Вернуться к списку статей

Сиднейге сағыныш. Қазақ спортының жұлдызды кезеңі

Бокс
2K

Қазақстан тәуелсіздік алғаннан бері 6 қысқы, 5 жазғы Олимпиадаға қатысып үлгеріпті. Бірақ көптеген жанкүйер үшін 2000 жылғы Сидней Олимпиадасының орны бөлек. Биыл осы аламанның аяқталғанына да 24 жыл толып отыр.

Ол жылдары теледидарға телміретіндер көп болғанымен, арнаның саны аз еді. Сондықтан болар Олимпиада сияқты аламан долаларды басынан соңына дейін қалдырмай қарайтынбыз. Бәлкім, жасыл құрлықтағы Олимпиада жүрегімізде ерекше сақталуының бір құпиясы да осынша шығар. Ендеше, қазақ халқына құт болған 20 жыл бұрынғы доданы еске түсіріп көрейік.

Сол кезде Халықаралық Олимпиада комитетіне мүше елдердің ішінде Ауғанстанның спортшыларының басқасы Аустралияға келіп жетті. Арасында Қазақстан да бар. Біздің делегацияны боксшы Ермахан Ыбырайымов бастап жүрді.Жалпы, көк төлқұжаты бар 130 спортшы өнер көрсетті. Ең көбі «спорт падишасы» саналатын жеңіл атлетиканың өкілдері. Сиднейде бұл спорт түрінен 25 қатысушы болды.

Жасыл құрлықтағы Олимпиаданың шымылдығы 2000 жылғы 15 қыркүйек түрілген. Бір қызығы, 26 қыркүйекке дейін 11 күн бойы медаль бұйырған жоқ. Бірде-бір спортшымыз жүлдеге іліге алмай, зарыққанымыз тарихтың бетінде жазылып тұр. Есесіне, соңғы 5 күнде 3 алтын мен 4 күмісті қоржынға салдық. Барлығы 27 қыркүйекте басталды. Сол күні Олимпиаданың ең биік тұғырына жеңіл атлет Ольга Шишигина көтерілсе, велоспортшы Александр Винокуров күміс жүлдеге ие болды. Одан бөлек, 4 боксшымыз ширек финалдағы кездесулерін ұтып, бір қуантып тастады. Бұл дегеніңіз кемі қоржында 4 қола медаль бар деген сөз еді.

Өмірде әділеттік барын дәлелдеген чемпион

Сиднейдегі жарқын жеңістердің бастауында Ольга Шишигина тұр. Тіпті, сол жолы топ жаратына да көп ешкім сенбеді. Алматылық арудың бұған дейін ең үздік нәтижесі 1995 жылғы әлем чемпионатының күміс медалі еді. Ольга финалда тек америкалық Гэйл Диверске есе жіберген. Бұл спортшы 1990-жылдардың орта тұсында 100 метрге спринтерлік және кедергілер арқылы жүгіруден де алдына жан салған емес( 1992 және 1996 жылғы Олимпиада ойындарында 100 метрге спринтерлік жүгіруден алтын алған). Бірақ көбіне кедергілер арқылы жүгіруден жолы болмай қалатын. Сиднейдегі Олимпиада Диверстің соңғы мүмкіндігі еді. Бірақ бұл жолы да бұйыртпады. Жартылай финалда америкалық кедергілерді кезек құлатып, жарыс жолынан шығып қалды. Финалда отандасымыз жеке дара оза шапты. Құдайдың өзі Ольгаға көмектескендей болды. Сөйтіп, Олимпиада тұғырының ең жоғары сатысына көтерілген алғашқы қазақстандық әйел спортшы атанды.

– Мәреге жеткенде ғана өзімнің чемпион атанғанымды түсіндім. Гейл Диверс жарыстан шығып қалған соң, бас жүлдеге үміткер үшеу қалды. Олар – нигериялық Глория Алози, тағы бір америкалық Мелисса Морис және мен болатынмын. Үшеуіміздің көрсеткішіміз жобалас. Бұл жерде кім стартты жақсы бастайды, соған да көп нәрсе байланысты еді. Ең қиыны – бірінші кедергіні оңай секіру. Бұл психологиялық тұрғыдан өте маңызды. Егер басында сенімділікті жоғалтсаң, мұндай қысқа қашықтықта топ жару қиын. Финалда менің жүйкем басқаларға қарағанда қалыпты болып шықты. Арада бірнеше секунд өткенде, Қазақстан туын ұстап стадионды жүгірдім. Бұл менің өмірімдегі ұмтылмас сәт. Бұдан кейін Олимпиадаға қатыспайтынымды түсіндім. Спорттық карьерамдағы жалғыз және алғашқы Олимпиадамда осындай толағай табысқа қол жеткіздім. Былайша айтқанда, сәттілік менің жағымда болды. Оның үстіне, Сиднейде өзімді Олимпиада жүлдесін алуға лайықты екенімді дәлелдедім. Оның алдында Атлантада мені қалай ысырып тастағандарын жақсы білемін ғой. Мен осы жеңіске өмірімді арнадым, – деді Шишигина Олимпиададан кейін «Жас қазақ» тілшісіне.

Велоспорт пен еркін күрестегі күміс

Сол кездегі спорт агенттігінің төрағасы болған Дәулет Тұрлыханов әлі күнге дейін Александр Винокуровтың алтыннан айырылып қалғанына күмән келтіреді.

