Бокс кеші алдында Әділет ringkz.com сайтына сұхбат беріп, дайындығы, алдағы жоспарлары туралы айтып берді.
– Әділет, 21 қыркүйекте Алматыда өтетін бокс кешіне дайындық қалай жүріп жатыр?
– Аллаға шүкір, дайындық өте жақсы, жоспарға сай жоғары деңгейде өтіп жатыр. Әзірге жекпе-жекке Шымкент қаласында, жеке бапкерлерім – Мырзағали Айтжанов пен Олжас Оразалиевтің қол астында дайындалып жатырмын. Келесі аптада Алматы қаласына барып, оқу-жаттығу жиынын сол жақта жалғастырамын. Бұйырса, жанкүйерлерге жақсы жекпе-жек ұсынамын деген ойдамын.
– Осы бокс кешінде жұдырықтасатын қарсыласың туралы не айтасың? Зерттеп, аяқ алысын бағамдап көрдің бе?
– Әрине, есімі белгілі болған сәттен бастап бұрынғы жекпе-жектерін «Ютуб» желісінен қарап, бапкерлерімізбен сараптама жүргіздік. Осал қарсылас емес. Өзіне сай ерекшеліктері, стилі бар. Ал бірақ қарсыласымның аты-жөнін, өзін танымаймын, бұрын-соңды естімеген боксшым екен. Десе де, қарсыласты менсінбеу, оны бағаламау деген жоқ. Сондықтан әр қарсыласыма ерекше дайындаламын.
– Irfin Promotions ұсынысын қалай қабылдадың? Irfin туралы не айта аласың?
– Жасыратыны жоқ, Irfin Promotions ұсыныс білдіргенде қуанышты болдым. Сондықтан еш ойланбастан ұсынысын бірден қабылдап, жекпе-жекке шығуға келісім бердім. Себебі маусым айында Шымкент қаласында өткен компанияның алғашқы бокс шоуы өте жоғары деңгейде ұйымдастырылған еді. Жекпе-жектер де, боксшылардың қарсыластары да мықты болды. Бұл – промоутерлік компанияның негізгі ұстанымдарының бірі екен. Яғни, боксшыларға әдеттегідей «қапшықтарды» емес, кәдімгі беделді қарсыластарды алып келеді. Сонымен қатар төрешілер де өте әділ жұмыс істегенін айтқым келеді.
– Әділет, бұрын әуесқой бокста жүрдің. Қазақстан чемпионы атанып, әлем чемпионатына қатыстың. Кәсіпқой боксқа қаншалықты бейімделіп үлгердің? Бірнеше раунд жұдырықтасуға физикалық дайындығың қалай?
– Кәсіпқой боксқа толық бейімделдім деп айта алмаймын. Бірақ бірте-бірте бой үйретіп келемін. Бүгінге дейін кәсіпқойда екі жекпе-жек өткіздім. Әлі де үйренетін тұстар бар. Физикалық тұрғыда да қиындықтарға тап келіп жатырмын. Десе де, бірте-бірте үйреніп, әр жекпе-жек сайын бой үйретіп келе жатырмын. Бұйырса, алдағы айқаста өзімді жақсы қырымнан көрсетемін деп ойлаймын.
– Алдағы жоспар қандай?
– Болашаққа қойған жоспарымыз, мақсатымыз көп. Бастысы – бір орында тұрып қалмау, өзімізді әрдайым дамытып отыру. Сондықтан өзімді кәсіпқой бокста да сынап көріп, жан-жақты боксшы екенімді көрсету үшін келдім. Ал ең негізгі жоспарым – 21 қыркүйекте Алматыда өтетін бокс кешінде жеңіске жету.
Айта кетейік, Әділет Құрметов (2-0) 21 қыркүйектегі бокс кешінде үндістандық Вишал Кумармен (3-1-1, 2 КО) жұдырықтасады.