Вернуться к списку статей

Уфадағы драма «Барысқа» сәттілік әкелмеді

Хоккей
230

Құрлықтық хоккей лигасында өнер көрсететін Астананың «Барыс» клубы Уфада жергілікті «Салават Юлаев» клубына есе жіберді.

Жалпы екі ұжым осыған дейін 59 рет жолыққан. «Барыс» тек соның 26-сында жеңген, қалғанында қарсылас басым болған. Бұл жолы 60-рет ойнады.

Жақында елордалық ұжымның жетекшілері бапкерді ауыстырған. Ғалым Мәмбетәлиевке демалыс беріп, орнына Олег Болякинді қойған.

Уфада өткен алғашқы ойынында жаңа бапкер қолынан келгенін жасады. Бірақ жеңіс бұйырған жоқ. Дегенмен, теке-тіреске толы матч болды. Бірінші кезеңде «Барыс» екі мәрте алға шыққан.

Екінші 20-минуттықта қонақтардың ойыны жүрген жоқ. Қақпашы Эдди Паскуале екі рет қателесті. Мұны «Салават Юлаев» кешірген жоқ.

Дегенмен, «Барыс» жігіттерінің салы суға кетпей, үшінші кезеңде естерін жинағандай болған. Тіпті, таразы басын теңестіріп үлгерді. Аркадий Шестаков пен Евгений Рымарев ойынды қайта қыздыра түскен. Бірақ әдеттегідей соңғы үш минут қалғанда бесінші шайбаны жіберіп, бармақтарын тістеді. Айдын иелері 5:4 есебімен жеңіске жетті.

«Салават Юлаев» (Уфа, Ресей) «Барыс» (Астана, Қазақстан) 4:5 (2:2, 2:0, 1:2)

Шайба:
0:1 – 08:15. Оберг (Старченко).
1:1 – 10:29. Коледов (Хафизуллин, Сучков).
1:2 – 11:46. Камара (ЛаБейт).
2:2 – 14:02. Тимкин (Кулёмин, Ефремов).
3:2 – 23:03. Мелош (Шмелёв, Шаров).
4:2 – 26:42. Сучков (Шмелёв, Шаров).
4:3 – 44:33. Шестаков (Оберг, Ножье).
4:4 – 54:56. Рымарев (Шестаков, Скленичка).
5:4 – 57:22. Кулёмин (Хмелевский, Бирюков).

Олег Болякин, «Барыс» клубы бас бапкерінің міндетін атқарушы:

– Жақсы ойын болды. Үшінші кезең өзіме ұнады.Дегенмен, өрескел қателіктер бар. Сондықтан бесінші шайбаны жіберіп, ұпайдан айырылдық. Қателікпен жұмыс істеу керек.

– Екінші кезеңнен 2:4 есебімен ұтылып жаттыңыздар. Жігіттерді үзілісте қалай қайрадыңыз?

– Матчтың алдында жігіттерге ойынды ретке келтіру екенін баса айтқанмын. Қарсыластың кім болғаны маңызды емес. Бізге өз ойынымызды ойнауды үйрену керек. Сондықтан алғашқы кезеңде аздаған хаос болды. Үзілістен соң, жігіттер философияны түсінді. Сөйтіп, гол соға бастадық.


Автор: Асфендияр Жанаділ
Яндекс.Метрика