Вернуться к списку статей

Арулар арасындағы Ел кубогында жартылай финалға шыққан командалар анықталды

Футбол
1K
Шымкенттегі Ел кубогы
Шымкентте өтіп жатқан қыздар арасындағы Қазақстан кубогының топтық кезеңі аяқталып, жартылай финалға жолдама алған төрт команда анықталды.

Кеше топтық кезеңнің 3-тур ойындары өтті. Шымкенттік дербиде «№7 МБЖСМОР-БИІК» командасы «Үміткердің» қақпасына бірінші таймда-ақ жауапсыз алты гол соғып, ойын тағдырын алғашқы 45 минутта-ақ шешіп тастады. 

Ал екінші таймды жай доп қуумен өткізіп, ақырында қарсыластарын 7:0 есебімен жеңді де, Алматының «ЖСШОМ-Барысымен» бірге жартылай финалдың жолдамасын жеңіп алды. 

Енді олар ертең жартылай финалдың аясында Шымкенттің тағы бір командасы «БИІК-Қазығұртпен» кездеседі.Ертең жартылай финалдың жұбын «ЖСШОМ-Барыс» пен елорданың «Астанасы» құрайтын болады. 

Өз кезегінде «астаналық» арулар кеше Ақтөбенің №2 ОБЖСМ командасымен кездесіп, әр таймда үш голдан соқты да, ойынды 6:0 есебімен өз пайдаларына аяқтады. Бірінші таймның ортасында ақтөбелік команданың негізгі қақпашысы Аяжан Тоқтарбай жарақат алып, оның орнына резервтегі Ақнұр Құрманғазина шыққан. Бірақ ол да қақпасынан үш доп алып шығуға мәжбүр болды.



– Ақтөбенің қыздары болашағынан мол үміт күттіретінін дәлелдеді. Рас, әзірге жоғары деңгейде ойнауға шамалары жетер емес. Өрімдей бойжеткендер ғой. Бір жағынан сондықтан шығар, менің шәкірттерім де кішкене босаңқы ойнады,- деп өз пікірін білдірді бізге телефон арқылы «Астана» қыздар командасының аға жаттықтырушысы Орынбасар Дәуренбекова.

– Енді ертең Алматының «ЖСШОМ-Барыс» командасымен кездесіп, Ел кубогының финалдық жолдамасын сарапқа саласыздар. Бұл ойыннан не күтуге болады?

– Алматының қыздары осал емес. Бізге лайықты қарсылас болулары тиіс. Дегенмен, қалайда ұтуымыз керек. Меніңше, финалда қайтадан «БИІК-Қазығұртпен» кездесетін сияқтымыз. Топтық кезеңде тең түсіп қалғанбыз. Соңғы минутта гол жіберіп алған едік. Осы жолы кімнің мықтырақ екені белгілі болады. Әлбетте, бас жүлде жолында аянып қалмасымыз анық.

– Ел кубогының аясында екі ойын өткіздіңіздер. Қарсыластарыңыздың ойындарын да көрдіңіздер. Жалпы, осы ойындардан не түйдіңіз? Команданың әлеуеті қаншалықты екен? Басқалар жайлы не айтасыз?

– Біздің команда өзінің осы маусымда жоғары орындарға таласа алатындығын дәлелдеп жатыр. Рас, әлі де болса, кемшіліктеріміз аз емес. Мәселен, ойыншыларымыздың физикалық әлеуеттері әзірге көңіл көншітпей тұр. Ойын соңына таман шаршап қалып жатырмыз. Басқа командаларды айтар болсам, биыл ел біріншілігі қызық болайын деп тұр. Рас, басты фаворит екеу – біздің «Астана» мен Шымкенттің «БИІК-Қазығұрт» қыздары. Олардың да құрамы мықты ойыншылармен жасақталған. Легионерлері тәжірибелі. Дегенмен, басқа командаларды да естен шығаруға болмайды. Қанша дегенмен, өзге өңірлерде де қыздар футболының дамығаны жақсы ғой.

Сонымен, ертең жартылай финалдың ойындары. Ал бас жүлде 8 мамыр күні сарапқа салынады.

№2 ОБЖСМ (Ақтөбе) – «Астана» 0:6 (0:3)

Голдар: Ялова, 11. Николаенко, 29. Ялова,  32. Широкова, 68. Широкова, 81. Широкова, 88. 

№2 ОБЖСМ: Тоқтарбай (Құрманғазина 36), Оразметова, Закаряева, Қожахмет, Амангелді (Сайдолла 71), Жәутікова, Серғали, Жақсымбай, Сатығалиева, Ақбаева, Көбекова 

«Астана»: Шойкина, Бочковская, Пушкарева, Хацкевич, Корнецова (Сламбекова 46), Николаенко, Берендеева, Гайстенова (Свергун 46), Костина (Широкова 55), Бекпенбет (Пазыл 45), Ялова (Әлсейітова 64).

Төрешілер: Ергешов, Ыдырысова, Айнабеков (барлығы - Шымкент)

«Үміткер» (Шымкент) – «БИІК-№7 МБЖСМОР» (Шымкент) 0:7 (0:6)

Голдар: А.Садықова 6, Аверина 8, 51, Ларина 9, Тұрлыбекова 30, Спаданейко 32, 39 

«Үміткер»: С.Садықова, Исмаилова, Бурова, Тарасова, Богданова (Фатрахманова 72), Хәмзе (Хидирова 72), Артықбай, Шамсутдинова (Литвина 72), Байжұман (Махаматова 62), Аннасова, Нарбек (Бәкірова 58).

БИІК-№7 МБЖСМОР: Исмаилова, Әбдірахманова (Серікбай 46), А.Садықова, Ходжашева, Флют (Головацкая 46), Попкова (Кенжебаева 46), Тұрлыбекова, Низамутдинова (Қабылбаева 46), Ларина (Волкова 46), Аверина, Спаданейко (Иванюк 46).

Төрешілер: Әбжан, Құдабек, Ыдырысова (барлығы - Шымкент)


  
 

Автор: Әзиз Жұмаділ
Яндекс.Метрика