Подгорицада (Црна Гора) өтіп жатқан «Даму кубогында» екінші күнгі ойындар тәмамдалды. Орынбасар Дәуренбекова жаттықтыратын Қазақстан-U17 құрамасының қыздары Босния және Герцеговина бойжеткендерімен кездесті.
Бұл ойында да есепті Екатерина Михайлова ашты. Алайда матч соңына дейін Босния және Герцеговина қыздары екі гол соғып, таразы басын өздеріне аударды. Қазақстан қыздары екінші рет бірінші болып гол соқса да, жеңісті уыстарынан шығарып алды.
Қазақстан-U17 құрамасының аға жаттықтырушысы Орынбасар Дәуренбекова отандық футбол федерациясының сайты арқылы өз пікірімен бөлісіп, қыздарымыздың бапкерлер тапсырмасын 80 пайыз ғана орындағандарын, соңғы ойында бар күш-жігерлерін салатындығын тілге тиек етіпті.
Жалпы, «УЕФА Даму кубогы» турниріндегі екінші матчта жергілікті Црна Гора қыздары мен Әзірбайжан бойжеткендері тең түсті. Есеп – 1:1. Ал матч соңындағы пенальтиде Қарт Каспийдің арғы бетіндегі көршілеріміз 5:4 есебімен басым түсті.
Естеріңізге сала кетейік, бірінші күнгі матчтарда Црна Гора қыздары Қазақстан-U17 құрамасынан, ал Босния және Герцеговина бойжеткендері Әзірбайжан футболшыларынан 3:1 есебімен басым түскен болатын.
Соңғы ойын – ертең. Қазақстан – Әзірбайжан, Црна Гора – Босния және Герцеговина қыздары арасындағы матчтардан кейін «УЕФА Даму кубогы» турнирінің жеңімпазы анықталады. Әзірше, алты ұпаймен БЖГ (BIH) бойжеткендері – алда.
Қазақстан-U17 – Босния және Герцеговина-U17 – 1:2
Голдар: Михайлова, 3 (1:0). Гаврич, 70 (1:1). Джусанович, 74 (1:2).
Қазақстан-U17: Портнова, Болатбек, Кұрманғазина, Бурова, Исмаилова, Аруова, Михайлова (Садықова), Братченко (Нарбек), Скуфьина, Көбесова, Багули.