Вернуться к списку статей

Олимпиада лицензиясы үшін Түркияда күресетін кімдер?

Күрес
12K
Күрес түрлерінен алынбаған әлі жолдамалар бар. Соңғы іріктеу турнирі Түркияда 9-12 мамыр күндері өтеді. Бұл - бізге берілген соңғы мүмкіндік. 
 
Өткенде Бішкекте қазақстандық қыздар жолдамаға қол жеткізе алмады. Сондықтан осы жолы жолдамаға таласатын балуан қыздардың құрамы жаңартылды. 
Бас бапкер Қайрат Сағадиев Түркиядағы лицензиялық турнирге қатысатын спортшылар тізімін атады. Ол үшін әр қатысушы өз салмағында үздік үштікке ілігуі қажет. Сағадиев бұл жолы тізімге Жәмилә Бақбергенованы қоспапты. Жаттықтырушы балуанның Бішкектегі жеңілісін «кешірмеген» тәрізді.
Сонымен, лицензиялық турнирге мына балуан қыздар қатысады:
  • 50 келі: Лаура Ғаниқызы
  • 53 келі: Марина Седнева
  • 57 келі: Лаура Алмағанбетова
  • 62 келі: Ирина Кузнецова
  • 68 келі: Елена Шалыгина
  • 76 келі: Эльмира Сыздықова.
 
«Бішкекте өткен Азия аймақтық іріктеу турнирінен кемінде 2-3 жолдама аламыз деп үміттендік. Өкінішке қарай, олай болмады. Бастап барған балуан қыздарымыз түгелімен финалға шыға алмады. Енді алда 9-12 мамыр күндері Түркияда соңғы әлемдік іріктеу турнирі өтеді. Бұл — бізге берілген ең соңғы мүмкіндік. Сосын бапкерлер құрамы ақылдаса келе Бішкекте жолы болмаған қыздардан тек 50 келіде Лаура Ғаниқызы мен 62 келіде Ирина Кузнецованы ғана қалдырдық. Қалған салмақта Азия аймақтық турниріне бармаған қыздарымызға мүмкіндік беріп отырмыз», - деді бас бапкер.

Ал грек-рим күресінен екі салмақта жолдама керек. Түркияда лицензия үшін Дінмұхаммед Қошқар (67 келі) мен Юсуф Мациев (97 келі) белдеседі.  
Ел біріншілігі финалында Дінмұхаммед Қошқар Мейіржан Шермаханбеттен есе жіберген еді. Сондықтан екінші нөмірлі спортшы ретінде Қырғызстан астанасы Бішкек қаласындағы Азия чемпионатына қатыса алған жоқ. 

Ал Юсуф Мациев құрлық біріншілігінің финалына шығып, күміс жүлдегер атанған. 
Ел құрамасында грек-рим күресінен 4 жолдама бар. Мұндай мүмкіндікке Айдос Сұлтанғали (60 келі), Демеу Жадыраев (77 келі), Нұрсұлтан Тұрсынов (87 келі) және Әлімхан Сыздықов (130 келі) ие болды.

Еркін күрестен 57 келіде – Рахат Қалжан, 65 келіде – Адлан Асқаров, ал 74 келіде Нұрқожа Қайпанов күреседі.

Бұған дейін Бішкекте еркін күрес балуандары арасында Әлішер Ерғали (97 келі) мен Юсуп Батырмырзаев (125 келі) Париж Олимпиадасының жолдамасына иеленген болатын. Ал қалған 3 балуан іріктеу сындарында қарсыласқа жол беріп, жолдамадан тыс қалды.
«Біз Азия аймақтық лицензиялық турнирі басталмай тұрып жолдама болмаған жағдайда, соңғы іріктеуде кімдердің күресетінін белгілеп қойдық. «Яшар Догу» халықаралық турнирінің қорытындысын назарға аламыз. Қазір бізде 3 салмақта жолдама жоқ. Жолдаманы кім жеңіп алады, сол Олимпиадаға барады», - деді бас бапкер Olympic.kz тілшісіне берген сұхбатында.
 
 
 
Яндекс.Метрика