Вернуться к списку статей

Биязылық пен жарқындықты бойына сіңірген жасыл алаңдағы Аида ару

Футбол
2K
Аида Гайстенова –
Доп берсең ұршықша иіретін, сахнаға шығарсаң жаһандағы бар жігіттің жүрегін жаулап алатын Қазақстан ұлттық құрамасының үміткерімен сұхбаттасу барысында оның биязылығына, нәзік те, жарқындығына сүйсіндік.

Көркем гимнастика мен синхронды жүзуден басқа спорттың қай түрін алсақ та, көп жағдайда басымдық ерлерге беріліп жатады. Теңбіл допта да солай. Қыздар футболына аса қызығушылық жоқ. Дегенмен, мұнда да тартыс көп, мұнда да қарауға тұрарлық ойындар жетерлік. Әсіресе, жасыл алаңда жанын сала ойнағандарына қарамастан өз нәзіктіктерін жоғалтпаған аруларға қызығасың. Сондай сұлулардың бірі – Аида Гайстенова. 

Биыл Астана қаласының тарихында тұңғыш рет футболдан әйелдер кәсіпқой клубы құрылып, оған елордамыздан ғана емес, еліміздің әр түкпірінен дарынды қыздар жиналды. Команданың аға жаттықтырушысы Орынбасар Дәуренбекованың шақыртуымен Көкшетаудан бір топ қыздар келді. Солардың бірі – Аида Гайстенова еді. «Астана» тарихындағы алғашқы голды соққан да – осы қыз.

– Бірақ, хаттамада гол басқа футболшының атына жазылды, - деп еске алады сол ойынды Аида. – Ел кубогының аясындағы ойын болатын. Бұрыштамадан доп көтердім. Қақпашы қателесіп, қолынан шығарып алды да, доп қақпаға кіріп кетті. Ол жерде апыр-топыр болып жатқан. Бас төреші голды Ирина Чукисованың атына жазыпты. Кім соқса да, жеңіске жететін команда ғой. Ең бастысы, командама пайдамды тигізгеніме қуаныштымын.

Өкінішке қарай, сол ойында Аида аяғынан ауыр жарақат алып, саптан шығып қалды. Содан бері екі ай өтті. Әлбетте, оның шебінде қазір басқа ойыншы ойқастап жүр.

– Бізде бәсекелестік жоғары. Менің шебім, яғни сол қапталдағы жартылай қорғаныста төрт ойыншы бар. Сондай-ақ, сырттан тағы да футболшылар келеді деп жатыр. Сондықтан, кейде негізгі құрамдағы орнымды жоғалтып алам ба деп те қорқамын. Қанша жерден құрбыларым болғанымен бәрібір негізгі құрам үшін бәсекеге түсеміз ғой. Мен жоқта олардың да шеберліктері өскен. Әрине, жаттығулар барысында тырысып-ақ жүрмін. Алайда, әлі толық бабыма келе қоймағанымды түсінемін. Сирақ сүйегімді қатты ауыртып алғанмын ғой. Аяғымды жерге нық қойғанда әлі де ауырады. Дегенмен, ақырындап қарқын ала бастадым. Толық жазылған соң өз орнымды ешкімге бермеймін, - дейді Гайстенова.

Жалпы, Аида Гайстенова Көкшенің қызы. Щучинскіде дүниеге келген. Футбол әліппесін де сол жақта үйренген. Айтуынша, кішкентайынан қыздардан гөрі, ұлдармен ойнағанды ұнатыпты. Солармен бірге аулада доп тебуді де меңгерген. Алғашқы бапкері – Мельников Николай Семенович.

– Николай Семенович Щучинскіде қыздар футболын енді ғана қолына ала бастаған кез. Мен, қателеспесем, алтыншы сыныпта оқитынмын. Тағы екі-үш қыз бар, бәріміз бірге жаттықтырушымызға қосылып, аула-аулаларды аралап, өзіміздің командамызға қыздарды шақыратынбыз. Осылайша ол жақта да қыздар футболы қалыптасыпты, - деп футболға қалай аяқ басқанын айтып берген Аида кәсіпқой футболдағы алғашқы қадамын да еске алды. – Кейін 16 жасымда Көкшетау қаласына кеттім. Ол жақта мүлдем басқа деңгейлі футболды көрдім. Өзімнен он жас үлкен қыздардың арасында доп тептім. Басында қорқынышты болды. Артынша үйреніп кеттім.

Көкшетаудың «Көкше» клубында доп тепкен Аида сол команда арқылы Қазақстан жасөспірімдер құрамасына да шақырту алды. 19 жасқа дейінгі жасөспірімдер құрамасымен бірге Аустриядағы турнирге қатысып қайтты. «Еуро-2013» іріктеу додасының аясында Италиядағы турнирге дайындалды. Осылайша «Көкшеге» үш жылын арнап, Пак Петр Юрьевичтің қарамағында жаттыққан ару арман қуып Астанаға да келді.

