек финалдағы қарсыласы Италия өкілі Ясмине Паолинидің оңай шағылатын жаңғақ емес екенін айтты.

«Соңғы рет біз Штутгартта ойнадық, матч үш сетке созылды. Мен алға шыққаныммен, ол жақсы қимылдап, допты қатты соғып, қайтарып отырды. Аяқпен жиі жұмыс істеуге тура келеді. Біз бір-бірімізді жақсы білеміз, ол мықты ойнайды. Элинамен өткен матч та ауыр болды деп ойлаймын. Қазір өзімді өте жақсы ойнап жүрмін деп айта аламын. Ұйқыға және денсаулығыма байланысты алаңдаушылық болды. Соңғы аптада дене дайындығы мен салмағымда аздаған жоғалту болды. Дегенмен өзімді тамаша сезінемін. Ойындарды екі сетпен бітіріп келе жатқаныма қуаныштымын», - деді Е.Рыбакина баспасөз мәслихатында.

Елена Рыбакина мен Ясмине Паолини арасындағы матч 5 маусымға жоспарланған. Ойын сағат 14:00-де басталады.
 
Яндекс.Метрика