Вернуться к списку статей

«Спортингтің» басты сұрмергені жарақат алып қалды

Футбол
1K
«Спортингтің» басты сұрмергені жарақат алып қалды
«Астанамен» болатын ойынның қарсаңында «Спортингтің» басты сұрмергені голландиялық Бас Дост жарақат алып қалды. Осылайша португалиялықтардың шабуылы аздап әлсіреді.

Португалия чемпионатының 20-туры аясында өткен «Спортинг» пен «Гимарайнш» арасындағы ойынның бірінші таймында жарақат алып қалған шабуылшы орнынан тұра алмай, тек дәрігерлердің көмегінен кейін ғана есін жиған. Үзіліс кезінде бас бапкер Жоржи Жезуш оны алмастырып тастады.

«Бас қабырғасынан қатты соққы алды. Орнынан тұра алмай қалды. Үзіліс кезінде әлсізденіп қалғанын байқадым. «Демалуым қиын болып тұр» деді. Сондықтан, ауыстыруыма тура келді. Бізде онсыз да лазаретте Желсон Мартинш пен Даниэл Поденс жатыр. Енді міне, Бас Дост та жарақат алды. Шабуылда қиын болатын болды. Фабиу Коэнтрауды да аздап жарақат мазалап жүр, - деген болатын сол кездесуден соң Жоржи Жезуш.

Ал матчтан кейінгі медициналық тексеріс Бас Достың қатты соққы алғаннан кеудесінің оң жағы көгергенін айғақтап берді. Осылайша сұрмерген «Спортингтің» бүгінгі «Эшторилге» қарсы ойынына қатыса алмайды. Сондай-ақ, 7 ақпан күні өтетін Португалия кубогының жартылай финалы аясындағы «Портуға» қарсы кездесуді де жіберуі мүмкін. Дегенмен, лиссабондық клубтың бапкерлер алқасы шабуылшы «Астанамен» болатын бірінші ойынға дейін жарақатынан жазылады деп үміттеніп отыр. Егер дайын болмаса, Қазақстан чемпионына қарсы кездесуде оның орнын ивуарлық шабуылшы Сейду Думбия басуы әбден мүмкін. Өз кезегінде Думбия осы маусымда «Спортинг» сапында 8 ойын өткізіп, әлі бірде-бір гол соқпаған.

Айта кетейік, 28 жасар Бас Дост лиссабондықтар сапында Португалия чемпионатында осы маусымда 20 ойын өткізіп, 19 гол соққан. Ел чемпионатының сұрмергендер тізімінде 24 гол соққан «бенфикалық» Жонастан кейінгі екінші орында келеді. Ал «Спортинг» Португалия Премьер-лигасында 20 турдан кейін басты бәсекелесі «Портуды» бір ұпайға артқа тастап, көш бастап келеді.

Естеріңізге сала кетейік, Еуропа лигасының 1/16-финалы аясындағы «Астана» мен «Спортинг» арасындағы бірінші ойын «Астана-Аренада» 15 ақпанда өтеді. Жауапты матч 22 ақпанға Лиссабонға жоспарланған.

Автор: Әзиз Жұмаділ
Яндекс.Метрика