Вернуться к списку статей

«Қайрат» «Скендербеуден» ұтылып, Еуропа лигасынан тыс қалды

Футбол
1K
«Скендербеу» (Албания) – «Қайрат» – 2:0. Фото: fckairat.com
«Қайрат» Еуропа лигасының екінші кезеңінде қарымта кездесуін өткізіп, Албанияның «Скендербеу» клубынан 0:2 есебімен ұтылып қалды.

Литваның «Атлантас» клубының қақпасына сегіз гол (екі ойында) соққан «Қайрат» Корчада «Скедербеудің» қақпасына доп сала алмай, пұшайман болды. Алғы шепте ойын өрнегі үйлеспеді. Қазақстан чемпионатында қолды-аяққа тұрмайтын жартылай қорғаушылары мен шабуылшысы Албанияда білгендерінен жаңылды.

Алматы клубының бас бапкері Кахабер Цхададзе бұл ойында қорғанысына көп көңіл бөліпті. Орталық қорғаушыларына Қуат пен Элек көмектесіп жүрді. Әйтсе де, «Қайрат» өз қақпасына екі гол жіберіп алды. Әсіресе, бірінші гол соғылғанда, бірнеше қораушысы мен қақпашысының Сабиен Лиляйға ие бола алмағандары “қызық” болды...

Бұдай кейін алаң иелерінің бір ойыншысы (әлгі сол Лиляй) алаңнан қуылған. Өкінішке қарай, «Қайрат» артық құрамда ойнаса да, «Скендербеудің» қорғанысын бұза алмады. Таразы басын теңестірсе, жігерленіп кетер ме еді?! Бірақ Алматы клубы алғы шепте ештеңе істей алмай, дал болды...

Сөйтіп, амалдары таусылып жүріп, екінші голды жіберіп алды. Тағы да легионер қорғаушылары кеш қалды... Мұны аз десеңіз, ойын соңында орталық қорғаушысы Сезар Арзо алаң иелерінің бір ойыншысын түйіп қалып, алаңнан қуылды. Яғни жүйкелері сыр бере бастады.

Осындай, жағдайлары тығырыққа тірелген сын сағатында «Қайрат» сапында команданы жігерлендіретін, алға сүйрейтін ешкім болмады. Мақтаулы жұлдыздарының бәрі көзден таса болды. Жанкештілік пен қайсарлықтың үлгісін көрсетер ешкім болмады. Құдды, бәрі бір-біріне сеніп жүргендей...

Сонымен, «Қайрат» ұтылды. Деңгейінің жоғары екендігін іс жүзінде көрсете алмады. Бәрі де қағаз жүзінде қалды. Жасыл алаңда жан ұшырған «Скендербеудің» жанкешті жігіттеріне қарсы қайрат көрсете алмады. Тек Қазақстан чемпионаты мен кубогында бапандай көрінетіндіктері жанкүйерлерді күйдірді...

Міне, екі жыл болды, Еуропа лигасының екінші сатысынан аса алмай жүр. Құдды, бас бапкерінің деңгейі осы ғана сияқты, ма қалай?.. Команда құрам осал емес, ылғи – ығаймен сығайлар. Бірақ Еурокубок додасында таулары шағылып, жанкүйерлерін жасытып жүр...

«Скендербеу» (Албания) – «Қайрат» (Қазақстан) – 2:0 (0:0)

Голдар: Лиляй, 50. Пляку, 83.

Ескертулер: Лиляй, 28 – Элек, 59. Қуат, 90.

Алаңнан қуылғандар: Лиляй, 75 (екінші ескерту) – Арзо, 86.

«Скендербеу»: Шехи, Мици, Яшаница, Радаш, Вангели, Лиляй, Аденийи (Пляку, 46), Таку (Дита, 90), Нимага, Османи (Музака, 71), Лятифи.

«Қайрат»: Покатилов, Ахметов (Иличевич, 69), Бато, Арсо, Сүйімбаев, Қуат, Элек, Исламхан, Исаэл (Анене, 78), Аршавин, Гоу.

Төрешілер: Мое, Ларсен, Бориц (бәрі де – Дания)

20 шілде. Корча. «Скендербеу» стадионы.

Бірінші матч – 1:1.

Ойынның қысқаша статистикасы:

Соққы: 10 – 7
Тура соққы: 4 – 3
Қиыс кеткені: 6 – 2
Тойтарылғаны: 0 – 2
Бұрыштама соққылар: 5 – 0
Офсайдтар: 2 – 2
Ескерту (сары қағаз): 2 – 2
Алаңнан қуылғандар (қызыл қағаз): 1 – 1
Ереже бұзу: 9 – 12

Автор: Нұрғазы Сасаев
Яндекс.Метрика