Вернуться к списку статей

Шымбергеновтің шеберлігі, Сабырханның жеңілісі. Боксшылардан кімдер қалды?

Азиада-2023
254
Сали Сабиров (фото авторы)

Қытайдың Ханчжоу қаласында өтіп жатқан Азия ойындарында екі боксшымыз жарыс жолынан шығып қалды. Әр жылдары әлем чемпионы атанған Сәкен Бибосынов пен Махмұд Сабырхан, Нұрбек Оралбай Азиаданың жүлдесінен бөлек, Париж Олимпиадасының лицензиясына бұл жолы қол жеткізе алмады.

Сәкен Бибосынов 51 келіге дейін салмақ дәрежесінде 2016 жылғы Рио Олимпиадасының чемпионы, 2023 жылғы әлем чемпионы өзбек Хасонбой Дусматовпен кездесті. Төрешілер бұл жекпе-жекте жеңісті қарсыласқа берді. Сөйтіп, Бибосынов Азия ойындарындағы жорығын аяқтады. Сәкен бұған дейін алғашқы кездесуінде моңғолиялық боксшы Орхонту Оноблдты жеңген болатын.

Ал Махмұд Сабырханның Азиадамен ерте қоштасуы күмән тудырады. Ол 57 келіге дейін салмақ дәрежесінде жүлдесіп таласып көрмек болған. Алғашқы кездесуінде жеңіске жеткеніме, 1/8 финалда кореялық О Табеоға есе жіберді. Тартысты жекпе-жек 2:3 есебімен кореялық спортшының жеңісімен аяқталды. Қазақстандық боксшы бірінші айналымда Оңтүстік Корея өкілі Ли Йен Чанмен кездескен болатын. Ол кездесуде отандасымыз айқын басымдықпен жеңіске жетті.

«Бұл жарыста аппеляциялық шағым мүлдем берілмейді. Сондай ережесі бар. Жекпе-жекке қатысты айтсақ, енді жаңа салмақ, қарсыластары да мықты. Оны да ескеруіміз керек. Барын салды. Жеңілді деп айта алмаймыз», - деді бас бапкер Мырзағали Айтжанов.

Одан бөлек, 80 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде шаршы алаңға шыққан Нұрбек Оралбай Қытайдағы қазақ жігіті Тоқтарбек Таңатқанға есе жіберді. Есеп 2:3.

Бұл үшеуінен кейін Асланбек Шымбергенов те жарыс жолынан шығып қала жаздаған. Бірақ қайсар жігерінің арқасында өзбек боксшымен кездесуде жеңісті жұлып алды.

Отандасымыз Азия ойындарының ширек финалында 67 келіде әлем чемпионы атанған Асахуджа Муйнхуджаевпен кездесті. Бұл 71 келіге дейінгі салмақ дәрежесіндегі бәсеке болатын.

Алғашқы екі раундта төрешілер ұпай санымен ұтып жатқан. Үшінші раундта ұлттық құрама капитаны тәуекелге барып, ашық шабуылға шықты. Сөйтіп, үшінші раунд барысында үш рет нокдаунға жіберіп, жартылай финалға жолдама алды.

«Бірінші, екінші раунд ұтса да, жеңіс арғы жаққа кетіп жатты. Бірақ екінші раундтан кейін «Қобалжыма, өз тірлігіңді істей бер. Кім біледі, нокаутқа жіберетін шығарсың» деп айтқан едім. Бапкерді тыңдады, өзі де риза болып тұр. Бұл жерде қобалжып, қателессең, оған жақсы болады. Салқынқанды болып, баспен жұмыс істесең, жеңісті солай аласың», - деді бас бапкер.

Олимпиада чемпионы Серік Сәпиев те Қазақстан құрамасының капитаны Асланбек Шымбергеновтің тартысты жекпе-жегі туралы ой бөлісті. Ол спортшыға әділетсіздік жасағысы келгендердің жоспары орындалмағанын жеткізді.

«Асланбекті жеңісімен құттықтаймыз! Жарайсың», - деп жазды Серік Сәпиев Instagram желісіндегі парақшасында.

Жартылай финалда жерлесіміз тағы бір әлем чемпионы жапон боксшысы Севон Окадзавамен кездеседі.

Қазіргі кезде төрт боксшымыз жарысты жалғастырып жатыр. Бүгін Ертуған Зейнуллинов пен Сағындық Тоғамбай жарыс жолына шығады. Сондай-ақ аса ауыр салмақта Қамшыбек Қоңқабаев жартылай финалға жолдама алып үлгерді.

Автор: Бек Төлеу
Яндекс.Метрика