Вернуться к списку статей

"Ертіс" өзінің Еуропа лигасында ойнайтынын біле ме?

Футбол
1K
Бұған дейінгі маусымдарда ел намысын еурокубок ойындарында абыроймен қорғап келген «Ертістен» биыл Еуропа лигасында үлкен ерлік күтуге болмайтын сияқты. Павлодардан жетіп жатқан жаңалықтардан осылай түйдік.

Еурокубоктарда доп тепкен кейбір командаларымызға қарағанда «Ертіс» ешқашан бізді халықаралық аренада ұятқа қалдырған емес. Бірінші іріктеу кезеңінен ұшып кеткеннің өзінде қарсыласына тісін батырып қалуға тырысатын.

Ең бірінші рет еурокубокқа 2003 жылы жорыққа шыққан павлодарлықтар Чемпиондар лигасының бірінші іріктеу кезеңінде Кипрдің «Омониясымен» ойнап, түзде тең түсті, өз алаңында бір сағат бойы есепте алда тұрды, ал қақпасына шешуші голды төреші қосқан бес минуттың соңғысында ғана жіберіп алды.

2009 жылы Еуропа лигасының бірінші іріктеу кезеңінде Венгрияның «Халадаш» командасымен кездесіп, өз алаңында 2:1 есебімен ұтты. Мұның алдында бір апта бұрын түзде 0:1 есебімен жеңіліп қалғандықтан ғана келесі кезеңге өте алмады.

2011 жылы Еуропа лигасында екінші іріктеу кезеңіне дейін жетті. Алдымен екі матчтық текетіресте Польшаның «Ягеллониясын» тізе бүктірді. Бірақ, екінші іріктеу кезеңінде Грузияның «Металлург» командасына шамасы жетпеді. Рас, түзде тең ойнап қайтқан. Өз алаңында менсінбей шықты ма, әйтеуір қақпасына күтпеген жерден екі гол жіберіп алды.

2013 жылы да екі жыл бұрынғы жетістігін қайталап, Еуропа лигасында екінші іріктеу кезеңіне дейін жеткен. Тіпті, біріншісінде Болгарияның ең мықты клубтарының бірі «Левскиді» тізе бүктірді. Бірақ екіншісінде Боснияның «Широки Бриег» клубына жетіп тоқтады. Бірінші ойында 3:2 есебімен жеңіске жеткенімен қарымта матчта қақпасын голдан қорғай алмады.

Араға үш жыл үзіліс алып, 2017 жылы еурокубокқа қайта оралған «Ертіс» былтыр да Еуропа лигасында екінші іріктеу кезеңіне дейін жетті. Алдымен Болгарияның «Дунав» клубын 1:0 және 2:0 есептерімен екі ойында да жеңді. Келесі кезеңде жеребе Сербияның «Црвена Звезда» клубына жолықтырған. Келісетін шығарсыздар, өте азулы клуб. Мамандар бірден сербтерді фаворит санап, біздің «Ертіс» ірі есеппен ұтатынын айтты. Бірақ Димитр Димитров бастаған жігіттер тағы да ерледі. Павлодарда «Црвена Звезда» төреші белгілеген пенальтидің арқасында ғана тең есепке қол жеткізді. Алайда, Белградта стадион толған жанкүйерлердің алдында алаң иелеріне төтеп беру мүмкін болмады.

Иә, қарап тұрсаңыз, «Ертіс» еурокубок ойындарында ешқашан оңайлықпен берілмеген. Үнемі жеңіске деген құштарлығымен ерекшеленетін. Дегенмен, павлодарлықтардың биылғы жағдайына алаңдаймыз. Трансферлік нарықтағы әрекеттерінен аздап шошитынымызды несіне жасырайық. Былтыр білікті бапкер Димитр Димитровтан айрылып қалып, орнына Вячеслав Грозныйды шақыртқан. Оны да көп ұстамады. Маусым соңында украиналықпен қоштасты. Ал жаңа бапкерді ұзақ іздеді. Тіпті, ғаламтордан хабарландыру жариялады.

Осы аралықта команданың келісімшарты аяқталған көшбасшылары да басқа клубтарға кете бастады. Солардың арасында Аслан Дарабаев, Дамир Дәуітов, Исмаел Фофана, Стефан Живковичтер де бар. Ел чемпионатында Карлуш Фонсекамен қатар команданың барлық матчына қатысқан Родриго да кетті. Ал олардың орындарына, шынын айтқанда, лайықты ешкімді алған жоқ. Нақты айтар болсақ, Кирилл Шестаков, Рахымжан Розыбакиевтердің жағдайын жақсы білеміз. «Ақтөбені» алға сүйрей алмаған бұл жігіттер Еуропа лигасында «Ертістің» жүгін арқалай ала ма? Дмитрий Шмидт, Владимир Воменкодан да ерлік күте алмайсың. Тек «Тараздан» барған Мақсат Әмірханов қана жанкүйерлерге медеу болып тұр. Алматыда туып-өскен, кейін Болгария, Молдова клубтарында доп тепкен Мидат Галбаев та жұмбақ ойыншы. Легионерлерден белорус Сергей Кислякты, Испаниядан Адриан Гомес Родригесті, нигериялық шабуылшы Фуад Гболаханды алдыртыпты. Әзірге бұл ойыншылардан не күтерімізді білмейміз.

Рас, жаңа бапкер Херард Нустың жұмыстарына баға беру әлі ерте. Футболшыларды сынақтан Херард өткізгенімен келісімшартқа қол қоятын ол емес. Қазір «Ертіс» Түркияда екінші оқу-жаттығу жиынын өткізіп жатыр. Біріншісінде үш жолдастық кездесу ұйымдастырған. Украинаның «Черноморец» клубын 1:0 есебімен жеңді. Одан кейін «Краснодардың» жастарымен тең түсіп, Ресейдің Ұлттық лигасындағы «Олимпиецті» 2:0 есебімен ұтты. Дегенмен, екінші жиында мықты қарсыласпен кездескені сол екен, павлодарлықтардың барлық әлсіз тұсы көрініп қалды. Болгарияның «Лудогорец» клубы қақпамызға жауапсыз екі гол соқты. Енді ертең «Ертісті» бір күнде екі ойын күтіп тұр. Алдымен Болгарияның «Пирин» командасымен, ал түстен кейін Венгрияның «Мезекевешд» клубымен» ойнайды.

Иә, «Ертіс» әлі құрамын сапалы ойыншылармен күшейтеді деп үміттенеміз. Әйтпесе, Еуропа лигасында жағдайлары қиын болайын деп отыр. Бізге еурокубокта ірі есептермен жеңілетін бір команда жетеді. Екіншісінің қажеті жоқ.

Автор: Әзиз Жұмаділ
Яндекс.Метрика