Вернуться к списку статей

Қысқы трансфер қалай жүріп жатыр?

Футбол
174

Қазіргі кезде отандық футбол клубтарында үзіліс. Футболшылардың көбісі демалыста. Ал жаңа жылдан кейін командалар оқу-жаттығу жиындарына барады. Мысалы, Алматының «Қайратының» Әбу-Дабиде өтетін қысқы Ресей кубогына қатысатыны анықталды. Ал командалардың құрамына келсек, көбісі бюджеттің бекітілгенін күтіп отыр.

Дегенмен, қатарларына жаңа ойыншыларды қосып жатқандары бар. Премьер-лигаға оралған Семейдің «Елімайы» бас бапкер ретінде Андрей Карповичті бекітті. Ойыншылардан «Ақтөбе» клубынан үшеуі келді. Атап айтқанда, қақпашы Мирослав Лобанцев, қорғаушы Дмитрий Яшин және бразилиялық шабуылшы Шина бар. Сосын ұзақ жылдар «Қайратта» доп тепкен сол қапталдағы қорғаушы Сергей Кейлер қосылды.

«Ақтөбенің» тағы екі футболшысы Элдер Сантана мен Лука Гадрани «Қайраттың» таңдады. Алматы командасы сонымен қатар «Қазақтың Мессиі» Еркебұлан Сейдахметпен келісімшартты ұзартты.

Ал жарты құрамынан айырылып қалған «Ақтөбенің» жаңа бас бапкері Дмитрий Парфенов қызметіне жаңа жылдан кейін кіріседі. Сондықтан болар әзірге трансферде белсенді емес. Тек «Ақтөбенің» түлегі Бағдат Қайыров оралды. Ол бұған дейін Қостанайдың «Тобылында» доп тепкен.

Қызылорданың «Қайсары» былтырғыдай елден бұрын Түркияда оқу-жаттығу жиынын бастап кетті. Команданың жиынына 10 жаңа ойыншы шақырылды. Атап айтсақ, Ерболат Серік («Түркістан»), Асқар Сатышев («Тұран»), Темірлан Мұрзағалиев («Ақтөбе»), Әділбек Жұмаханов («Атырау»), Тайыр Нұрсейітов («Энергетик-БГУ»), Тоқтар Жаңғылышбай («Мақтаарал»), Ерсұлтан Төреқұл («Ұлытау»), Марлен Айманов («Хан-Тәңірі»), Роман Давыскиба («Нафтан»), Шохназар Норбеков («Сада Сумут»).

«Астана» УЕФА Конференция лигасының топтық кезеңін енді ғана аяқтады. Футболшыларға демалыс берілген. Трансферлік өзгерістер тек қаңтар айының екінші жартысында басталатыны түсінікті.

Талдықорғанның «Жетісу» клубы бас бапкерлікке Қайрат Нұрдәулетовті бекітті. Былтыр «Мақтааралды» жаттықтырған.

Автор: Асфендияр Жанаділ
Яндекс.Метрика