Вернуться к списку статей

Конференция лигасы: «Астана» топтық кезеңге шыға ала ма?

Футбол
10K
UEFA Конференция лигасының плей-офф кезеңінде ойнап жатқан Қазақстанның жалғыз өкілі елордалық «Астана» клубы сырт алаңда Норвегияның «Бранн» командасымен кездесті. Жергілікті Берген қаласындағы «Бранн» атындағы стадионда өткен матчта қазақстандық ұжым қарсыластарына 2:0 есебімен жол беріп, топтық кезеңге шығу мүмкіндігін азайтты.
 
Матч алдындағы баспасөз мәслихатында «Астана» клубының бас бапкері Григорий Бабаян «Бранн» клубы матчтың фавориті екенін, бірақ «Астана» футболшылары жасыл алаңда аянып қалмайтынын айтқан болатын. Алайда, «Астана» футболшылары екі таймда да өз қақпаларына бір-бір гол өткізіп, сырт алаңда 2:0 есебімен жеңіліп қалды. Бірінші таймның 12-минутында Феликс Мюре есепті ашса, екінші таймның 70-минутында Бор Финне мергендік танытып, ойынның нүктесін қойды.

«Астана» Конференция лигасының үшінші іріктеу кезеңінде Румынияның «Корвинул» командасын 6:1 есебімен сенімді жеңгеннен соң отандық жанкүйерлер елордалық ұжымның «Бранн» клубынан басым түсетініне, ең болмағанда тең ойнап келетініне күмән келтірген жоқ еді. Григорий Бабаянның да дәл сондай ойда болғанын матчқа қатысатын негізгі құрам футболшыларының тізімін жариялағанда аңғардық. Өйткені Бабаян «Браннға» қарсы алғашқы матчта жасыл алаңға «Корвинулмен» өткен матчта ойнаған футболшыларды түгел шығарды. Бастапқы құрамға бірде-бір өзгеріс енгізген жоқ.

Бірақ 90 минут бойы өткен матчың қаһармандары, сол ойында дубль жасаған Марин Томасов та, Чинеду Джеффри де, тіпті шабуылшы Усман Камара да жарытып ойнай алған жоқ. Қарсыластың қорғаушылары оларды айып алаңына да жолатпады. Бұған матчтың есебі де, статистикасы да дәлел бола алады.

Статистикалық деректерге көз жүгіртерсек, допқа иелік ету бойынша «Астана» Еурокубок тарихындағы ең нашар нәтижесін көрсеткен шығар. Өйткені алаң иелері 90 минутта 79 пайыз допты өздерінде ұстаса, елордалықтар 21 пайыз ғана допқа иелік етті. Соққылар бойынша да алшақтық өте жоғары. «Бранн» футболшылары Чондрич қақпасына 21 мәрте соққы жасады. Соның алтауы қақпаға дәл бағытталып, екеуі голға айналды. Ал «Астана» футболшылары небәрі 6 соққы жасап, соның үшеуін ғана қақпаға қарай түзу тебе алады. Оның өзінде «Бранн» қақпашысы Матиас Лённе Дюнгеланн сейв жасап, үш соққыны да еркін қайтарды. Тек бұрыштамалар бойынша ғана «Астана» қарсыластарына аздаған басымдық беріп қойды – 6:5.

Матчтан кейін Григорий Бабаян ойын туралы пікір білдіріп, матчтың есебі әділ болғанын айтты.

«Біз өте қиын матч болатынын түсіндік, өйткені «Бранн» өте жылдам ұйымдасқан футбол көрсетті. Ауа райының да бізге кері әсер еткенін айту керек. Футболшылардың алаңға бейімделуіне де жарты сағат қажет болды. Екінші таймда тактикалық тұрғыдан ойынның бағытын өзгертуге тырыстық, екінші кезеңнің алғашқы 10 минутында допты бақылауда ұстап, ойынымыз жүріп жатқандай еді. Бірақ кейіннен алаң иелері басымдықты өздеріне алып, біз қайтадан қорғанысқа қайтуға мәжбүр болдық. Жалпы нәтиже әділ, «Бранн» жақсы әрі жылдам ойнады. Енді біз бұл матчты жақсылап талдап, жауапты кездесуге барынша сапалы дайындалуымыз керек», - деді Бабаян.

«Бранн» командасының бас бапкері Эйрик Хорнеланд «Астанаға» қарсы (2:0) жеңісінен кейін пікір білдірді: «Шәкірттерім өз алаңымызда 2:0 есебімен жеңіске жетсе де, ойын 0:0 есебімен аяқталғандай алаңдаушылық сезімдемін. Өзімді жайлы сезініп тұрған жоқпын. «Астана» өте жақсы команда, оларды қарымта кездесуде жеңу өте қиын болды», деді Хорнеланд.

Ресейлік «Спорт-Экспресс» басылымының журналисі Андрей Кузичев екі ұжым арасындағы қарымта мачт та «Астанаға» қиын болатынын айтады.

«Қазақстанның Еурокубокта ойнап жатқан соңғы өкілі Норвегиядағы ойынды сәтсіз өткізіп, алғашқы минуттарда-ақ гол жіберіп алды. Бұрынғы «Ротордың» қақпашысы Чондрич бірінші голдағы бірінші соққыны қайтарғанымен, «Астана» қорғаушылары дәрменсіздік танытты. Салдарынан Феликс Мюре гол соғып кетті. Маңыздысы, Григорий Бабаянның командасы жылдам голдан кейін өздерін жоғалып алған жоқ. Бірақ екінші таймда «Бранн» футболшылары екінші голын соғып кетті. Бұл голдан кейін ғана қонақтар белсенділік танытып, алға қарай ұмтылды. Бірақ қарымта матч та «Астана» үшін қиын болады.
Екі клуб арасындағы қарымта ойын 29 тамызда Алматыда өтеді.
 
«Бранн» (Норвегия) – «Астана» (Қазақстан) – 2:0
 
«Бранн»: Матиас Дюнгеланн (Қ) – Йоахим Сольтведт, Рубен Кристиансен, Фредрик Кнудсен, Торе Педерсен – Сандер Картум (Мадс Санне 57), Эмиль Корнвиг, Феликс Мюре – Оле Бломберг, Эуне Хеггебе (Борр Финне 57), Никлас Кастро (Ульрик Матисен 82);
 
«Астана»: Йосип Чондрич (Қ) – Ян Вороговский, Кипрас Кажуколовас, Александр Марочкин, Алекса Аманович, Карло Бартолец –  Макс Эбонг (Исламбек Қуат 79), Назми Грипши – Усман Камара, Марин Томасов (Ннамди Аханону 88), Чинеду Джеффри;
Яндекс.Метрика