– Елшат, 21 қыркүйекке жоспарланған бокс кешіне дайындық қалай жүріп жатыр?
– Алдағы кездесуге дайындық өте жоғары деңгейде өтіп жатыр. Күн өткен сайын бабыма еніп келемін. Осыдан төрт ай бұрын Шымкентте өткен бокс кешіне жақсы дайындықпен, өз бабыммен бара алмаған едім. Осы жолы дайындықты күшейттік, ерекше жаттығып жатырмыз. Сондықтан 21 қыркүйекте жанкүйерлерге ұнайтын шоу ұсынамын деген ойдамын.
– Қарсыласың туралы не айтасың? Бұрын-соңды естуің бар ма? Қандай артықшылығын немесе кемшілігін білесің?
– Танзаниялық Мухсин Кизотамен (20-5, 5 КО) таныс емес екенмін. Қарсыласым болатыны белгілі болған соң ғана интернеттен іздеп, жекпе-жектерін қарап көрдім. Бүгінге дейін кәсіпқой бокста 25 кездесу өткізген екен. Өз салмағында белбеуге де қол жеткізген. Сондықтан, ол – жәй қарсылас емес. Рингте өзін еркін сезініп, өте шапшаң қимылдайды. Өздеріңіз білетіндей, бокста оңай қарсылас жоқ, ешкім шаршы алаңға жеңілемін деп шықпайды. Оның Қазақстанға жеңіс үшін келе жатқаны түсінікті. Бірақ мен өз жерімде, жанкүйерлеріміздің алдында оған жеңісті бермеймін. Өйткені ол менің деңгейімдегі боксшы емес.
– Irfin Promotions ұсынысын қалай қабылдадың? Irfin туралы не айта аласың?
– Қамқор ағаларымыздың,жақсы сыйлас достарымыздың ұсынысымен, солардың айтуымен Irfin Promotions компаниясымен келісімшартқа отырдым. Өйткені, Irfin-нің бағыты – айқын, мақсаты – жоғары. Құрылғанына аз уақыт болса да, осы мерзім ішінде тек Қазақстанға ғана емес, Азияға да танымал беделді промоутерлік компанияға айналып келеді.
Сондай-ақ қарсылас пен төрешілер таңдауда белгілі бір талаптарға бағынып, жекпе-жек барысында әділ шешім шығаратын компания деп айтар едім. Бұл менің аталған промоутерлік компаниядағы екінші айқасым. Біріншісін 8 маусымда Шымкентте өткізген болатынмын. Irfin Promotions компаниясы бізге үлкен үміт артып отырған соң, біз де қолымыздан келгенін аяп қалмай, әлемдік белбеулерге бірге қол жеткіземіз деп сенемін.
– Алдағы жоспар қандай?
– Әзірге, басты жоспарым – 21 қыркүйектегі жұдырықтасуға жақсы дайындалып, жанкүйерлерімді жеңісіммен қуанту. Қалғанын бокс кешінен кейін көре жатармыз. Айқастан соң команда болып жиналып, әрі қарайғы бағытымызды тағы бір мәрте айқындап аламыз. Ал ұзақ мерзімді жоспарым – әрине, кәсіпқой бокста әлем чемпионы атану. Әлемнің ең мықты боксшыларымен жұдырықтасып, белдіктерді Қазақстанға алып келу. Бұйырса ол күнге де жетеміз деп ойлаймын.
– Уақыт тауып сұхбат бергеніңе көп рахмет!