Вернуться к списку статей

«Ертіс» өз алаңында «Црвена Звездамен» тең түсті

Футбол
1K
«Ертіс» – «Црвена Звезда» (Белград, Сербия) – 1:1. Фото: fcirtysh.kz
Павлодардың «Ертісі» Еуропа лигасының екінші сатысындағы бірінші ойынын өз алаңында өткізіп, шежіресі мол «Црвена Звездамен» тең түсті.

Алаң иелеріне алыстан жол соғып келген «Црвена Звезда» клубын жеңуге де болушы еді. Серб клубы спорттық баптарына әлі келе қоймаған сияқты. Бірақ тәжірибесі мол команда ғой. Дес бермеді. Тіпті жеңісті өңгеріп кете жаздады. «Ертіс» соңғы секундтарда ғана есепті теңестірді.

«Ертістің» де шиыршық атып тұрғаны шамалы. Бір аптаның ішінде үш ойын өткізді. Бұл оңай емес, әрине. Павлодар клубының қосалқы құрамындағы ойыншылары да көп емес. Тынығып үлгермегендері байқалады. Жылдамдықтары жоғары болмады. Тез шабуыл ұйымдастыра алмады.

Жалпы , бұл ойында екі гол да пенальтиден соғылды. Әуелі Румыния төрешісі Мариуш Аврам «Ертістің» қорғаушысы “ойын ережесін бұзды, қонақтардың шабуылшысын шалып құлатты” деп, алаң иелерінің қақпасына 11 метрлік айып соққысын берді. «Црвена Звезда» ойыншылары есеп ашып, қуанышқы кенелді.

Бұл жерде «пенальти болды ма, болған жоқ па» деп, даурығудың қажеті жоқ сияқты. Өйткені, қорғаушылардың аңдаусызда қателесіп, жаза басқандары анық. Осылай, алаң иелері ойламаған жерден гол жіберіп алды. Өкінішті, әрине.    

«Ертістің» жігіттерін бұл пенальти сең соққандай күйге түсірді. Олар ашу-ызаға булығып, жиі қателесе бастады. Ескерту алғандары да бар. Димитар Димитров жағдайды түсіне қойып, екі ойыншысын алмастырды. Ойынға тың күш қосты. Осыдан кейін «Ертіс» шабуылдай бастады...

Матчтың негізгі уақытына қосылған қосымша минуттар да аяқталуға айналғанда қонақтардың қорғаушысы қателесіп, допты қолымен қағып жіберді. Пенальти! Стефан Живкович мұндай “сый-сыяпатты” мүлт жібермейді

Сөйтіп, таразы басы теңесті. Тым жаман нәтиже емес. Қарымта матч бір аптадан кейін Белградта өтеді. «Ертіс» – түзде жақсы ойнайтын команда. Кім біледі, бағы жанып, «Црвена Звезданы» да жолынан тайдырып, тақырға отырғызып кетер...

«Ертіс» – «Црвена Звезда» (Белград, Сербия) – 1:1 (0:0)

Голдар: Боакье, 51-пенальтиден (0:1). Живкович, 90+3-пенальтиден (1:1).

Ескертулер: Стаменкович, 52 – Срнич, 16. Стойкович, 36. Доналд, 73.

«Ертіс»: Лория, Кислицын (Шабалин, 85), Дәуітов, Маслач, Стаменкович, Живкович, Родриго, Гетериев, Калинин (Дарабаев, 77), Фонсека, Бугаев (Фофана, 78).

«Црвена Звезда»: Манойлович, Стойкович, Савич, Ле Таллек, Анджелкович, Йовичич, Доналд, Срнич, Рикардиньо (Руис, 84), Канга (Милияш, 63), Боакье (Рачич, 90).

Төрешілер:  М.Аврам, В.Аврам, Орбулет (бәрі де – Румыния)

13 шілде. Павлодар. «Орталық» стадион.

Ойынның қысқаша статистикасы:

Соққы: 9 – 16
Тура соққы: 7 – 6
Қиыс кеткені: 2 – 5
Тойтарылғаны: 0 – 5
Бұрыштама соққылар: 6 – 8
Офсайдтар: 0 – 1
Ескерту (сары қағаз): 1 – 3
Ереже бұзу: 15 – 14

Автор: Нұрғазы Сасаев
Яндекс.Метрика