«Чемпиондар жолында» плей-офф кезеңіне мына 10 команда жолдама алды: Грекияның «Олимпиакосы», Шотландияның «Селтигі», Данияның «Копенгагені», Кипрдің «Апоэлі», Словенияның «Мариборы», Әзірбайжанның «Карабахы», Қазақстанның «Астанасы», Хорватияның «Риекасы», Израильдің «Хапоэль Б-Ш» командасы және Чехияның «Славиясы». УЕФА рейтингіндегі коэффициентіне байланысты елордалықтар жеребе тарту барысында «еленбеген себетке» орналасады. Яғни, плей-офф сатысында өзімізден рейтингі жоғары командалармен кездесеміз.
«Чемпиондар жолы» командаларының УЕФА рейтингі | ||
№ | Команда | Коэффициенті |
1 | «Олимпиакос» (Грекия) | 64,580 |
2 | «Селтик» (Шотландия) | 42,785 |
3 | «Копенгаген» (Дания) | 37,800 |
4 | АПОЭЛ (Кипр) | 26,210 |
5 | «Марибор» (Словения) | 21,125 |
6 | «Карабах» (Әзірбайжан) | 18,050 |
7 | «Астана» (Қазақстан) | 16,800 |
8 | «Риека» (Хорватия) | 15,550 |
9 | «Хапоэль Б-А» (Израиль) | 10,875 |
10 | «Славия» (Чехия) | 8,135 |
Әлбетте, плей-офф кезеңінде әлсіз команда болмайды. Дегенмен, Чемпиондар лигасының келесі кезеңіне өту үшін «Астанаға» қай қарсылас тиімді?
«Олимпиакос» (Грекия)
Бес қарсыластың ішінде ең жоғары орында тұрғаны осы гректер. Станимир Стойлов шәкірттері былтыр бұлармен Еуропа лигасының топтық кезеңінде кездескен. Пирейде 1:4 есебімен ойсырай жеңілгеніміз әлі есімізде. Өз жерімізде бір-бір голдан алмасқанбыз. Дегенмен, ойынның 8-ші минутында Деспотович соққан голдан кейін қорғаныста мұқият болғанымызда жеңісті сақтап қалуға да болар еді.
Жалпы, «Олимпиакос» биыл Чемпиондар лигасына осы іріктеу кезеңінен бастап қосылған. Қарсыласы да мықты болатын. Соған қарамастан түзде 3:1 есебімен жеңіп, текетірес тағдырын шешіп тастады. Өз алаңында да 2:1 есебімен алда тұрғанымен ойынның аяқталуына бес минут қалғанда қақпасына гол жіберіп алып, тең ойнап қалды.
Өте қиын қарсылас.
«Селтик» (Шотландия)
Кельттермен де былтыр кездескенбіз. Чемпиондар лигасының үшінші іріктеу кезеңі болатын. Егер өз алаңымызда қазіргі капитан Дмитрий Шомко қателік жібермегенде оларды да өтер едік. «Астана-Аренада» 1:1 есебімен тең түсіп қалған соң Глазгода британдықтар іске жанкүйерлерден бастап төрешілерді де қосты. Нәтижесінде қақпамызға екі пенальти белгіленіп, екі ойыншымыз қызыл қағаз алды. Сөйтіп 1:2 есебімен жеңіліп қалғанбыз.
Биыл олар екінші іріктеу кезеңінен бастап додаға түсіп жатыр. Бірінші текетірестерінде Солтүстік Ирландияның «Линфилд» командасын екі кездесудің қорытындысы бойынша 6:0 (2:0, 4:0) есебімен ұтса, үшінші іріктеу кезеңінде азулы «Русенборгпен» өз алаңында тең ойнап, түзде ұтып кетті.
Қиын қарсылас. Бірақ өтуге болады.
«Копенгаген» (Дания)
Дания чемпионы біз үшін жұмбақ қарсылас. Скандинавтар былтыр Чемпиондар лигасының топтық кезеңінде өнер көрсетіп, Еуропаны біраз шулатқан. Өз тобында 9 ұпай жинап, Еуропа лигасының плей-офф кезеңіне шыққан. Ол жақта 1/8-финалға дейін жеткен.
