Түркияда үшінші оқу-жаттығу жиынын өткізіп жүрген «Ақтөбе» бүгін Давид Лориямен келісімге келді. Жергілікті қонақүйлердің бірінде клуб басшысы Самат Смақов пен қақпашы кездесіп, тиісті құжаттарға қол қойысып, қол алысты. Дегенмен, келісімшарт мерзімі мен жалақы көлемі белгісіз.
Естеріңізге сала кетейік, 37 жасар қақпашы Қазақстан чемпионатында «Жеңіс» (Астана), «Есіл-Богатырь» (Петропавл), «Шахтер» (Қарағанды), «Локомотив» (Астана), «Қайрат» (Алматы), «Ертіс» (Павлодар) клубтарында ойнаған. Бұдан бөлек, Ресейдің «Спартак Нальчик», Швецияның «Хальмстад» және Түркияның «Ризеспор», «Каршияка» командаланың қақпасын қорғаған. Үш рет Қазақстан чемпионы атанып, екі рет ел кубогын жеңіп алған. 2006 жылы еліміздің ең үздік ойыншысы атанған.
Қазақстан ұлттық құрамасында 45 кездесуге қатысқан. Өткен маусымды Павлодардың «Ертісінде» өткізген Давид Лория өткен айда клубпен келісімшартты бұзуға мәжбүр болған. Жанкүйерлермен қоштасып хат жазған Лория өзінің «инстаграмдағы» жеке парақшасына, «Өзімді көргісі келген клубта қалғым келмейді» деген жазба қалдырған болатын.
Ал Лорияны жіберген «Ертіс» Шымкенттің «Ордабасы» командасынан Алмат Бекбаевты алдыртқан.