Бас бапкер Станимир Стойлов командадағы мықты ойыншылардың барлығын ертіп кетіпті. Тіпті, «Легияға» қарсы кездесуде жарақат алып қалған шабуылшы Джордже Деспотович, қорғаушы Марин Аничич пен қақпашы Александр Мокин де қайта қатарға қосылған. Дегенмен, олардың ойынға қаншалықты дайын екендіктері әлі белгісіз. Сондай-ақ, Марин Томасовтың да мәселесі толық шешілген. Клубтың баспасөз қызметінің хабарлауынша, хорват хавбегі ел чемпионатында ғана емес, «Астана» үшін еурокубоктық ойындарда да алаңға шығуға толық құқылы.
«Астана» футбол клубының Глазгоға аттанған құрамы:
Қақпашылар: Ненад Эрич, Аблайхан Дүйсен, Александр Мокин.
Қорғаушылар: Игорь Шитов, Марин Аничич, Юрий Логвиненко Дмитрий Шомко, Берік Шайыхов, Евгений Постников, Сергей Малый, Абзал Бейсебеков.
Жартылай қорғаушылар: Срджан Граховац, Серікжан Мужиков, Иван Маевский, Ласло Кляйнхайслер, Марин Томасов, Асхат Тағыберген.
Шабуылшылар: Джордже Деспотович, Джуниор Кабананга, Патрик Твумаси, Роман Муртазаев.
Бүгін Шотландияға жете салысымен команда алғашқы жаттығуын өткізеді. Ал ертеңге матч алдындағы ресми шаралар жоспарланған.
«Селтик» пен «Астана» арасындағы бірінші ойын Глазгода тамыздың 16-сынан 17-сіне қараған түні өтеді. Ал жауапты кездесу 22 тамызда елордамыздың «Астана-Аренасына» жоспарланған. Екі кездесуді де тікелей эфирден «Қазспорт» телеарнасы көрсетеді деп күтілуде. Сонымен қатар, елордалық тұрғындар мен қонақтар түздегі ойынды «Қазмедиа» орталығының бульвар жағындағы үлкен экранынан тамашалай алады.