Вернуться к списку статей

Қазақстан құрамасының қыздары Уэльс аруларынан ұтылды

Футбол
1K
Уэльс – Қазақстан – 1:0. Фото: faw.cymru
Әйелдер арасындағы Қазақстан құрамасы 2019 жылғы әлем чемпионатының іріктеу турнирі аясында Уэльс қыздарына екінші рет есе жіберіп алды.

Айтбай Жамантаев жаттықтыратын қыздарымыз Уэльс құрамасымен биыл күзде екінші рет кездесіп отыр. Қыркүйектің ортасында «Астана-Аренада» өткен бірінші ойында 0:1 есебімен ұтылып қалған еді. Ал Кардиффте өткен ойында тайталасып бақты. Әйтсе де, бір ұпай олжалап кетудің сәті түспеді.

Алаң иелері үстемдік құрып, соққыны қарша боратқандарымен, қыздарымыз 83 минут бойы дес берген жоқ. Уэльс қыздарының құйындай орап соққан шабуылдарына төтеп берді. Әсіресе, қақпашымыз Оксана Железняк жанкештілік танытты. Олардың қауіпті соққыларын оңды-солды тойтарып, жергілікті жанкүйерлерді қайран қалдырды.

Әйтсе де, 84-минутта Уэльс қыздары гол соғып кетті. Хэйли Лэдд оң қапталдан айып соқысын орындап, допты доғаша иіп, шыр айналдыра тепкен. Қақпа алдында опыр-топыр болған екі команданың қыздары қақпашымызға кедергі жасап, дедек қаққан теңбіл доп қорғаушыларымыздың бәрінен «сытылып» қақпа ішінен бір-ақ шықты. Гол...

Бұдан кейін есеп өзгерген жоқ. Қазақстан қыздары қарсы шабуыл ұйымдастырып, алаң иелерінің қақпасын нысанаға алуға тырысқандарымен, оның да сәті түспеді. Ал Уэльс арулары Железняк қорғаған қақпаға 28 соққы бағыттады. Оның 11-і қақпаға тура бағытталған соққылар болатын...

Енді Қазақстан құрамасының арулары 28 қараша күні, түзде Англия қыздарымен кездеседі. Бұл – екі ойында 10 гол соққан, өте азулы құрама. Ресей қыздарын 6:0 есебімен, ал Босния және Герцеговина аруларын 4:0 есебімен ойсырата жеңген...

2019 жылғы әлем іріктеу турнирі турнирі. Еуропа, 1-топ.

Уэльс – Қазақстан – 1:0 (0:0)

Гол: Лэдд, 83.

Ескертулер: Қырғызбаева, 61. Железняк, 62. Вылданова, 71. Демидова, 83.

Уэльс: О'Салливан, Дайкс (Уорд, 61), Ингл, Робертс, Хардинг, Джеймс (Чиверс, 78 ), Грин (Лоуренс, 45), Фишлок, Роув, Лэдд, Гриффитс.

Қазақстан: Железняк, Красюкова, Бабшук, Нұрышева, Ходжашева (Демидова, 65), Қырғызбаева, Гайстенова (Власова, 90), Вылданова, Кәрібаева (Тұрлыбекова, 82),  Жұмабайқызы, Бортникова.

Төрешілер: Гизлетта, Обри, Нуара (бәрі де – Швейцария)

Кардифф. «Кардифф Сити» стадионы.

Ойынның қысқаша статистикасы:

Соққы: 28 – 0
Тура соққы: 11 – 0
Қиыс кеткені: 15 – 0
Тойтарылғаны: 2 – 0 
Қақпа бағанасы: 1 – 0
Бұрыштама соққылар: 10 – 1
Офсайдтар: 7 – 0
Ескерту (сары қағаз): 0 – 4
Ереже бұзу: 8 – 13


Автор: Айқын Жаппар
Яндекс.Метрика