Вернуться к списку статей

Қазақстан – Уэльс 0:1 немесе қазаққа қыздар футболы қажет пе?

Футбол
1K
Қазақстан – Уэльс 0:1 немесе қазаққа қыздар футболы қажет пе?
2019 жылғы Әлем чемпионаты іріктеу додасының аясындағы алғашқы ойынын «Астана-Аренада» Уэльс құрамасына қарсы өткізген Қазақстан қыздары 0:1 есебімен жеңіліп қалды.

Қазақстан – Уэльс 0:1

Гол: Джессика Фишлок, 54

Ескерту: Джессика Фишлок, 83

Қазақстан: Оксана Железняк, Аида Гайстенова (Анастасия Власова, 80), Бибігүл Нұрышева, Шохиста Ходжашева, Бегайым Қырғызбаева, Екатерина Красюкова, Адиля Вылданова (Зүлейра Әбішева, 69), Светлана Бортникова, Юлия Николаенко (Юлия Ширяева, 65), Екатерина Бабшук, Карина Жұмабайқызы;

Резерв: Ирина Сандалова, Әсел Тұрлыбекова, Мария Демидова, Валентина Пенькова.

Уэльс: Лора О'Салливан, Лорен Дайкс, Джемма Эванс, Софи Ингл, Рианнон Робертс (Шарлотт Эсткорт, 46), Наташа Хардинг, Ангарад Джеймс, Кейли Грин, Джессика Фишлок, Рейчел Роув, Хейли Лэдд;

Резерв: Клэр Скиннер, Алиса Гриффитс, Ханна Майлз, Надя Лоуренс, Джорджия Эванс, Элис Хаглс.

Төрешілер: Рузанна Петросян, Асмик Гарибян, Лиана Григорян (бәрі де – Армения).


Қыздар футболы осындай халықаралық ойындар кезінде ғана есімізге түсетіні өкінішті. «Ұтылып қалдық. Біздің қыздар ойнай алмайды. Бапкер нашар» деп жазғырып жатамыз. Бірақ, оның ар жағына, себеп-салдарына үңіліп жатпаймыз. Әйтпесе, кез-келген ұлттық құраманың мықты немесе әлсіз болуы ішкі біріншіліктің деңгейіне байланысты екенін көзі қарақты жанкүйердің барлығы жақсы түсінеді. Ал қыздар футболынан Қазақстан біріншілігінде бар болғаны 5-ақ команда өнер көрсететінін білетін бе едіңіз? Ал сол бесеудің екеуі ғана кәсіпқой да, қалған үшеуінің әуесқой командалар екенінен хабардарсыз ба? Міне, мәселе қайда жатыр. Ішкі біріншілікті күшейтпей, ұлттық құрамамыздың жеңісін көре алмаймыз. Қазақстан футбол федерациясы осы жағын қолға алуы тиіс.


Әйтпесе, Уэльс қыздарына қарсы біздің арулар жаман ойнаған жоқ. Рас, ойынды негізінен қорғаныс арқылы өрбітті. Қарсыласының қателігін күтті. Бірақ, футболшылары шетінен Англия чемпионатында доп тебетін команда қалай қателік жібере қойсын?! 90 минут бойы допты біздің айып алаңда ұстады. Айтбай Жамантаев шәкірттері де аяқтарын тартып ойнамады. Капитанымыз Бегайым Қырғызбаевадан бастап, Аида Гаистенова, Юлия Николаенко, Карина Жұмабайқызы... бәрі де жасыл алаңда жанын салып, стадионға жиналған жүз шақты көрерменнің алдында көсіле шапты. Әсіресе, қақпашымыз Оксана Железняктың жұмысы көп болды. Уэльс қыздарының әрбір соққысына тосқауыл болып, екінші таймның белортасына дейін қақпамызға доп дарытпады. Тек шабуылдардың бірінде Джессика Фишлокты ғана ұмытып кетіппіз. Оның айып алаңының сыртынан тепкен добы тура қақпа тоғыздығынан табылды. Бұл осы ойындағы жалғыз гол еді.

Ойыннан кейін Айтпай Жамантаевтан сұрадық. Іріктеу додасындағы барлық ойында қорғаныс арқылы ойнаймыз ба, әлде шабуылға шығатын да күн туар ма екен деген сауал қызықтырды. Ұзақ ойланған бас бапкер былай деп күрсінді:

– Өкінішке қарай, жағдайымыз солай болып тұр. Біздің қазір қарсыластарымызбен қатар шауып, оларды айып алаңында тықсыртып тастауға шамамыз келмейді. «Көрпеңе қарай көсіл» деген бар. Ел біріншілігі күшеймей, құрамамыздың ойыны түзелмейді.

Келіспеске шараң жоқ. Үнсіз ғана басымызды изедік. Өйткені, қыздар футболы Қазақстанда ешкімге де қажеті шамалы болып тұрғаны анық еді.

Автор: Әзиз Жұмаділ
Яндекс.Метрика