Ендеше Еуропаға жасақтаған бұрынғы жорықтарын зерттеп, келесі жылға өз болжамымызды жасап көрсек.
«Астана» – Чемпиондар лигасы
Елордалықтар еурокубокта 2013 жылдан бері. Бірінші маусымда сол кезде Мирослав Беранек жаттықтырған «Астана» Еуропа лигасының бірінші іріктеу кезеңінде Болгарияның «Ботевінен» оңбай ұтылды. «Астана-Аренада» 0:1 есебімен жеңілген жерлестеріміз Пловдивте 0:5 нәтижесімен масқара болды. Бұл кезде болгарларды Станимир Стойлов жаттықтыратын. Келесі маусымда Стойлов «Астанаға» келді. Одан кейінгі жетістіктері қандай екенін жақсы білесіздер. Сонда да.
2014 жылды да «Астана» Еуропа лигасының іріктеу кезеңінен бастап, плей-офф кезеңіне де жетті. Алдымен Арменияның «Пюнигін» өтіп, Израильдің «Хапоэль», Швецияның АИК сынды командаларын өтті. Алайда, Испанияның «Вильярреалына» шамасы жетпеді.
2015 жыл «Астана» үшін ғана емес, қазақ футболы үшін тарихи жыл болды. Чемпиондар лигасының іріктеу кезеңдерінен сүрінбей өтіп, «Марибор» (Словения), ХИК (Финляндия), АПОЭЛ (Кипр) сынды командаларды артта қалдырған «Астана» Чемпиондар лигасының негізгі кезеңіне жолдама алды. Ал топтық турнирде Португалияның «Бенфика», Испанияның «Атлетико» командаларымен өз алаңында тең ойнап, Түркияның «Галатасарайынан» екі матчта да бір-бір ұпайдан алды. Осылайша төрт ұпаймен төртінші орынға тұрақтады.
Былтыр «Астана» еурожорықты Чемпиондар лигасының іріктеу кезеңінен бастағанымен үшінші іріктеу кезеңінде Шотландияның «Селтигінен» ұтылып, еуроойындарын Еуропа лигасында жалғастырды. Топтық турнирде АПОЭЛ (Кипр) «Олимпиакос» (Грекия), «Янг Бойз» (Швейцария) командаларымен ойнап, 5 ұпай жинады да тағы да төртінші орынға орнықты.
Ал биыл «Астанада» еурокубоктың көктемгі кезеңіне шығатын керемет мүмкіндік бар. Еурожорықты әдеттегідей Чемпиондар лигасының іріктеу кезеңінен бастағанымен тағы да плей-оффта «Селтикке» кездесіп, Еуропа лигасының топтық турнирінде ойнауға мәжбүр болды. Дегенмен, сәтті келе жатыр. Төрт турдан кейін 7 ұпаймен турнир кестесінде 2-орында. Енді бір жеңіс болса, көктемгі кезеңге жолдама алады.
Келесі маусымда «Астана» қайта Чемпиондар лигасының іріктеу кезеңінен бастайды. Бәлкім, елордалықтарды турнир төресінің топтық кезеңінен көріп қалатын шығармыз.
«Қайрат» – Еуропа лигасы
Осы квартеттің ішінде еурокубокқа ең көп қатысқан команда – «Қайрат». Алматының командасы «Кәртамыс құрлыққа» жорықты 2002 жылдан бастаған. Бірақ УЕФА кубогының бірінші іріктеу кезеңінде (қазіргі Еуропа лигасы) екі кездесудің қорытындысы бойынша «Црвена Звездадан» 0:5 есебімен ұтылды. 2005 пен 2006 жылы да бірінші іріктеу кезеңінен аса алған жоқ. Алдымен Чемпиондар лигасында «Артмедиадан» ұтылып, келесі жылы Венгрияның «Фехерварынан» есе жіберді.
