Вернуться к списку статей

Қазақстан шағын футболдан әлем чемпионатының финалында

Футбол
249

Қазақстанда әуесқойлар арасында шағын футбол мен футзал бәсекелері жақсы дамыған. Бәсекелестік жылдан-жылға артып келеді. Лигалардың саны да көбейген. Халықаралық арендағы жетістіктеріміз де жаман емес. Осы жолы шағын футболдан Қазақстан құрамасы Біріккен Араб әмірлігінің Рас-эль-Хайм қаласында өтіп жатқан әлем чемпионатының финалына шықты.

Қазақстан намысын Қарағандының «Биосфера» командасы қорғап жатыр. Олар шағын футбол мен футзалдан әуесқойлар арасында елімізде бірнеше рет чемпион атанған. Жақында Қызылорда қаласындағы ел біріншілігінде бесінші рет топ жарды.

12452

Рас-эль-Хаймда Павел Таку шәкірттері топтық кезеңде аса қиналған жоқ. Гана құрамасын 7:0 есебімен, Үндістанды тіпті 16:0 есебімен жеңді. Сосын үшінші ойында алаң иелерімен кездесті. Матч тартысты өтті. Қазақстан 2:1 есебімен басым түсті.

Сосын плей-оффта Мексикамен кездесті. Қарсылас әуесқойлар арасында осының алдында әлем чемпионы атанған. Бұл ойында команда капитаны Александр Кислицын мен голкипер Александр Рушинас мергендік танытты. Қарсылас тек бір доппен жауап берді.

Ширек финалда Чехиямен кездесті. Ойынның 6-минутында команда капитаны Александр Кислицын есеп ашса, одан кейін чехиялықтар қатарынан үш гол соғып кетті. Екінші кезеңнің соңына таман қазақстандықтар қатарынан Бактияр Жушнов (40-минут) және Асланбек Аршкенов (41-минут) мергендік танытып, таразы басы теңесті. Ойынның негізгі кезеңі мен овертайм 3:3 есебімен тең аяқталды.

Ал пенальти сериясы да драмаға толы болды. Дегенмен, біздің жігіттердің бағы жанып, жартылай финалға өтті. Қақпашы Рушинастың еңбегі зор.


Жартылай финалда әуесқойлар арасында шағын футболдан әлемдегі үздіктердің бірі Әзербайжанмен жолықты. Есепті де солар ашқан. Бірінші тайм Әзербайжанның жеңісімен аяқталды.

Екінші кезеңде жағдай өзгерді. Алдымен, Нұрсұлтан Жүсіпов таразы басын теңестірсе, Жәнібек Сейітжан Қазақстанды алға шығарды. Оралбек Егізбаев та қарап қалмай, үшінші голды соқты. Қарсыластың бұдан кейін тек бір доп соғуға шамасы жетті. Қорытынды есеп – 3:2.

Қазақстан енді ертең финалда Румыниямен кездеседі.

Қарағандының «Биосфера» командасынан құралған жігіттердің арасында біразы бұрын кәсіпқой футбол және футзалмен айналысқан. Мысалы, команда капитаны – Александр Кислицын ұлттық құраманың экс-футболшысы.

Александр Кислицын – «Шахтер» (Қарағанды), «Қайрат» (Алматы), Қазақстан ұлттық құрамасы (25 ойын);

Александр Рушинас – «Болат» (Теміртау);

Бақтияр Жушнов – «Гефест» (Саран);

Нұрсұлтан Жүсіпов – «Шахтер» (Қарағанды), «Болат» (Теміртау);

Евгений Бирюков – «Тұлпар» (Қарағанды);

Виталий Григорьев – «Тұлпар» (Қарағанды);

Асланбек Аршкенов – «Шахтер»-жас» (Қарағанды);

Бакир Дыйканбаев – «Болат» (Теміртау);

Оралбек Егізбаев – «Болат» (Теміртау);

Илья Мун – «Тұлпар» (Қарағанды), «Жетісу» (Талдықорған);


Автор: Бек Төлеу
Яндекс.Метрика