Вернуться к списку статей

Бішкектен екі алтын бұйырды

Күрес
15K
Бішкекте күрес түрлерінен Азия чемпионаты аяқталды. Сары құрлық біріншілігіне Олимпиада ойындарына жолдама алған және екінші нөмірлі балуандар қатысты. Қазақстанның да бірнеше салмақтағы негізгі балуаны алдағы лицензиялық турнирге дайындалып жатыр. Сондықтан Азамат Дәулетбековтен басқасы қатыспады. Сонымен көрсеткішке тоқталып өтейік.


Жарысты алдымен еркін күрес балуандары бастап, қоржынымыз 1 алтын, 2 күміс, 1 қола медаль толықты. Осылайша жалпы есепте төртінші орын алды. 

Жалғыз алтынды 86 келіде белдескен Азамат Дәулетбеков еншіледі. Ол  финалда өзбекстандық Жабраил Шапиевті 5:2 есебімен жеңді. Осылайша ол өз салмағында үш дүркін Азия чемпионы атанды. 

Дәулетбеков жарысты ширек финалдан бастап, Иран балуанын 3:1 есебімен жеңді. Сондай-ақ жартылай финалда қытай өкілін 11:0 уақытынан бұрын ұтты.
Бұған дейін Азамат Дәулетбеков Азия чемпионатынан бөлек, әлем біріншілігінде екі рет қола жүлдеге қол жеткізген. 
«Жеңіс тұғырынан көріну оңай болған жоқ. Десе де сәттілік серік болды. Үшінші мәрте чемпион атағын жеңіп алдым. Осы жеңісімді су тасқынынан зардап шеккен қазақстандықтарға арнаймын. Ешкімнің еңсесі түспесін деймін. Біз сіздермен біргеміз», - деді Азамат Дәулетбеков.

Күміс жүлденің біреуі 61 келіде белдескен Асыл Айтақынға бұйырды. Отандасымыз финалда қырғыз балуанына есе жіберді.
Екінші күміс медаль Ризабек Айтмұқанның еншісінде. Қазақ балуандары арасында еркін күрестен шыққан тұңғыш әлем чемпионы жаңа салмағында Азия күміс жүлдесін қанжығасына басты.

Былтыр ол 92 келіде финалға шығып жеңілсе, биыл 97 келіде өнер көрсетіп, әлем чемпионы Ахмед Тажудиновке есе жіберді.

Қарсыласы Ресейде дүниеге келген 21 жастағы балуан. Ол 2022 жылдан бері Бахрейн елінің атынан сынға түсіп келеді. 2023 жылы 97 келіде әлем чемпионы атағын жеңіп алса, Ханчжоуда өткен Азия ойындары және Азия чемпионатында алтын медаль иегері атанды.

«Бұл салмақта Ахметтен де басқа мықтылар бар. Бәрімен күресуге болады. Олардың да екі қолы, екі аяғы бар, ешкімнің ешкімнен артықшылығы жоқ. Тек екінші рет күміс жүлде алғаным өкінішті. Осы жолы чемпион боламын деп ойлаған едім», - деді Ризабек финалдық белдесуден кейін.

Сонымен қатар  57 келі салмақта ел намысын қорғаған Мейрамбек Қартбай қола медаль иегері атанды.


Ал грек-рим күресінен ұлттық құрама алтын, 2 күміс, 1 қола медальмен шектелді. Алтын жүлдені Ержет Жарлықасын (63 келі) иеленсе, Нұрсұлтан Тұрсынов (87 келі) пен Юсуф Мациев  (97 келі) күміс, Ибрагим Магомадов (77 келі) қола жүлдеге болды.

Ержет Жарлықасын финалда (63 келі) XIX жазғы Азия ойындарының күміс жүлдегері Айата Сузукиді (25 жаста, Жапония) ұтты. Белдесу 6:6 есебімен аяқталған. Ұпай сапасы жағынан жерлесіміз басым болды.
Бұл Ержеттің (23 жаста) ересектер арасындағы алғашқы жарысы әлі алғашқы халықаралық жарыстағы жүлдесі.

Нұрсұлтан Тұрсынов (87 келі) ақтық сайыста ирандық Насер Хасем Ализаденің мықтылығын тағы мойындады. Былтыр бұл екеуі Астандағы Азия чемпионатының финалында күресіп, жеңіс ирандықтың уысында кеткен.

Екінші күміс Юсуф Мациевтің еншісінде. Ол финалда Олимпиада ойындарының қола жүлдегері және әлем чемпионы ирандық Мохамедхади Саравидан айласын асыра алмады.

Сондай-ақ жаңа салмаққа ауысқан Ибрагим Магомадов (77 келі) қола медаль жолында Омар Абдиден (Иран) айласын асырды.

Ал қыздарымыз төрт қола медальмен қайтты. Екі күнде әйелдер күресінен бір де бір спортшымыз Азия чемпионатының финалына өте алмады. 


Бойжеткендерімізден Лаура Алмағанбетова (57 келі), Диана Каюмова (59 келі), Анастасия Панасович (72 келі) пен Рио Олимпиадасының қола жүлдегері Эльмира Сыздықова (76 келі) үздік үштіктен көрінді.
Автор: Бек Төлеу
Яндекс.Метрика