Вернуться к списку статей

Шымкентте қыздар арасындағы Ел кубогы басталды

Футбол
2K
Фото Қазақстан футбол федерациясының ресми сайтынан
Шымкентте футболдан қыздар арасындағы Ел кубогы басталды. Екі топқа бөлінген алты команда 8 мамырға дейін өзара үздікті анықтайтын болады.

Жеребе қорытындысы бойынша «А» тобын елорданың «Астанасы», Шымкенттің «БИІК-Қазығұрт» командасы және Ақтөбенің №2 ОБЖСМ қыздары құраса, «В» тобында Шымкенттің «№7 МБЖМОР-БИІК» пен «Үміткер» командалары, сондай-ақ Алматының «ЖСШОМ-Барыс» арулары өнер көрсетуде.

Бүгін турнирдің екінші ойын күні аяқталды. Елорданың «Астана» командасы маусымның басты фавориттерінің бірі «БИІК-Қазығұртпен» кездесіп, тең түсіп қалды. Өте тартысты өткен кездесуде командалар бір сағат бойы бір-бірін ала алмады. Есепті ашқан Аида Гаистенова. Алаңға шыққанына небәрі үш минут болған Аида әріптесінен пас алып, таразы басын астаналықтарға қарай аударған. Алайда, жеңісті есепті ұстап тұра алмады. Соңғы минутта Гулнара Габелия таблодағы көрсеткішті 1:1-ге жеткізді.

– Матч тартысты өтті. Өкінішке қарай, жеңісті есепті ұстап тұра алмадық. Соңғы минутта сәл босаңсып қалып, есепті теңестіруге мүмкіндік беріп қойдық. Дегенмен, қарсыласымыз Қазақстандағы ең мықты клубтардың бірі екенін ескерген жөн. Біз барымызды салдық. Енді ертең Ақтөбенің командасымен кездесеміз. Қалайда жеңіске жетіп, жартылай финалдың жолдамасын қалтамызға салуымыз керек, - деді «Астана» қыздар командасының аға бапкері Орынбасар Дәуренбекова.

Айтпақшы, Ақтөбенің №2 ОБЖСМ командасы мен «БИІК-Қазығұрт» кеше кездескен. Шымкенттіктер қарсыласының қақпасына жауапсыз 11 гол тоғытқан. Бұл «А» тобындағы ойындар.

Ал «В» тобында кеше Алматының арулары Шымкенттің «Үміткерін» 13:0 есебімен ойсырата жеңсе, бүгін оңтүстік өңірінің екінші командасы «№7 МБЖМОР-БИІК» қыздарын 5:0 есебімен тізе бүктірді.

Ертең топтық кезеңнің соңғы туры. Одан кейін командалар 6 мамырда жартылай финалдық кездесулерін өткізіп, үздік шыққан екеуі мамырдың 8-і күні Қазақстан кубогын сарапқа салады.

Ел кубогының топтық кезеңі

«А» тобы:

«БИІК-Қазығұрт» (Шымкент) – №2 ОБЖСМ (Ақтөбе) 11:0 (4:0)

Голдар: Вылданова, 8. Жаңатева 32, Құлмағамбетова 33, Жұмабайқызы 43, Вылданова, 53. Бортникова 57, Габелия, 66. Вылданова, 69. Габелия, 86. Адуле, 87. Габелия, 90.

«Астана» – «БИІК-Қазығұрт 1:1 (0:0)

Голдар: Чукисова, 66. – Габелия, 90.

«В» тобы

«ЖСШОМ-Барыс» (Алматы) – «Үміткер» (Шымкент) 13:0 (7:0)

Голдар: Өміртаева, 2. Қозиева, 5. Қырғызбаева, 14. Қырғызбаева, 20. Өміртаева, 21. Қозиева, 24. Қырғызбаева, 33. Өміртаева, 59. Әйтімова, 65. Қозиева, 77. Власова, 84. Власова, 88. Өміртаева, 90.

«№7 МБЖСМОР-БИІК» (Шымкент) – «ЖСШОМ-Барыс» 0:5 (0:3)

Голдар: Қырғызбаева 9, Әйтімова 13, Корниенко, 14-автогол, Мамедова, 60. Мамедова, 63.

Автор: Әзиз Жұмаділ
Яндекс.Метрика