Вернуться к списку статей

Рафаэль Гарибян: Кәсіпқой футбол лигасы енді ашық жұмыс істейді

Футбол
6K

Алғаш рет Түркияда Анталья қаласында Қазақстан Суперкубогы өтті. Соңғы бес жылда үшінші рет Қостанайдың «Тобыл» клубы жеңімпаз атанды. Ойыннан кейін Қазақстан кәсіпқой футбол лигасының президенті Рафаэль Гарибян отандық тілшілердің сауалына жауап берді.

- Суперкубокта алдымызға қойған мақсатқа қол жеткіздік. Бірінші кезекте футболшылардың ойын практикасы болғанын қалаған едік. Өйткені алда ел чемпионаты басталады. Сонымен қатар Қазақстан ұлттық құрамасының Грекиямен аса маңызды кездесуі бар. Осының бәрін ескердік.

Антальяда ұйымдастыруымыздың тағы басқа өзіндік себептері бар: мұнда ауа-райы өте қолайлы, футболшылардың жарақат алу қауіпі аздау.Барлығы ойдағыдай өтті. Көңіліміз толды.

Қазір заманауи футбол өте қарқынды жылдамдықпен дамып жатыр. Сол себепті коммерциялық тұрғысынан да мән береміз. Биыл алғаш рет мұндай форматтағы ойынды шет мемлекетте өткізіп отырмыз.

Түркияны да жайдан-жай таңдай салған жоқпыз. Біздің футбол клубтарымыз осында оқу-жаттығу жиынын өткізді. Ұлттық құраманың бірнеше ойыншысы бар төрт командамыз осында болды.

- Биыл алғаш рет Лига кубогы деген жарыс өткелі жатыр. Егер Қазақстан Еуропа чемпионатына жолдама алса, күнтізбе жағы қалай реттейсіздер?

-Біз күнтізбе жасай қойдық. Оны сайтқа да жарияладық. Бұл жаңа бағыт. Командалардың ойын саны көбейеді. Біріншілік уақыты ұзарады. Сөйтіп, ойналатын матчтар саны да артады. Бұл маңызды. Өйткені бұған дейін ойындар саны аз болған.

- Суперкубоктың матчын өткізуге неліктен «Мардан титаник» стадионы таңдалды. «Ордабасы» ойыншыларының финалдан кейін көңілі толмай жатты...

Бұл стадион жайдан-жай таңдала салған жоқ. Ұйымдастырушыларға үнемі шектеулер болып жатады. Сондай сәтте қолайлысын іздейді. Бұл жерде өте көп турнир өтеді. Сондықтан стадиондардың біразы бос емес. Бізде көп таңдау болмады. Бір стадионды көріп едік, мектептің алаңы екен. Жүгіру жолағы бар ол алаң ұнамады. Екіншіден, біз коммерциялық емес, спорттық жағына көбірек мән бердік. Қонақ үйге тезірек жету, тезірек тамақ ішу секілді факторларды қарадық. Сосын алаңның сапасы да маңызды болды. Кейбір стадиондағы алаңдар жап-жасыл болғанымен, алдамшы көрінді.

- Стадиондардың дайындығын қалай бағалайсыз?

Сертификация жұмыстары жүргізілді. Барлық стадион лицензиялаудан өтті. Біз бір нәрсені түсіну керекпіз, бар стадионмен жұмыс істеп, жақсартуымыз қажет. Дәл қазір бұл стадиондардан басқасы жоқ.

Трансляциялардың сапасын арттыруға жұмыс істейміз. Әлбетте, жақсы жағына өзгереді. Алайда оған уақыт керек. Маусымға дұрыс жағынан кіру маңызды.

Сосын Қазақстан кәсіпқой футбол лигасы ашық жұмыс істеуге тырысамыз. Кез келген сұраққа жауап береді. Қызықты контенттер күтеміз.



Автор: Бек Төлеу
Яндекс.Метрика