Биыл екінші іріктеу кезеңінен додаға қосылған Ганс-Христиан Андерсон ұрпақтары Словакияның «Жилинасын» алдымен түзде 3:1 есебімен ұтып, өз алаңында 1:2 есебімен ұтылып қалды. Осы кезеңде Македонияның «Вардарымен» кездесті. Менсінбеген сияқты. Бірінші ойында 0:1 есебімен ұтылып қалды. Алайда өз жерінде барын салып, Македонский ұрпақтарын 4:1 есебімен «ұрып» алды. Байқағандарыңыздай, шабуылы мықты, голды көп соғатын команда.
Жұмбақ, әрі қиын қарсылас.
«АПОЭЛ» (Кипр)
«Астана» АПОЭЛ-ді қалай жеңу керектігін жақсы біледі. Былтыр Еуропа лигасының топтық кезеңіндегі жалғыз жеңісіне осы команданы жеңіп, қол жеткізген. Аничич пен Деспотович соққан голдардың арқасында 2:1 есебімен ұтқанбыз. Түздегі текетіресте де Максимович соққан голдан кейін есепте алда тұрдық. Тек матчтың соңғы ширегінде босаңсып қалып, қақпамызға екі доп жіберіп алған едік. Дегенмен, содан кейін АПОЭЛ Еуропа лигасының 1/16-финалында Испанияның «Атлетигін» де алып ұрып, тек Бельгияның «Андерлехтіне» жол берген.
Былтырғы құрамының 90 пайызын сақтап қалған «аралдықтар» биыл Чемпиондар лигасына жорықты екінші іріктеу кезеңінен бастап, алдымен Люксембургтің «Дюделанжына» екі ойында да жауапсыз бір-бір голдан соқты да, өткен кезеңде Румынияның «Виторулынан» өтті. Бірінші ойында жеңіліп қалған. Кеше овер-таймда 4:0 есебімен жолдаманы жұлып алды.
Тәжірибелі. Дегенмен, өтуге әбден болады.
«Марибор» (Словения)
Ертең жеребе бізге «Мариборды» түсірсе екен деп жүрген жанкүйерлер аз емес. Расында да бес қарсыластың ішіндегі тіске жеңілі осы команда. Екінші іріктеу кезеңінде Боснияның «Зринскиінен» әзер өтті. Үшінші іріктеу кезеңінде де Исландияның «Хабнарфьордюрін» қиындықпен тізерлетіп, екі ойында да жеңіс голдарын екінші таймда соққан.
Бұлармен біздің «Астана» 2015 жылы да кездескен. Бас турнирдің екінші іріктеу кезеңі болатын. Бірінші ойында бесінші минутта-ақ қақпамызға гол жіберіп алып, 0:1 есебімен ұтылып қалдық. Алайда, «Астана-Аренада» Стойлов шәкірттері нағыз жанкештілік көрсетіп, 3:1 есебімен жеңісті жұлып алды. Тіпті, Роджер Каньястың алаңнан қуылуы да словениялықтарға көмектесе алған жоқ.
Тіске жеңілдеу команда.
ЧЕМПИОНДАР ЛИГАСЫНЫҢ ҮШІНШІ ІРІКТЕУ КЕЗЕҢІ
«Чемпиондар жолы»
«Астана» (Қазақстан) – «Легия» (Польша) 3:1, 0:1
«Славия» (Чехия) – БАТЭ (Беларусь) 1:0, 1:2
«Марибор» (Словения) – «Хабнарфьордюр» (Исландия) 1:0, 1:0
«Вардар» (Македония) – «Копенгаген» (Дания) 1:0, 1:4
«Селтик» (Шотландия) – «Русенборг» (Норвегия) 0:0, 1:0
«Хапоэль» (Б-Ш, Израиль) – «Лудогорец» (Болгария) 2:0, 1:3
«Виторул» (Румыния) – АПОЭЛ (Кипр) 1:0, 0:4
«Зальцбург» (Аустрия) – «Риека» (Хорватия) 1:1, 0:0
«Карабах» (Әзірбайджан) – «Шериф» (Молдавия) 0:0, 2:1
«Партизан» (Сербия) – «Олимпиакос» (Грекия) 1:3, 2:2
«Әлеуетті лигалар өкілдерінің жолы»
АЕК (Грекия) – ЦСКА (Ресей) – 0:2, 0:1
«Ницца» (Франция) – «Аякс» (Голландия) 1:1, 2:2
«Динамо К» (Украина) – «Янг Бойз» (Швейцария) 3:1, 0:2
«Брюгге» (Бельгия) – «Истанбул» (Түркия) 3:3, 0:2
«Стяуа» (Румыния) – «Виктория» (Чехия) 2:2, 4:1