Вернуться к списку статей

Жанкүйерлерді жерге қаратпаймыз - Әли Әлиев

Футбол
3K
Футболдан Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкерінің міндетін атқарушы Әли Әлиев Астанада баспасөз мәжілісін өткізді. Ол 1 сағаттан астам уақыт тілшілердің сауалына жауап берді.
 

–  Құрамаға бас бапкер болу туралы ұсыныс қайдан түсті?
– Федерация президенті Марат Омаров отандық маманға сенім артып отыр. Екеуара әңгіме барысында құрамаға жаңашылдық, динамика, агрессия керек екенін естідім. Біз агрессия көрсете алатындай жаңарған жастары бар құрама жасақтағымыз келеді. Жанкүйерлерді жерге қаратпаймыз.
–  Қандай тактикаға көбірек мән бересіз?
– Станислав Черчесовтің кезінде екі орталық қорғаушы ортаға дейін көтерілді. Сол кезде қақпамызға бірнеше гол кірді. Барлығы статистикада бар. Бұл жерде тактика емес, схеиа және футболшылардың физикалық дайындығы маңызды. Қазір құрамада Нұралы Әліп, Әлібек Қасым, Александар Марочкин, Ұлар Жақсыбаев, Әділбек Жұмаханов секілді қорғаушылар бар. Олардың күшін максимум пайдалану керекпіз. Енді екі орталық қорғаушыдан қайтадан үш орталық қорғаушы жүйесіне өту футболшылардың жағдайына байланысты. Егер мобильді әрі агрессивті ойын көрсетсек, шабуылға да емін еркін шыға аламыз.
– Станислав Черчесовтің жалақысы өте үлкен сома болды. Сізге федерация қанша төлемекші?
– Маған елімді таныстыру құрметі бұйырды, және мен Марат Талғатұлымен (Омаровпен) ешқандай сома туралы сөйлескен жоқпын. Қандай жалақы бекітсе, сонымен жұмыс істеймін. Егер мүлде бекітпесе, бәрібір жұмысымды жалғастырамын. Артыңда 20 миллион халық тұрғанда, келісімшарт сомасы туралы сөз қозғау орынсыз. Станислав Саламовичтің жалақысы менің құзыретіме кірмейді, сондықтан оны талқылай алмаймын.
– Станислав Черчесов үнемі әр жеңілістен кейін «құраманың ойынында прогресс бар» дейтін. Сіз қандай позитив көре алдыңыз?
– Станислав Саламовичтің әріптесі ретінде мен оның жетістіктерін қолдадым. Ол Ресей құрамасымен жақсы нәтижелерге қол жеткізді, Польша мен Венгрия чемпионаттарында жеңіске жетті. Өз әдістемесінде әрдайым тәртіп туралы айтатын. Бұл тәртіп Оразов пен басқа да ойыншылар белгілі бір жағдайлар үшін шеттетілген кезде көрінді. Оның жұмысын жанкүйерлер бағалауы керек.
– Құрамаға ойыншыларды натурализация жасау қажет пе?
– Егер адам белгілі бір уақыт осында тұрса, нағыз дала қазағына айналса, Қазақстан футболына шын көмектескісі келсе, неге мүмкіндік бермеске?    Футзалда өз адамымымызға айналып кеткен бразилиялықтар осыған дәлел. Бірақ бізге тек ойнап кететін адам емес, сапа көрсететін адам керек.
– Жақында жас шабуылшы Дастан Сәтпаев «Челсимен» келісімшарт жасасты. Оның болашағы туралы не айтасыз?
–  Меніңше, Дастан өзбекстандық Абдукодир Хусановтан мықтырақ. Егер футболға деген қарым-қатынасы дұрыс болса, оның болашағы алда. Дастанның генетикасы қандай екенін көрсеңіздер болады. Ол нағыз атлет. Еуропалық стандарт бойынша даму мүмкіндігі берілсе, қолынан бәрі келеді. Бүгінгі таңда «Реал Мадридте» Арда Гюлер мен бразилиялық Эндрик бар. Дастан қазақстандық болған соң, көп ешкім назар аудар қойған жоқ. Дегенмен, Сәтпаев халықаралық аренада өзін дәлелдеуге мүмкіндігі жеткілікті.
– Жалпы Дастанның құрамада қазір ойнау мүмкіндігі қандай?
– 16 жастағы талант Дастан Сәтпаевты құрамаға шақырғанды қанша адам қолдайтынын білмеймін. Бұл жерде физикалық дайындық, психология бар. Киім ауыстыратын бөлмеде өзінің ағаларын көргенде қандай күйде болады, ол жағы да маңызды. Атмосфераны сезінсін деген мақсатпен әрине құрамаға шақыруға болады. Дегенмен, халықаралық аренаға алдымен жастар құрамасымен бастағаны дұрыс секілді. Ол жастығына қарамастан қорықпайды, маған Самородовты елестетеді. Бірақ бірден қазір құрамаға шақырсақ, психологиялық тұрғыда қиын соғуы ықтимал. Ондай тәуекелге барсақ, карьерасыңа кері әсерімізді тигізіп алуымыз да ықтимал
– Серікжан Мұжықов секілді ардагер ойыншыларға мүмкіндік беріле ме?
– Жақында құрама капитаны Асхат Тағыбергенмен әңгімелестік. Басқа да футболшылармен байланыс бар. Қандай футбол моделін қолданатынымызды түсіндірдім. Солтүстік Македония құрамасы бір матчта шартты түрде 2 мың шақырым жүгіріп тастайды. Егер біздің команданың физикалық қуаты ондай болмаса, басқалармен бәсекелесуіміз қиын. Ондай жағдайда 15 минуттан кейін бензин бітіп қалады. Жас болса да жалқауланып, тек паспен ойнайтын Мейрамбек Қалмырза, немесе Мужиков пен Тағыберген болсын, бәріне айтылды. Біздің өз ойын моделіміз қажет. Егер құрамаға 15 кг артық маймен келсе, онда ойната алмаймын. Құрамаға майданда шайқасатындай мығым жігіттер керек. Дайын болуы тиіс. Бұл футбол соғысы. Құраманың ойынына екі ай бұрын дайындалуың тиіс. Физикалық дайындық жөніндегі бапкермен байланыста боламыз. Футболшылардың физикалық қуаты өте маңызды.
– Көптен бері Георгий Жуков құрамаға шақырылмай жүр...
– Жуковты қарастырамыз, ол осы Қазақстанның тумасы. Біз онымен хабарластық. Барлығын түсіндіруге тырыстық. Оның өмірі Қазақстанмен қаншалықты байланысты? Егер төлқұжатпен шаруасын шешіп, тек Қазақстан азаматы боламын десе ойнайды. Тек футбол карьерасы үшін ойнағысы келсе, онда қажет емес.
– Құраманың осыған дейін бірінші нөмірлі қақпашысы болып келген Игорь Шацкий бірінші лигада жүр. Құрамаға шақырасыздар ма?
– Игорьды мен жақсы білемін. «Шахтерде» бас бапкер болғанда бірге жұмыс істедік. Ол қазір жағдайды сәл қиындатын жолды таңдады. Бірінші лигада бәсекелестік төмен. Құрам есігі ешкімге жабық емес. Үнемі жағдайды бақылап, мониторинг жасап отырамыз.
Яндекс.Метрика