Қазақстан клубтары жаңа маусымға дайындалып жатыр. Клубтардың көбісі Түркияда. Тек «Астана» мен «Қайрат» ғана Біріккен Араб Әмірліктерінде жаттығып жүр. Осы ретте командалардың трансфердегі соңғы жаңалықтарын тізбектеп көрген едік.
«Ордабасы»
Ел чемпиондарының қатарында өзгерістер бар. Клубқа 33 жастағы украиналық қорғаушы Игорь Пластун келді.
Ол «Оболони» командасының түлегі. Сонымен қатар «Карпаты» командасында ойнаған. 2016 жылы 500 мың еуроға Болгарияның «Лудогорец» командасы сатып алған. Сосын 2018 жылы Бельгияның «Гент» клубына 3 миллион еуроға сатады.
Арада үш жыл өткенде «Лудогорецке» оралады. Бұл жолы трансфер 1 миллион евроға бағаланды. Болгария клубында 166 матч өткізіп, 6 гол соққан. Еврокубокта 70 матчқа қатысқан.
Украина құрамасында 5 кездесуге шыққан.
«Астана»
Елорданың «Астана» клубы Грекиядан қорғаушы алдырды.27 жастағы оң қапталдағы қорғаушы Яннис Масурас енді «Астанада» доп тебеді. Жақында клубтан армениялық Камо Оганесян кеткен. Енді оның орнын Яннис баспақ.
Бұл футболшы өз карьерасын Грекиядан бастаған. Қорғаушы «Олимпиакос», «Кифисиас» командаларында ойнаған. Сосын Нидерландыда «Спарта», Польшада «Гурник» клубында доп тепкен.
«Ақтөбе»
Биыл «Ақтөбе» чемпиондыққа ерекше дайындалып жатқан тәрізді. Команда құрамына Еуропада доп тепкен футболшылар келіп жатыр. Солардың бірі Уче Агбо. Нигериялық ойыншы Transfermarkt мәліметі бойынша еркін агент ретінде ауысқан.
Ол бұған дейін өз елінде «Баи Бойз», «Тараба», «JUTH» және «Эньимба» командаларында өнер көрсеткен. Сосын Еуропаға келіп, Италияның «Удинезе», Испанияның «Гранада», «Райо Вальекано» және «Депортиво» Ла Корунья, Англияның «Уотфорд», Бельгияның «Стандард» және Португалияның «Брага» секілді белгілі клубтарда ойнаған.
Соңғы ұжымы – Словакияның «Слован» клубы. Бұл команданың намысын 2021 жылдың қыркүйегінен қорғаған.
Нигерия құрамасында бір матч өткізген.
Ресейдің «Крылья Советов» кубында ойнаған хорватиялық қорғаушы Матео Барач та келіп қосылды.
29 жастағы ойыншы оның алдында «Сочиде» доп тепкен. Жалпы карьерасында «Остенде» (Бельгия), «Рапид» (Австрия), «Осиек», «Шибеник», «Драговоляц», «Юнак» (Хорватия), «Волен» (Швейцария) командалары болған.
Хорватия құрамасында бір матч өткізген.
«Тобыл»
Қостанай клубы 27 жастағы тоголық жартылай қорғаушы Давид Эненді қатарына қосты.
Ол карьерасын Бельгиядан бастаған. 2010 жылы «Стандардтан» тағы бір Бельгия клубы «Андерлехтке» ауысады.
Кейіннен карьерасы Англияның «Флитвуд», «Эвертон» клубтарында жалғасты. Грекияның «Олимпиаакос», Бельгияның «Шарлеруа», Францияның «Гренобль» секілді ұжымдарында өнер көрсеткен. «Тобылға» дейін Бельгияның тағы бір командасы «Кортрейкте» ойнаған.
Того құрамасында 17 матч өткізіп, 2 гол соққан. Жалпы, карьерасында 214 матчқа қатысып, 18 мәрте мергендік танытқан (13 ассистент).
«Қайсар»
Қызылорданың «Қайсары» аз бюджетпен алтылықтан табылған. Биыл одан да жоғары орындардан көрінгісі келеді. Бас бапкер Виктор Кумыков өз тактикасына сай келетін ойыншыларды жинап жатыр. Солардың бірі – бойы 194 сантиметрлік Йован Пайович.
Черногориялық ойыншы өз отанында «Беране», «Морнар», «Младость Лье», «Подгорица»және «Езеро» клубтарында доп тепкен.
Соңғы ұжымы – Мальтаның «Биркиркара» клубы. Ол былтырғы жылдан бері ойнаған.
Сонымен қатар өзбек футболшысы Шохназар Норбеков келді. 29 жастағы шабуылшы өз елінде «Металлург Бекабад», «Сурхан», «Тұран», АГМК және Сингапурдың «Сада Сумут» клубында доп тепкен.
Отандық шабуылшы Тоқтар Жаңғылышбай да биылғы маусымды «Қайсар» сапында өткізеді. Ол бұған дейін бұл команда құрамында 2017/18 жылдары ойнаған.
«Шахтерде» көзге түсіп, «Астана», «Қайрат» клубтарына ауысқан ойыншы соңғы жылдары жолы болмай жүрді. Былтыр Атакенттің «Мақтаарал» клубында 24 матчта 4 гол соғып, 6 нәтижелі пас берген.
Бас бапкер Виктор Кумыковқа Жаңғылышбайдың қабілеті жақсы таныс. Сондықтан 31 жастағы ойыншы қайтадан ойнап кетеді деп үміттенеміз.
Айтпақшы, Садьо Маненің отандасы, сенегалдық Ламин Тункарда енді «Қайсардың» намысын қорғамақ. 18 жастағы ойыншы ерте жастан Қазақстанға келді.
«Елімай»
Француз футболшысы Квентин Корнетт ресми түрде Семейдің «Елімай» клубына ауысты. 30 жастағы тәжірибелі жартылай қорғаушы Грекияның «Волос» командасынан келді.
Ол негізі Францияның «Монпелье» клубының түлегі. Ал Францияның 1 лигасында «Амьен» командасы құрамында 33 матч өткізген. Сосын «Гавр» клубында ойнаған.
«Елімай» осы маусымаралық үзілісте Сергей Кейлер, Дмитрий Яшин, Мирослав Лобанцев, Рожерио Алвес Дос Сантос, Юрий Перцух, Роман Муртазаев, Иван Свиридов, Майком Дэвид, Иван Шараванья, Николай Золотов, Никита Корзун келіп қосылды.
Жақында Дмитрий Шомко да «Елімай» ойыншысы атануы мүмкін. Футболшы «Ақтөбенің» жаңа бапкеріне керек болмай қалды.
«Жеңіс»
Премьер-лиганың тағы бір дебютанттары Астананың «Жеңіс» клубы Беларусь елінің БАТЭ командасынан Дениса Гречихоны жалға алды.
Ол былтыр БАТЭ сапында барлық матчта 30 кездесуге қатысқан. Әріптестеріне 9 нәтижелі пас берген.
Ол кәсіби карьерасында өз елінде «Днепр», «Рух» и «Динамо» (Минск) клубтарында ойнаған.