Неде болса, қазақ футболының хал-ахуалын, ішкі жағдайын өзіміздің мамандардан артық білетін ешкім жоқ қой. Рас, шетелдік бапкерлер де қажет. Бірақ, ол расымен де ел футболының еңсесін көтере алатындай мықты болуы тиіс. Әйтпесе, жігіттерді Талғат Байсуфинов тәп-тәуір баптап жүрген жерінен айдың күні аманда, алды да ресейлік Александр Бородюкке тапсыра салды. Енді міне, Кипрден таяқ жедік, Армениядан ұтылдық. ФИФА рейтингінде жүздіктен де шығып қалдық. Ал әйелдер құрамасын биыл жылдың басында Айтпай Жамантаев өз қолына алған. Ұзақ жылдар қыздарды жаттықтырып, осы жолда біраз еңбек еткен маман. Оған дейінгі болгар бапкері Калоян Петковті де тәуір көретінбіз. Әйтседе, Петков жеткен жетістіктерге Жамантаеатың да жете алатынын кеше байқадық.
Қазақстан – Грузия 1:0
Гол: Николаенко, 34.
Ескертулер: Вылданова, 16 – Квелидзе, 44. Тчкония, 60.
Қазақстан: Железняк, Жаңатаева, Красюкова (К), Вылданова, Бортникова, Николаенко, Бабшук, Мясникова (Гайстенова 90+), Әйтімова, Жолшиева, Хайрулинва (Кәрібаева 89).
Резерв: Гребенюк, Демидова, Жұмабайқызы, Қайырбекова.
Грузия: Сукашвили, Квелидзе, Пасикашвили, Чхартишвили, Бакрадзе (Горгадзе 84), Тчкония, Габелия (К), Данелия, Схиртладзе, Сутидзе, Чеминава (Чичинадзе 68).
Резерв: Габуния, Шахкулиани, Шенгелиа, Долидзе, Каланадзе.
Бас төреші: Элени Лампадариу (Грекия)
Қыздарымыз Тбилисиде өтіп жатқан әйелдер арасындағы 2019 жылғы әлем чемпионатының іріктеу додасы барысында турнир қожайындары Грузиямен кездесті. Айтпақшы, бұл құрамада бізге жақсы таныс Гүлнәр Габелия да бар. «БИІК-Қазығұрт» сапында атой салып жүрген шабуылшы осы Грузияның капитаны. Бірақ, жалғыз Габелияның шаңы шықпады. Әлде оған доп жеткізіп отыратын жартылай қорғаушылары жарамсыз болды ма, әйтеуір 90 минутта қақпамызға небәрі екі-ақ соққы жасалды. Оның өзінде біреуі қиыс кетіп, екіншісін қақпашымыз оңай қайтарды. Ал Жамантаев жаттықтырған қыздарымыз матч басталғаннан төрешінің соңғы ысқырығы естілгенше естері кете жүгірді. 90 минутта қақпаға 19 соққы жасап тастаппыз. Бірақ, бір ғана голмен шектелдік. Шабуылшыларымыз әлсіз деп айтпай-ақ қояйық, қыздарымызға сәттілік жетіспеді дейікші. Әйтпесе, сол 19 соққының жетеуі қақпаға тура ұшқан болатын. Тоғызы қандай да бір себептермен не биік, не сәл қиыс ұша берді. Үшеуін қақпаға кіріп бара жатқанда қорғаушылары блок қойып қайтарды. Тек 34-минутта былтыр «Астана» сапында ойнаған сары қызымыз Юлия Николаенко ғана гол соға алды.
– Ойынға өте жақсы дайындалдық. Қарсыласымыздың құрамында да жас та болса, алғыр ойыншылар жиналған. Басты жұлдыздары – Гүлнәр Габелия. Оны жақсы білесіздер, Қазақстан чемпионатының үздік сұрмергені. Бізге бірінші кезекте сол Габелияны тұсап, жабу қажет болды. Қыздар тапсырманы жақсы орындап, Гүлнәрды тырп еткізбеді. Шабуылда да жақсы ойнадық. Бірінші таймның өзінде 10 бұрыштама добын орындап тастадық. Енді келесі қарсыламыз – Латвия командасы. Соларға қарсы дайындалуымыз керек. Егер жеңіп жатсақ, бірден келесі кезеңге жолдама аламыз, - деді ҚФФ-тың ресми сайтына сұхбат берген Айтпай Жамантаев.
Латвия демекші, олар бірінші ойында Эстонияны 4:0 есебімен жеңген. Сондықтан, оңай шағылар жаңғақ емес. Дегенмен, ФИФА-ның соңғы рейтингіне қарап отырсақ, топтың көшбасшысы біз екенбіз. 62-орында тұрмыз. Аутсайдер – Грузия құрамасы, 94 орында. Ертеңгі қарсыластарымыз Латвия 88-сатыны меншіктесе, эстондар әзірге 77-орында екен.