«Астана Арена» стадионында өткен матчта қыздарымыз Ресей құрамасына бір тайм ғана төтеп бере алды. Ойынның бірінші жартысында дес бермей, тайталасып бақты. Қарсы шабуыл ұйымдастыруға тырысып та көрді. Бірақ қонақтардың қақпасына нысанаға ала алмады. Десек те, өз қақпамызға гол жіберіп алмағандарына іштей қуандық.
Екінші таймда қыздарымыздың көбісі шаршап қалды да, жиі-жиі қателесе бастады. Соның кесірінен қонақтардың үш рет гол соғуларына мүмкіндік беріп қойды. Үшеуі де қорғаныстағы өрескел қателіктерімізден соң соғылды. Өкінішті, әрине...
Жалпы, Ресей құрамасы «жоғары қарқынды ойын өрнектерімен тәнті қылды» деп айта алмаймыз. Рас, екінші таймда шабуылды үдетіп, қыздарымызды тықсырып, қыспаққа ала түсті. Әрі жеңіске жету үшін осының өзі жеткілікті болып шықты. Қазақстан құрамасының қыздары асып-сасып, қорғаныста көп қателесті. Қонақтар алаң иелерінің өрескел қателіктерін мүлт жіберген жоқ.
Қазақстан құрамасының бас бапкері Айтбай Жамантаев айтқандай, шынымен де бізде шабуылшы жоқ екен. Алғы шептегі қыздарымыз Ресей құрамасының қақпасына бірде-бір тура соққы бағыттай алмай, пұшайман болды. Соққы бағытталмаса, қалай гол соғуға болады? Аяқдопшы аруларымыз қонақтардың қорғанысының осал тұстарын басып көрсек те, қақпаға дәлдеп доп тебе алмай діңкелетті...
Қазақстан – Ресей – 0:3 (0:0)
Голдар: Данилова, 59. Смирнова, 70. Смирнова, 90.
Ескерту: Бортникова, 42.
Қазақстан: Железняк (Гребенюк, 85), Нұрышева, Бабшук, Мясникова, Демидова, Қырғызбаева (к), Бортникова (Қожахмет, 78), Жұмабайқызы, Тұрлыбекова, Вылданова, Власова (Орынбасарова, 63).
Ресей: Гриченко, Зиястинова (Абдуллина, 77), Кожникова (к), Беломытцева, Акимова, Галай, Шишкина (Гасанова, 65), Морозова, Колтакова (Андреева, 46), Смирнова, Данилова.
Төрешілер: Ивана Мартинчич, Саня Роджак-Каршич, Мая Петравич (бәрі де – Хорватия).
9 сәуір, Астана, «Астана Арена».
Ойынның қысқаша статистикасы:
Соққы: 3 – 21
Тура соққы: 0 – 10
Қиыс кеткені: 2 – 10
Тойтарылғаны: 1 – 1
Бұрыштама соққылар: 0 – 2
Офсайдтар: 0 – 7
Ескерту (сары қағаз): 1 – 0
Ереже бұзу: 13 – 14