Вернуться к списку статей

0:9 – Англия бойжеткендері Қазақстан қыздарын аямады

Футбол
1K
Англия бойжеткендері Қазақстан қыздарын аямады
Шымкентте өтіп жатқан қыздар арасындағы «Еуро-2018» іріктеу додасын Қазақстан жасөспірімдер құрамасы өте сәтсіз бастады. Бірінші кездесуінде бойжеткендеріміз Англиядан 0:9 есебімен ұтылып қалды.

Алдымен осы құраманың аға бапкері Петр Пактың ҚФФ сайтына берген сұхбатына тоқталғымыз келіп тұр. «Бізге қиын қарсыластар түсті. Уэльс, Словения, Англия – бұлар жылдам ойынды сүйетін, еуропалық деңгейдегі командалар. Бірақ, қарсылас мықты болған сайын біз жақсы ойнай түсеміз. Мұны біз «Даму кубогында» Әзірбайжан, Грузия құрамаларына қарсы ойындарда дәлелдегенбіз», - дейді Пак. Біріншіден, салыстыратын командаларды тапқан екен, екіншіден, егер Әзірбайжан мен Грузияға қарсы жақсы ойнағанын айтып мақтанса, онда жетіскен екенбіз.

Ал Англиядан оңбай ұтылдық. «Итің жаман» десе намыстанатын қазақпыз ғой, қыздарыңның осылай ойсырай жеңіліп жатқаны расымен де, шымбайыңа батады екен. Бірінші таймда жауапсыз төрт гол жіберген бойжеткендеріміз үзілістен кейін қақпаларына тағы бес доп жіберді. Масқара ма? Бер жағы.

Енді ертең дәл осы «БИІК» спорт кешенінде Словениямен ойнаймыз. Олар өз кезегінде бірінші турда Уэльспен кездесіп, 0:0 есебімен тең ойнаған. Оларға қарсы қауқар көрсете алар ма екенбіз? Үміттен гөрі, күдік көп.

Англия U19 – Қазахстан U19  – 9:0 (4:0)

Голдар: Смит, 10 (1:0), Хиндс, 17 (2:0), Филби, 23 (3:0), Тун, 38 (4:0), Морган, 60 (5:0), Джоэл, 62 (6:0), Джонс (7:0), Тун, 84 (8:0), Рейнер, 87 (9:0).

Англия: Ройбак (Ремзи, 63), Аленн, Хиндс, Смит, Тун, Филби (Сойер, 63), Шофилд, Сибли, Джоэл (Рэйнер, 73), Джонс, Морган.

Қазақстан: Елисеева, Жақсымбай, Садықова (Ақбаева, 74), Жәутікова, Қожахмет, Низамутдинова (Шарапиденова, 79), Серікбай (Смағұлова, 53), Волкова, Ақшалова, Орынбасарова, Әмірбек.

Шымкент қаласы, «Намыс» стадионы. 

Автор: Әзиз Жұмаділ
Яндекс.Метрика