Вернуться к списку статей

Бокстағы өзгерістер. Бас бапкер ауысып, сыйақы көлемі бекітілді

Бокс
3K

Бүгін бокстан Қазақстан әйелдер құрамасының бас бапкері ауысты. Сонымен қатар Париж Олимпиадасында жүлде алған боксшыларға Қазақстан бокс федерациясы тарапынан берілетін сыйақы көлемі анықталды.

Алдымен, бапкерге келсек, бұрымды боксшыларымызды алдағы уақытта Елдос Сайдалин баптайды. Бір кездері боксшы ретінде 60 келіге салмақта елімізде атой салған жігіттердің бірі соңғы 16 жыл көлемінде бапкерлікпен айналысып жүр.

13201

2020 жылдан бері әйелдер боксынан Қазақстан жастар және жасөспірімдер құрамаларының аға бапкері.

Оның жетекшілігімен 2021 жылғы әлем чемпионатында қыздарымыз 2 күміс, 3 қола медаль еншілеген.

2022 жылы Әлем чемпионатында жастар құрамасы 2 алтын, 2 күміс, 3 қола медаль жеңіп алды. Ал 2023 жылы Астанада өткен жастар және жасөспірімдер арасындағы Азия чемпионатында Қазақстан қыздары ел қоржынына 8 алтын, 4 күміс және 9 қола медаль салды. Сондай-ақ, былтыр Арменияда өткен жасөспірімдер арасындағы дүниежүзілік додада 3 алтын, 5 қола медаль жеңіп алды.

Ал осыған дейін Қазақстан қыздар бокс құрамасының бас бапкері болған Шамиль Сафиуллин қызметінен кетті. Өйткені Париж Олимпиадасына әзірге жалғыз Карина Ибрагимова ғана жолдама алған. Сондай-ақ құраманың ішінде алауыздық туралы жиі айтылады.

Одан бөлек, Парижде атой салатын боксшыларға берілетін сыйақы көлемі бекітілді.

Атап айтқанда, төртжылдықтың басты бәсекесінде топ жарған қазақстандық боксшыға 220 мың АҚШ доллары беріледі. Күміс медаль үшін – 120 мың доллар тағайыдалса, үшінші орын алған боксшы 70 мың долларды қалтаға салады. Сондай-ақ, төртінші орынға – $30 000, бесінші орынға – $10 000 сыйақы қарастырылған.

Ал бас бапкер мен жаттықтырушылар алқасы орын алған боксшы сыйақысының 30 пайызына пара-пар қаржылай сыйақы алады, - делінген ҚБФ таратқан хабарламада.

Бүгін бұл жаңалықты боксшыларға федерация президенті Шахмұрат Мүтәліптің өзі хабарлады. Ұлттық құрама мүшелеріне ауызашар берген ол жиын соңында Олимпиадаға лицензия алған боксшылар мен бапкерлерге тағы да ақшалай сыйлық берді. Атап айтқанда, боксшылардың әрбірі 20 мың доллардан алса, бас бапкер Мырзағали Айтжановқа 10 мың доллар берілді. Бұдан бөлек, ұлттық құраманың өзге жаттықтырушылары да сыйақыға ие болды.

Автор: Асфендияр Жанаділ
Яндекс.Метрика