Вернуться к списку статей

Чемпиондар лигасы. "Астананың" келесі қарсыласы кім болуы мүмкін?

Футбол
1K
Чемпиондар лигасы.
«Жақсы сөз – жарым ырыс» деп жатамыз ғой, «Астана» бүгін «Легияны» өтіп, Чемпиондар лигасының келесі кезеңіне жолдама алады деп сенейік. Ал одан кейін елордалықтарды кімдер күтеді?

Мишель Платинидің бізге жасап кеткен жақсылығы ғой, 2009 жылдан бастап Еуропаның Қазақстан, Әзірбайжан, Словакия, Дания, Хорватия, Венгрия сынды елдердің командалары үшін Чемпиондар лигасының топтық кезеңіне жолдама алу жеңілдеді. Өйткені, УЕФА «Чемпиондар жолы» деп Еуропа елдерінің рейтингінде 14-ші мен 53-ші орындар аралығындағы біз сияқты елдер үшін бөлек іріктеу жолын жасап берді. Соның арқасында плей-офф кезеңінде «Ливерпуль», «Наполи», «Севилья» сынды алпауыттармен кездеспейміз. Тіпті, «ЦСКА Мәскеу», «Динамо Киев», «Аякс», «Истанбул» сияқты клубтармен де топтық кезеңге дейін жолымыз түйіспейді.

Сонда «Астана» Чемпиондар лигасының плей-офф сатысына өтер болса, алдынан кімдер кезігуі мүмкін? Дәл қазір үшінші іріктеу кезеңіндеге 20 команданың біреуі плей-офф кезеңіне жолдама алды. Ол – бір апта бұрын өз алаңында Молдованың «Шерифімен» 0:0 есебімен тең түсіп, кеше Тираспольда 2:1 есебімен тізерлеткен Әзірбайжанның «Карабах» командасы. Қалған тоғыз жолдаманың тағдыры бүгін анықталады.

ЧЕМПИОНДАР ЛИГАСЫНЫҢ ҮШІНШІ ІРІКТЕУ КЕЗЕҢІ

«Чемпиондар жолы»

«Астана» (Қазақстан) (96) – «Легия» (Польша) (61) 3:1

«Славия» (Чехия) (185) – БАТЭ (Беларусь) (82) 1:0

«Марибор» (Словения) (91) – «Хабнарфьордюр» (Исландия) (219) 1:0

«Вардар» (Македония) (262) – «Копенгаген» (Дания) (52) 1:0

«Селтик» (Шотландия) (64) – «Русенборг» (Норвегия) (154) 0:0

«Хапоэль» (Б-Ш, Израиль) (133) – «Лудогорец» (Болгария) (50) 2:0

«Виторул» (Румыния) (246) – АПОЭЛ (Кипр) (69) 1:0

«Зальцбург» (Аустрия) (39) – «Риека» (Хорватия) (104) 1:1

«Карабах» (Әзірбайжан) (90) – «Шериф» (Молдавия) (141) 0:0, 2:1

«Партизан» (Сербия) (124) – «Олимпиакос» (Грекия) (29) 1:3.

Екінші жақшада командалардың УЕФА рейтингіндегі орындары көрсетілген. Байқасаңыздар, осылардың ішінде 11-ші сатыда тұр. Бірақ, Чемпиондар лигасының плей-офф кезеңіне жеребе тарту барысында рейтингі жоғары бесеуі «еленген себетке» орналасады да, рейтингі төмендері «еленбеген себетке» жайғасады. «Астана» әзірге «еленбеген себетте». Яғни, біз келесі кезеңде жоғарыда көрсетілген командалардың ішінде рейтингі өзімізден жоғарылармен кездесеміз. Рейтингі біздікінен төмендермен кездесу үшін алдымен бүгін Варшавада өзіміз жеңіске жетіп, сосын рейтингтегі кем дегенде бес бәсекелесіміздің сүрінгенін күтеміз.

Бұл тұрғыда айта кетейік, рейтингі біздікінен төмен командалардың ішінде плей-офф кезеңіне шығуға бірнеше команданың мүмкіндігі бар. Атап айтсақ, Чехияның «Славиясы» бірінші ойында өз алаңында БАТЭ-ні 1:0 есебімен жеңген. Дәл сондай есеппен Македония чемпионы «Вардар» да азулы «Копенгагенді» тізе бүктірген. Сол секілді Румынияның «Виторул» командасы да Кипрдің «АПОЭЛ»-ін ұтқан. Ал Израильдің Беэр-Шева қаласының намысын қорғайтын «Хапоэль» өз алаңында Болгарияның «Лудогорецін» 2:0 есебімен ұтқан.

Дегенмен, алдымен «Астана» үшін Варшавадағы ойында тақым қысайық. «Легияны» өтіп алған соң бұл тақырыпқа қайта оралармыз.

Автор: Әзиз Жұмаділ
Яндекс.Метрика