Вернуться к списку статей

Скабелка кетті. Мәмбетәлиевтің «Барыстағы» алғашқы қадамы сәтті басталды

Хоккей
281

Құрлықтық хоккей лигасында өнер көрсететін Астананың «Барыс» клубы биыл да мардымды нәтиже көрсетіп жатқан жоқ. Шығыс Конференциясында соңғы жағынан санағанда үшінші тұр. Амалы таусылған клуб басшылығы бас бапкерді ауыстырды.

Беларусь Андрей Скабелканы үйіне жіберді. Енді ше, оның көрсеткен нәтижесін кез келген отандық маман қайталай алады. Биылғы маусымда 15 матчта бар-жоғы үш ойында ғана жеңіске жетіпті. Қыркүйекте шыдады, қазанда төзімі таусылған басшылық Скабелканы босатты. Оның орнына отандық жаттықтырушы Ғалым Мәмбетәлиев тағайындалды. Ол қасына өзіне таныс бапкерлерді шақыртты. Америкалық легионерлерімен жұмыс істеу үшін Константин Пушкаревті қосты. Александр Высоцкий шабуылшылармен, Ерлан Сағымбаев қорғаушылармен жұмыс істейді. Дене дайындығына Александр Березенский жауапты.

Ғалым бапкердің алғашқы жорығы сәтті аяқталды. «Барыс» Астанада Челябінің «Трактор» клубын қабылдап жеңіске жетті. Бес матчқа жалғасқан сәтсіздікті тоқтатты.

Ойынның 17-минутында «Барыс» сапынан Всеволод Логвин есеп ашып кетті. Ал 25-минутта Аркадий Шестаков таблодағы көрсеткішті 2:0-ге жеткізді.

Ресейлік клуб гол соғу мүмкіндігін іздеді. Олардың қатарынан 39-минутта Чарльз Робинсон есеп айырмасын қысқартқан еді.

Осылайша «Барыс» қарсыласынан 2:1 есебімен басым түсті. Турнир кестесінде 13 ұпаймен бір сатыға жоғары көтерілді.

Енді 11 қазанда Мәскеудің «Динамо» клубын қабылдайды.

«Барыс» (Астана, Қазақстан) – «Трактор» (Челябинск, Ресей) – 2:1

Шайба:

1:0 – 17:16. Логвин (Рахманов).

2:0 – 25:46. Шестаков (Данияр, Мұратов) .

2:1 – 39:17. Робинсон (Блажиевский, Сошников).

«Дайындыққа уақыт аз болды. Бір күн ғана сөйлесе алдық. Бастысы, жігіттерді жігерлендірдік. Құрамның жартысын жақсы танимын. Енді жаңадан келгендердің басын біріктіру. Жігіттер менің талабымды жақсы біледі. Бүгін айдында команда соңына дейін ойнады. Бұл өте маңызды жеңіс. Алдағы матчтарда сенімді ойнау үшін өте қажет», - дейді бас бапкер Ғалым Мәмбетәлиев.

Автор: Бек Төлеу
Яндекс.Метрика