Бұл күндері әлемнің әр қиырында теннистен түрлі деңгейдегі халықаралық жарыстар өтіп жатыр. Жер-жаһанның үздік спортшылары бақ сынайтын додалы бәсекеге Қазақстанның өрендері де қатысып, бірнеше турнирде топ жарды.
Атап айтар болсақ, ересектер дуында өнер көрсетіп келе жатқан 24 жастағы Алматы қаласының тумасы, теннистен ұлттық құрама мүшесі Жібек Құламбаева Польшаның Бытом қаласында өткен ITF W50 санатындағы жұптық сынның жеңімпазы атанды.
Жарыстың 1-ракеткалары болып тіркелген қазақстандық теннисші бұл сында италиялық Николь Фосса Уергамен жұп құрап ойнап, жарыс барысында төрт кездесуді сәтті өткізді. Қазақстандық-италиялық дуэт финалда доданың 2-ракеткалары украиналық – Марина және Надя Колбпен кездесті. Аса тартысты кездесуде Құламбаева-Фосса Уерга жұбы қарсыластарын 7:6 (8:6), 6:2 есебімен тізе бүктіріп, жарыстың бас жүлдесін жеңіп алды.
Сонымен қатар қазақстандық жасөспірім теннисшілер Германияның Карлсруэ қаласында 12 жасқа дейінгілер арасында өткен Tennis Europe жарысында Полина Лазаренко жұптық сында чемпион атанды.
Лазаренко болгариялық Рая Петковамен бірге шешуші ойында камбэк жасап, германиялықтар Найле Буи – Дарья Строгалшиковадан басым түсті – 4:6, 7:6, 10:8. Жекелей сында Полина финалда ғана корт иесі Лиузе Симоға есе жіберді – 3:6, 5:7.
Черногорияда екінші санаттағы осындай додада Ақзере Ерімбет пен Эмилия Старусева финалға дейін жетті. Титул үшін матчта қазақстандықтар ресейлік Полина Кашытсина – украиналық Софья Трибадан ұтылып қалды – 3:6, 4:6.
Өскемен қаласында әйелдер арасында ITF W15 турнирі мәресіне жетті. Аталмыш жарыста 18 жастағы қазақстандық теннисші, дүниежүзілік рейтингіде 824-орындағы Соня Жиенбаева табысты өнер көрсетті. Жиенбаева финалға дейін қарсыластарының бәрін қапы қалдырып, сүрінбей жетті. Тек соңғы бәсекеде ғана әлемнің 768-ракеткасы, ресейлік Алиса Кюммельге ғана тартысты матчта есе жіберді – 6:7 (1:6), 3:6.
Сондай-ақ Алматыдағы Gorky Tennis Park теннис орталығында жасөспірімдер арасында 2025 жылы өтетін Ролан Гаррос турниріне Орталық және Батыс Азия бойынша іріктеу сайысы аяқталды.
Қыздар арасында Алматы теннис мектебінің түлегі, 16 жастағы София Исакова жеңімпаз атанды. С.Исакова финалда ирандық Ясаман Язданиды 6:0, 6:1 есебімен ойсырата жеңді. София осы дода барысында қарсыластарына бірде-бір сетті берген жоқ.
Бозбалалар арасында тағы бір қазақстандық Арсений Требухин шешуші бәсекеде өзбекстандық Ахмаджон Тошмұхамедовке жол берді – 6:7 (2:7), 2:6.
Осылайша, Исакова, Яздани, Требухин және Тошмұхамедов биылғы 16-20 қазанда Жапонияда өтетін іріктеу турнирінің финалдық кезеңіне жолдама алды.