– Тыныштыққа үйреніп қалған мен үшін басында Астана онша ұнамайтын. Шулы қала. Өмір мұнда жылдам ағып жатқандай көрінетін. Қазір үйреніп қалдым. Тіпті, ғашықпын десем де болады. Оның үстіне, командамыз өте тату. Үш айдың ішінде осындай ұжым жиналғанына таңғаламын. Мұның барлығы осы командада жұмыс істеп кеткен жаттықтырушы Орынбасар Дәуренбекованың арқасы деп білемін. Басында шақырғанда ұсынысты қуана қабылдадым. Өмірімдегі ең дұрыс шешімдерімнің бірі осы болған шығар. Енді «Астана» арқылы алдағы уақытта Қазақстан ұлттық құрамасына шақырту аламын деп үміттенемін. Әлбетте, ол үшін жаттығуларда аянбастан тер төгуім қажет. Бәрі бірден бола салмайды, - деп ағынан жарылды жартылай қорғаушы.

Байқағанымыз, Аиданың бойында солтүстіктің де, оңтүстіктің де қыздарына тән қасиеттер бар. Биязы, ұяң, ашық және жарқын. Бірақ, кішкентайында шолжаңдау болыпты. Мұғалімдерінің айтқандарын тыңдамай, жиналыс кездерінде үнемі ортаға шақыртылатын болған екен. Достары қыздар емес, ұлдар болғандығынан да шығар. Көбінесе ұстаздары футбол ойнағаны үшін сынайтын. Тіпті, алғашында анасы доп тебуіне қарсы болыпты. «Бұл сен айналысатын спорт емес» деп футболға қатысуына да тиым салыпты. Соған қарамастан, ешкімге айтпай, ауладағы достарымен бірге стадионға қашып кете беретін болған.

– Жалпы, анама үлкен рахмет айтамын. Қазір кішкентай кезімдегі сол қылықтарым есіме түссе, ұялып кетемін. Бір жағынан күліп еске аламыз. Мені ешкімнен кем қылмай, біреуге жалтақтатпай өсірген анам мен апам ғой. Әйтпесе, әкемнің махаббатын сезінген де жоқпын. Екі жасымда екеуі айрылысып кетіпті. Иә, кейін хабарласып, кездесіп тұрдық. Бірақ арты жақсы болмады. Мен оны қабылдай алмадым, - деп Аида ару балалық шағы туралы да жасырмай айтты.

Бүгінде «Астана» футбол клубының жартылай қорғаушысының өмірге деген көзқарасы қалыптасқан. Футбол туралы қай тақырыпта болмасын, көсіле әңгімелей алады. Сүйікті клубы – «Реал», ұнататын ойыншылары Серхио Рамос, Марсело және Иско. Біріншісінің харизмасына қызығады, екіншісінің жауапкершілігі жанына жақын, үшіншісінің техникасына сүйсінеді.

– Ал бұрын маған Криштиану Роналду ұнайтын, - дейді Аиданың өзі. – Тіпті, Роналдудың аты жазылған футболкалар, суреті салынған жастықтар да болатын. Кейін көзқарасым өзгерді. Иә, оның да жанкүйерімін. Бірақ футболға кішкене басқаша қарай бастадым.


Кішкене басқаша қарай бастағандығынан шығар. Теледидардан футбол трансляцияларын сирек, талғап барып тамашалайды екен. Қазір өтіп жатқан Еуропа чемпионатының бірде-бір матчын көрмепті. «Ұнамайды» дейді. Одан гөрі, Чемпиондар лигасының ойындарын жібермей көретінін айтты. Сондай-ақ, қыздар футболынан гөрі ерлер ойындарының қызықтырақ болатынын өзі де мойындады.

– Иә, ерлер футболы қызықтырақ. Тартысты өтеді. Қанша дегенмен физикалық күштері басым ғой. Олардың соққылары да қатты, жылдамдықтары да зор. Дегенмен, кейде Қазақстан Премьер-лигасын қарап отырсаң, біздің өзімізге ұят саналатын баланың қателіктерін жіберіп жатады, - деп ерлер футболындағы әріптестерін де сынауды ұмытпады.

Сөз соңында Аидадан неліктен Қазақстанда қыздардың футболдағы карьерасы қысқа болатынын сұрадық. Шынымен ғой, аруларымыз жасыл алаңда көп жағдайда 25-28 жасқа дейін ғана доп қуалап, одан әрі басқа салаға ауысып кетіп жатады.

– Бұл біздің менталитетімізге байланысты шығар. Тұрмыс құрамыз да, футболды ысырып қоямыз. Өйткені, қазақ қыздарында бірінші кезекте отбасы, отағасы, бала-шағасы тұрады ғой. Ал жұмыс екінші кезектеқалып қояды. Өзім де күйеуге тисем, сөйтетін шығармын. Бірақ әзірге тұрмыс құру жоспарымда жоқ. Кемінде бес жылдай футбол ойнасам деймін. Бірақ біздің командада отбасылық шаруаларын да, жасыл алаңдағы ойындарын да қатар алып жүрген қыздар бар. Егер мүмкіндік болып жатса, неғұрлым көбірек футболда болған жақсы емес пе?, - деп өзіме қарсы сұрақ қойды.

Үндемей басымды изедім. Бұл – бұрын қыздар футболына аса қызықпаған менің осы сұхбаттан кейін еріксіз жанкүйер болып бара жатқандығымның белгісі еді.  

Автор: Әзиз Жұмаділ
Яндекс.Метрика