Вернуться к списку статей

Жетісай жақта туған Еуропа чемпионы

Футбол
222

Қазақстан ұлттық құрамасы наурыз айында Ұлттар лигасының плей-офф матчында Грекиямен кездеседі. Осы ойын қарсаңында екі елге қатысы бір футболшының таныстырмақшымыз. Оның есімі – Димитриос Пападопулос.

Димитриос Пападопулостың аты Еуропада жақсы танымал. 2004 жылы Португалияда өткен Еуропа чемпионатында топ жарған Грекияның «алтын» құрамасында ойнаған. Әйгілі бапкер Отто Рехагель сенім артқан жігіттердің бірі. Дәл осы футболшы 1981 жылы 20 қазанда бұрынңғы Оңтүстік Қазақстан қазіргі Түркістан облысының Гагарин ауылында дүниеге келген. Өкінішке қарай, бұл ауыл қазір Өзбекстан аумағында қалып қойған.Негізі 1963 жылы Исмайыл Юсуповтың кезінде Мақтаарал ауданымен бірге өтіп кеткен. Бірақ Мақтаарал 1971 жылы қайтадан Қазақстанға қосылды. Ал Мырзашөл өлкесі (ішінде Гагарин де бар) сол жақта қалып қойды.

1946-1949 жылдары Грекияда азаматтық соғыс болған еді. Сол кезде халықтың біраз бөлігі шекарадан аса бастады. Көбісі Германияға қоныс аударды. Ал қалғанын КСРО құшағына басты. Сондай қиын кезде Димитриостың ата-анасы Қазақстанды паналаған. Болашақ футболшы біздің елде он жасқа дейін тұрған. Тоқсаныншы жылдардың басында, гректердің көпшілігі тарихи отандарына көше бастағанда, Пападопулостың отбасы да өз елдеріне кеткен. Кейбір дерек көздеріне қарағанда футболдағы алғашқы қадамын Қазақстанда бастаған.

Ал Грекияға келген соң «Акратитос» командасында доп тебе бастайды. Бұл клубта 57 ойын өткізіп, 20 гол соғады. Кейіннен 20 жасында Англияға сапар шегеді. Ол жақта «Бернли» командасына қабылданады. «Тұманды Альбионда» екі жыл өткізген соң, Грекияға қайта оралады. Сол кезде футболшының алдында екі таңдау тұрған: біреуі грекиялық «Панатинаикос» болса, екіншісі Киевтің«Динамо» командасы. Ол екіншісін таңдады. Футболшы бұл шешіміне өкінген жоқ. 2004 Пападопулостың жұлдызы жарқыраған жыл болды. Ол өнер көрсеткен «Панатинаикос» командасы дубль жасап, Грекия чемпионаты мен кубогында жеңіске жетті. Шабуылшы чемпионатта 17 гол соқты. Мергендер тізімінде бразилиялық футболшы Джованнидан кейінгі екінші орынға тұрақтады.Сол жылы Португалияда өткен Еуропа чемпионатына қатысты. Бас бапкер Отто Рехагель 23 жастағы шабуылшыға сенім артып, Пиреней түбегіне алып барды. Бұл құрлық біріншілігінде Грекияның қандай жетістікке қол жеткізгенін жақсы білесіздер. Зидан, Фигу, Деку, Беккэм, Анри секілді кілең жұлдыздар ойнайтын кәріқұрлықтың жұлдызды құрамаларына қарсы неміс маманы керемет тактика құра білді. Грекия өз тарихында тұңғыш рет Еуропа чемпионатында топ жарды.

Еуропа чемпионатынан кейін Грекия өз жерінде Олимпиада ойындарын өткізді.Бақтияр Артаев тұғырға көтерілген Афины Олимпиадасында Пападопулос футболдан Грекияның Олимпиадалық құрамасының капитаны болды. Одан бөлек, Грекия футбол федерациясы шабуылшыны грек ойыншыларының арасында жылдың үздік ойыншысы деп таныды.

12628

Димитриос Пападопулос «Панатинаикос» сапында 2003-2008 жылдары өнер көрсетті. Ішкі чемпионатта 125 матчта 52 гол соқты. Одан кейін Италия, Испания, Хорватия командаларында ойнады.

2012 жылы Грекияға қайта оралды. Алдымен жарты маусым «Левиадакос» сапында доп тепті. Сосын «Пантракикосқа» ауысты. Бұл кезде Пападопулосты жанкүйерлер ұмыта бастаған болатын. Дегенмен ол өзінің еңбекқорлығының арқасында қайтадан гол соғып, спорттық бабына ене бастады. Тәжірибелі ойыншы 2012/13 жылғы маусымда 25 ойын өткізіп, 11 гол соқты. Пападопулостың арқасында команда жоғары лигадағы орнын сақтап қалды. Грекия футбол федерациясы шабуылшыны жылдың үздік ойыншысы деп таныды. Ол дауыс беру қорытындысы бойынша өзінің басты бәсекелесі Костас Митроглу мен Стефанос Атанасиадистен басып озды.

– Мен әрқашан бұрынғы деңгейіме, спорттық бабыма қайта келетініме сенімді болдым. Осы тұрғыдан алғанда, маған «Пантракикос» мүмкіндік берді. Біз аса тартысты өткен чемпионатта өз орнымызды сақтап қалдық, – деді футболшы марапаттау рәсімінде.

Ал 2014 жылдан бері қазақстандықтарға жақсы таныс ПАОК командасының ойыншысы.

Футболшы Грекия құрамасы сапында 20 матч өткізіп, 2 гол соққан. 2004-2005 жылдары Германиядағы әлем чемпионатының іріктеу кезеңінде Қазақстан мен Грекияның бір топта ойнағанын білесіздер. Сол кезде алаңға шыққысы келіпті Димитриостың. Бірақ бас бапкер Отто Рехагель мүмкіндік бермеген. Естеріңізде болса, Алматыдағы матчты Елбасының өзі тамашалаған болатын.

Димитриос Пападопулос орыс тілінде еркін сөйледі. Ресейлік әріптестерімізге берген сұхбатында әкесінің Қазақстан және Ресей құрамаларына жанкүйер екенін айтыпты.


Автор: Бек Төлеу
Яндекс.Метрика