Тек 2014 жылы ғана «Қайрат» еурокубоктың бірінші іріктеу кезеңінен аса алды. Ал 2015 жылы Еуропа лигасының плей-офф кезеңіне дейін жетіп, тек Францияның «Бордосынан» ғана ұтылып қалды.
Былтыр «Қайраттың» жолын екінші іріктеу кезеңінде Израильдің «Маккабиі» кессе, биыл Албанияның «Скендербеуінен» аса алмай, сағы сынды.
Келесі маусым. «Астанамен» қатар қазақ жанкүйерлері «Қайратқа» да мол сенім артады. Осы екі клубтан күтеріміз де көп. Алматылықтар тым болмағанда плей-офф кезеңіне дейін жетеді деген үміттеміз.
«Ордабасы» – Еуропа лигасы
«Ордабасы» Еуропа лигасына бесінші рет жолдама алып отыр. 2012 жылы бірінші іріктеу кезеңінде Сербияның «Ягодина» клубын жеңгенімен келесі кезеңде Норвегияның «Русенборгынан» өте алмады. Түзде 2:2 есебімен тең ойнап қайтқан шымкенттіктер Алматының Орталық стадионында өткен жауапты кездесудің соңғы минутында гол жіберіп қойып, 1:2 есебімен ұтылып қалды да, турнирді аяқтауға мәжбүр болды.
Ал қалған үш жорықта «Ордабасы» бірінші іріктеу кезеңінде-ақ сүріне берді. Тіпті, осы ойындарда бірде-бір жеңіске жете алған да жоқ. Биыл да Боснияның «Шриоки Берегіне» есе жіберді.
Келесі маусым. Футболшыларының жалақыларын төлемей жатқаны болмаса, «Ордабасының» қазіргі құрамы қарымды. Ең бастысы, негізгі ойыншыларын сақтап қалып, команданы жақсы легионерлермен күшейте алса болғаны. Дәл қазір жанкүйерлер шымкенттік клубтан бірінші кезекте бірінші кезеңнен өтуін күтеді.
«Ертіс» – Еуропа лигасы
«Қайрат» секілді «Ертіс» те еурокубок жолдамасын жеті рет жеңіп алған команда. Алайда, УЕФА талаптарына сай келмгендіктен 2004 жылы Чемпиондар лигасына, 2005 жылы УЕФА кубогына қатысу құқықтарынан айрылды. Ал Еуропаға алғашқы жорығын 2003 жылы жасап, өкінішке қарай, бірінші іріктеу кезеңінен кейін «ақ жалаушасын» көтеруге мәжбүр болды. Сол текетірес әлі есімізде. Дмитрий Огай жаттықтыратын «Ертіс» Кипрде «Омониямен» 0:0 есебімен тең ойнап, өз алаңында бірінші болып есеп ашқанымен екінші таймда қонақтардың толассыз шабуылдарына төтеп бере алмай, екі гол жіберіп алды да, 1:2 есебімен ұтылып қалды.
2009 және 2011 жылдары павлодарлықтар Еуропа лигасында бірінші іріктеу кезеңінен де өте алмады. 2013 жылы бірінші кезеңде Болгарияның «Левски» клубын ұтып, екіншісінде Боснияның «Широки Бриег» клубына есе жіберді.
Биыл да «Ертіс» Еуропа лигасында екінші іріктеу кезеңіне дейін жетті. Алдымен Болгарияның «Дунавын» ұтып, екінші іріктеу кезеңінде Сербияның алыбы «Црвена Звездадан» өте алмады.
Келесі маусым. Еуропа лигасында сәтті өнер көрсету үшін «Ертіске» көп өзгеріс енгізу қажет секілді. Шыны керек, павлодарлықтар сапында қазір «еуростандартқа» жауап беретін Давид Лория, Аслан Дарабаев, Карлуш Фонсека сынды 3-4 ойыншы ғана бар. Сондықтан, келесі маусымда Еуропа лигасында неғұрлым алысқа барғысы келсе, «Ертіске» біраз күшею қажет секілді.