Вернуться к списку статей

Арулар айқасы ашық деп жарияланды

Футбол
1K
Маусымның шымылдығын ашқан «Астана» мен «БИІК-Қазығұрт» қыздар командалары ел біріншілігінің 1-турында тең түсті. Елорданың «Астана-Арена» стадионында өткен ойында екі командада бір-бір голмен тарқасты.

Иә, «Астана» – құрылғанына төрт ай ғана болып, енді ғана тәй-тәй басып келе жатқан клуб. Әлбетте, оларға «БИІК-Қазығұрт» сынды талай доданың дәмін татып, әбден ысылған командаға қарсы тұрудың оңай емес екендігі белгілі. Сондықтан болар, шымкенттіктерге қарсы кездесуде астаналық арулар негізінен «теп те, қуып жет» тактикасына басып, әдемі ойын көрсете алмады. Ойын тізгіні негізінен оңтүстіктен келген бойжеткендердің қолында болып, Калоян Петков қыздары матч бойы дамыл таппай, қос қапталмен шабуылдау арқылы алаң иелерін әбден әбігерге салды.

«Астана» - «БИІК-Қазығұрт» - 1:1 (0:0)

Голдар: Әлімқұлова 73 - Ихезуо 75

Ескертулер: Свергун 39, Кравец 42, Костина 54

«Астана»: Сараптовцева, Жахина, Пушкарева, Хацкевич, Свергун (Корнецова 56), Берендеева, Николаенко, Бекпенбет, Костина (Әлімқұлова 72), Чукисова (Бочковская 90+1), Ялова (Широкова 82).

«БИІК-Қазығұрт»: Железняк, Красюкова, Машкова, Кравец, Бабшук, Вылданова, Жаңатаева, Хайрулина, Ихезуо (Бортникова 90), Адуле, Габелия.

Төрешілер: Қарабаев, Үсенова, Шагиров - (барлығы - Астана).

Астана. «Астана-Арена» стадионы. 100 жанкүйер.


Астана - БИІК-Қазығұрт 1:1

Бірақ, бірінші таймда екі команда да гол соға алған жоқ. Тек үзілістен кейін ғана көрермендер екі голдың куәсі болды. Қызық болғанда есепті бірінші болып ашқан алаң иелері. Қарымта шабуылды сәтті пайдаланып, ойынның 72-минутында шымкенттік қақпашыны қапыда қалдырды. Голдың авторы – Әйгерім Әлімқұлова. «БИІК-Қазығұрт» қақпасына орындалған айып соққысынан кейін оңтүстік клубтың қақпашысы қателесіп, допты қолынан шығарып алған. Әйгерім Әлімбозованың аңдығаны сол екен, құйындай жүйткіп, жетіп барды да, «теңбіл снарядты» ақырындап түрте салды.

Алайда, қуаныштары көпке созылмады. Арада үш минут өтер-өтпестен қонақтар жауап голын соғып кетті. Бұл жолы енді «Астана» қақпашысы қателесті.


– Қақпашымыз Сараптовцева алыстан бағытталған допты қақшып алам деп ойлады. Жұдырықпен-ақ қайтарып жібере салу қажет еді. Доп қақпа маңдайшасына тиіп кетті де, кері серпілді. Ал қақпашымыздың өзі тепе-теңдікті ұстай алмай құлап қалды. Орнынан көтерілемін дегенше «БИІК-Қазығұрт» шабуылшысы допқа бірінші болып жетті де, таразы басын теңестіріп кетті, - деді осы эпизод туралы матчтан кейін «Астананың» бас бапкері Виктор Сеник.



Енді «Астана» мен «БИІК-Қазығұрт» келесі ойынын 20 мамырда «Астана-Аренада» қайта өткізеді. Ал Алматыда өтуі тиіс болған «ЖСШОМ-Барыс» пен №2 ОБЖСМ (Ақтөбе) командалары арасындағы матч соңғыларының оқушылар арасындағы Республикалық Спартакиадаға қатысатын болғандығынан кейінге шегерілді.


– Биыл ғана құрылған команда үшін «БИІК-Қазығұрт» сынды азулы командамен тең түсу – үлкен ерлік. Сондықтан, ойын нәтижесіне көңілім толады. Әлбетте, әлі ойынымыз жетілмеген. Қателіктеріміз көп. Бірақ қыздарымызда жігер бар. Енді 20 мамырда шымкенттіктермен тағы кездесеміз. Бас бапкер бәлкім негізгі құрамға бір-екі өзгеріс енгізетін шығар. Бірақ, негізгі принціпімізді сақтап қаламыз, - деп өз пікірін "Астана" арулар командасының аға бапкері Орынбасар Дәуренбекова да өз пікірін білдірді.

Автор: Әзиз Жұмаділ
Яндекс.Метрика