– 2000 жылғы Сиднейдегі Олимпиада ойындарындағы велошабандоз Александр Винокуровтың германиялық Ян Ульрихтен жеңілуі мен үшін әлі күнге дейін сұрақ, – дейді Дәулет Тұрлыханов.

Өйткені жасыл құрлықтағы Олимпиада ойындарында Винокуровтың алдын ораған Ян Ульрих өзінің командаласы болатын. Яғни Олимпиадаға екеуі де «Т-Мобайл» командасының мүшесі ретінде келді. Дәулет Болатұлы сол үшін де сезіктенетін шығар.

Дегенмен, Винокуров араға 12 жыл салып, Олимпиаданың алтынын бәрібір еншіледі. 37 жасында Лондонда топ жарғанын көзі қарақты жанкүйер жақсы біледі.

Екінші күміс еркін күміс балуаны Ислам Байрамуковқа бұйырды. Жамбыл облысының тумасы 97 келіде белдесіп, финалға дейін жетті. Ол кезде балуандарды топтарға бөлетін. «Е» тобында үш балуан болды.

Ислам алдымен әзірбайжандық Дәуіт Махамадовтан айласын асырғанымен, келесі белдесуінде кубалық Вильфредо Моралес Суарестен жеңілген еді. Қызығы сол, Суарес одан кейін әзірбайжан балуанынан ұтылып қалды. Үшеуінің арасында топ жеңімпазы ретінде Байрамуков жартылай финалға жолдама алды. Ақтық айқастың жолдамасын поляк Марек Гармулевичпен сарапқа салып, оны оп-оңай тізе бүктірді. Алайда финалда дағыстандық Сағит Мұртазәлиевке шамасы жетпей, күмісті қанағат тұтты.

Әлі күнге дейін жаңармаған рекорд

Сидней Олимпиадасы дегенде боксшылар еске түседі. бас бапкер Тұрсынғали Еділов 7 боксшы апарып, оның бәрі ширек финалға жолдама алғаны бар. Ал төртеуі тіпті финалға дейін жетіп, екеуі чемпион атанды. 20 жылдан бері бұл жетістік қайталанған емес.

Сан емес, сапа нәтиже берген Олимпиада осы Сидней болды. Куба, Ресей, АҚШ 12 боксшыдан апарды. Украина мен Румыниядан – 11, Өзбекстаннан –

10, Таиландтан – 9 боксшы қатысты. Ал біздің жеті боксшымыздың төртеуі жүлдеге ілігіп, Куба мен Ресейден кейін жалпы командалық есепте үшінші орынға тұрақтадық. Бұл бас бапкер Тұрсынғали Еділов және оның штабының еңбегі.

Сидней Олимпиадасы дегенде бірден марқұм Бекзат Саттарханов еске түседі. 20 жасында қазақ жастары арасынан шыққан тұңғыш Олимпиада чемпионы атанды.

Бекзат ширек финалда негізі грузин, бірақ сол кездері Түркия азаматтығын қабылдаған Рамазан Палианиды, жартылай финалда марокколық Тахар Тамсаманиды ұтты. Ал шешуші кезеңде тланта Олимпиадасының чемпионы тайландтық С.Кампсингті жолдан тайдырған, бір жыл бұрын әлем чемпоны атанған америкалық Рикардо Хуарестің осал тұсын тапты.

Бекзатқа дейін қазақ жігіттері арасында бокстан Олимпиада алтынын алған ешкім болмады. Күміс, қола жүлдегерлер баршылық, алайда, өзімізге ыңғайлы, қолбала саналатын осы бір жекпе-жек түрінен алтын жүлде керек-ақ еді. Сиднейден алдындағы Олимпиадаларда Серік Қонақбаев, Болат Жұмаділов, Ермахан Ыбырайымов, Болат Ниязымбетов жеңістің шыңына бір-екі қадам қалғанда ғана есе жіберіп жатты. Біздің қаракөздерге Олимпиада ойындарында бұйыратын алтын жүлде рингке Бекзаттың шығуын күтіп тұрды ма деп ойлайсың кейде. Себебі, Бекзаттан соң біздің қазақ боксшылары Олимпиадалардың ешқайсысынан жүлдесіз қайтпай келеді, Ермахан, Бақтияр, Бақыт, Серік, Даниярлардың жетістіктері осыған дәлел!

Ал 71 салмақта жұдырықтасқан Ермахан Ыбырайымов «Олимпиада чемпионы атанамын» деген уәдесінде тұрды. Отандасымыздың Куба қабыланы Хуан Эрнандестің қалай жеңгені тарихтың жылнамасында алтын әріптермен жазылып қалары анық. Финалда румын Марин Симионнан ұпай санымен ұтылып жатып, соңғы минуттарда жеңісті жұлып алғанын тіптен сөзбен жеткізу мүмкін емес шығар!

Аса ауыр салмақтағы боксшы Мұхтархан Ділдәбековтің Сиднейдегі күмісі де алтынға бергісіз. Тағы бір күміс 51 келідегі Болат Жұмаділовке бұйырды. Өкініштісі, Болатқа Олимпиаданың ең биік тұғырын бағындыру бақыты бұйырған жоқ. Аталанта мен Сиднейде де күмісті қанағат тұтты.

Автор: Бек Төлеу
Яндекс.Метрика